Мұхтар Тайжан игерілмей жатқан жерлерді шеттегі қазақтар үшін сақтап қоюды ұсынды

Бүгін Астанада жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында экономист, қоғам қайраткері, комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан игерілмей жатқан жерлерді әлі Қазақстанға орала алмай жүрген қандастарымызға сақтап қою туралы ұсыныс айтты.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

«Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылдауға әбден дайынбыз», - деген ойын айтты Тайжан.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста шекарадағы жер мәселесі, жерді өз азаматтарымызға жалға беру мәселесі және жайылым мәселесі қаралды.

«Бірақ ары қарай біз демографияны ұмытпайық. Біздің солтүстікте адам аз. 10-15 жылдан кейін мүлдем азайып қалады. Сондықтан, жер мәселесін талқылаған кезде осыны ұмытпайық. Кейбір әріптестеріміз біздің игермей отырған жерлеріміз көп деп жүр. Мынаны ұмытпайықшы. Шетелде 5 млн қазақ отыр. Бүгін бе, ертең бе сол қазақтар елге оралады. Осыны ұмытпайық. Игерілмей қалған жерлерді сол қандастарымыз үшін сақтап қояйық»,  -деді Мұхтар Тайжан.