БЕЛОРУСИЯ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАСЫНАН ОРЫС ТІЛІН АЛЫП ТАСТАДЫ. Теңгеден қашан алынады?..

2090

Шілденің 1-і күні Беларусия  ресми түрде ұлттық валюта бірліктеріне деноминация жасады (Деноминация (экономикада) –  бұл қағаз ақшаның бағалы кағазға өзгеруі; көбінесе елдің ақша бірлігінің іріленуі және ескі қағаз ақша белгілерінің ақша қатынасын реттеу мақсатында жаңаға нақты сәйкестендіру бойынша ауыстыру).

2000-шы жылдары қолданысқа енгізілген Беларусияның ескі ақшасы енді айналымнан шығады. Оның орнына 4 нөлдік көрсеткіші қысқарған немесе сомасы іріленген жаңа беларусь ақшасы қолданысқа енгізіледі,-деп хабарлайды «dw.com» порталы. Сондай-ақ, енді Белорусия Ұлттық банкі қағаз ақшамен қатар, тиын ақшаларды да пайдаланатынын мәлімдеді.

Белорусия Ұлттық банкінің хабарлауынша, қолданысқа енген банкноттар 7 номинал бойынша қағаз және 8 номинал бойынша тиын болып бекітілді.

Әрбір банкнотта Белорусия Республикасының облыстары бейнеленген екен. Мысалы, Брест, Витебск, Гомельск, Гродненск, Минск және Могилевск облыстары Ұлттық валютада керемет көрініс тапқан.

Ескі әм жаңа одақтасымыздың (Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақ) бірі – Белорусия Республикасы қолданысқа енгізген ұлттық валютасының ең басты ерекшелігі – осыған дейін болғандай, орыс тілінде бірде-бір сөз жазылмаған. Осылайша Белорусия ресми валютасынан орыс тілін алып тастаған. Ал ескі ақша 2016 жылдың желтоқсан айына дейін қолданыстан толық шығарылмақ. Бұл Белорусия Республикасының 1991 жылы Егемендік алған уақытынан бергі үшінші рет жүргізіп отырған деноминациясы.

Егемендіктің 25-інші жылында Белорусия Республикасы ұлттық валютадағы орыс тілінен біржолата бас тартты.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Белорусия славян тобына жататын, орыс халқымен жақын туыс ұлт болып келеді. Және қазіргі таңда Белорусия азаматы ретінде тіркелген 9,5 миллион халықтың 9,8 пайызын орыс ұлты құрайды.

ЕАЭО және КО аясында одақтасып отырып-ақ, Белорусияның осындай қадамға баруы, қос интеграция аясында қысым жасап, менбілемдік саясат жүрігізіп отырған Ресейдің агрессиясы күшейетін болса, кешегі ЕО-дан бір-ақ күнде шығып кеткен Ұлыбриятания секілді ЕАЭО-дан бөлініп кетуге қауқарлы екендігін көрсетсе керек.

Ал Тәуелсіздігі Белорусиямен түйдей құрдас Қазақстанның Мемлекеттік валютасында әлі күнге сыңарласып келе жатқан Ресейдің мемлекеттік тіліндегі жазуды құртуға құзырлы билік құлықсыздық танытып отырғаны жасырын емес.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz