ОРАЗАДАҒЫ ОҢТҮСТІК САПАРЫ

 

"Ақ жол" партиясы Оңтүстікте болып, Түркістанда ауызашар берді

Түркістан Ақ жол 1 "Ақ жол" партиясы  басшылығы қасиетті Рамазан айында жылдағы дәстүрі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі орындарға зиярат етті. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембінов, партияның ревизиялық комиссиясы төрағасы Болат Өтепбаев,  "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары - Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Анарбек Орманов және т.б. партия белсенділері сапарын алдымен сансыз бапты Сайрам ауданының орталығы Ақсукент қаласының мал базарынан бастады. Елдің жағдайын білу үшін базарына бар дегендей, таңғы сағат 10-дардың өзінде мал базары қайнап жатыр екен. Есіктен сүйрелеп шығарып келе жатқан салмағы 20 кг болатын тоқтылардың бағасын сұрағанда 14-15 мың теңге тұратынын айтты алушы.  Салмағы 40 кг тартады деген дәу қазақы қошқарды жетелеп келе жатқан кісі 32 мың теңгеге сатып алыпты. IMG_6973 Базарда ұсақ малдар бір бөлек, ірі қара бір бөлек, жылқылар бір бөлек үйіріліп тұр екен. Биыл жауын-шашын мол болып, шөп қалың шыққасын ба, малдың бәрі қоңды көрінді.  Қазығында тыпыршып ойнап тұрған қарагер жылқыны иесі таңертең ғана 315 мың теңгеге сатып алғанын айтты. Біздің ішіміздегі жылқышының баласы, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембіновтың "Мынау көкпарға шауып жүрген ат қой" -деп қатты қызыққанын көріп, ат иесі, "Аласыз ба, қайта сатып жіберемін" деп елп ете қалды.  "Бұлар сатып алып, бағасы келіссе, үстіне қосып қайта сатып жіберетіндер ғой" деді Шымкент базарының жай-күйін жақсы білетін Анарбек Орманов. IMG_6962 Азат Перуашев базардағы елмен сөйлесіп, халықтың жағдайын сұрастырды. Танымал саясаткерді көрген ел де арыздарын айтып қалуға тырысты.  Жылқыларды түгендеген  Берік Дүйсембінов ат әбзелдерінің саудасын жүргізді. Жалпы, Оңтүстікте  мал бағасы арзан екен. Түстен кейін Түркістан бағытына жолға шыққан ақжолдықтардың қатарына Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы орынбасарлары Құдияр Ыбыраев пен  Нұржан Әбілдаев қосылды. Бесін ауа  Шәуілдір кентін кесіп өтіп, Арыстан бап кесенесіне келіп жеткен топ  қасиетті орынға құран бағыштап, зиярат жасады.  Содан соң Түркістан шаһарына келіп жетіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралады.  Әзірет Сұлтанға,  Есім хан, Абылай хан мен осында жатқан Қаз дауысты Қазыбек би бастаған би-шешендер, батырларға құран бағыштады. Азат Перуашев қасына арнайы ертіп келген ұлы Әнуар Азатұлына кесене тарихын баяндап, бабалары  Бөгенбай батырдың осында жатқанын айтты.  Қазақтың барлық игі жақсылары жатқан кесенеде бас қолбасшы, даңқты бахадүр Бөгенбай батыр  107-ші болып тізімделіпті. Содан соң ақжолдықтар Түркістаннан 40 шақырымдай  жердегі ежелгі Сауран қаласының қорғанына барды. IMG_6993 Сауран  Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. "Қазақ мәдениеті" энциклопедиялық анықтамалығында  Сауранның  ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланғаны жазылады. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа қарай 800 метр,  солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр, мәдени қабатының биіктігі 2 метр. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді. Шамамен 10 ғасырдай бұрынғы тірі тарихты көргенде ерекше толқынысқа бөленеді екенсің. Қазіргі кейбір кеудемсоқ менмен мемлекеттердің  Алтын Орда мен Ақ Ордаға астана болған Сарайшық, Сауран,  Түркістан қалалары салтанат құрып  тұрғанда әлі мемлекеттігі де анықталмай, шашырап, шашылып жүрген ұсақ княздықтар болғанына қарап, бабаларымыз неткен құдіретті  болған деп, кеудеңді  мақтаныш кернейді. Жалпы, Арыстан бапқа түнеп, Түркістаннан тілеп келген зияратшы ел міндетті түрде Сауран қорғанына да соғып кетуі керек екен деген ойға қалдық. IMG_7002 Түрік ағайындар салып берген Ахмет Яссауи  мешітінде "Ақ жол" партиясы берген ауызашарға қаланың зиялы қауымы мен ораза ұстаған намазхан қауым қатысты.  Жалпы, партия жылда Рамазан айында Түркістан мен Ерейментауда ауызашар беріп, жылда Ұлыстың ұлы күні осы екі қалада Наурыз көже беріп келе жатқаны белгілі. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасарлары, Қазыбек Иса,  Анарбек Орманов және жергілікті ел ағалары жамағатты қасиетті Ораза айымен құттықтап, мешіт имамы уағыз айтты. Ел мұнда да ақжолдықтарға  ақ тілектері мен арыз-аманаттарын айтып қалып жатты. Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болып, тұтқан Оразаларыңыз қабыл болсын! Ертеңгі Қадір түні Алла жар болып, барлық тілеген дұғаларыңыз бен арман-мақсаттарыңыз орындалғай! Келе жатқан Ораза  Айт құтты болсын, ағайын! Әзірет ЖАРЫЛҚАСЫН,  qazaquni.kz IMG_6959 IMG_6970   IMG_6958   Түркістан Ақ жол   IMG_6986   IMG_6981   IMG_6989   IMG_6994   IMG_7007   IMG_6996