Данияр Елеусінов елбасыға алтын медальмен ораламын деп уәде берді

Бүгін Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевтың Рио Олимпиадасына баратын спортшылармен кездесуі барысында боксшы Данияр Елеусінов алтынмен оралуға уәде берді.

Данияр Елеусінов елбасыға алтын медальмен ораламын деп уәде берді

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

«Аса мәртебелі елбасы! Сіздің сөзіңіз бізге қуат берді. Оны біз алтынмен өтеуге тырысамыз. Біздің боксшылар Олимпиададан ешқашан жүлдесіз оралған емес. еліміз жазғы Олимпиадаларда жеңіп алған 52 медальдің 17-сі былғары қолғап шеберлерінің үлесінде және оның алтауы алтын. Ел қоржынына ең көп алтын медаль салған да, ең көп алтын алған да боксшылар. Біз мәңгілік еліміздің көк туын әрқашан биік ұстаймыз. Ол әлемдегі ең биіктерге желбіреуге лайық ту», - деді боксшы.

Осы ретте Елеусінов Олимпиада алтынын алған спортшыны президентінің қоңырау шалып құттықтайтындығын, бұған әлем спортшылары қызыға да, қызғана қарайтындығын атап өтті.

«Қазақстан әлемдегі әрбір спортшысына әкелік қамқорлық жасайтын президенті бар бірден-бір мемлекет. Біз сіздің сеніміңізді ақтаймыз. Көк туымызды олимп шыңында желбіретуге бар күшімізді саламыз», - деді ол.