Назарбаев жерді сату мен жалға беруді тоқтататын заңға қол қойды

photo_27211

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жеке нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz  тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қабылданған заң "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 жарлықты іске асыруға бағытталған.

Заңмен "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңының қолданысы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысы тоқтатылады, оларға сәйкес 2016 жылдың соңына дейін: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалдау шарттарымен шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын заңды тұлғаларға; мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне меншік құқығы берілмейтін болады.

Дерек көзі: tengrinews.kz