Олжас Сүлейменов. АЛАПАТ СЫНАҚТАР АЙМАҒЫ

Бөлісу:

 

1

АЛАПАТ СЫНАҚТАР АЙМАҒЫ

Делқұлды державалардың көрді екен біздей кім алдын,

Жетесіз дүние!

Қазақтың жеріне келіп сыналдың!

Крестен басқа түк өспей,

Топырағым іштей тынады.

Тарасты сынап осында,

Достоевскийді де – сынады…

Түрменің сымы елестер:

«Қазақстан қайсы ?» десе егер,

Петроград, бізді кеше гөр,

Ленинград, сен де кеше гөр!

Көшпелі жұртым осында:

Әшекейді әлем әр түсті.

Түрксібке кел әуелі – түсіну үшін Марксті!

Қазақ боп тумай жалғанда,

Туғанда бөтен тауларда,

Бөгде бір жерде мал бағып,

Бөгде бір әнге салғанда, —

Балық боп ақсаң тоғанмен,

Заманның зілді кәрі бұл,

Жезқазған жаққа вагонмен әкелер еді –

Бәрі бір!

Кешіңдер бізді,

Қаталдау – солтүстік терістігіміз.

Бес Франция сиятын керемет кеңістігіміз!

Монмартрсыз,

Һәм Луврсыз о, жұмбақ, мынау ел нендей,

Бас бұзар Бастилиялар осында көшіп келгендей!

О, дала!

Бауырым…

Жатырмысың!

Көрінбей көзге шетің де,

Ұлы ГУЛАГ боп жатырсың – саяси карта бетінде!

Сыналып дауыл жаңбырмен

Жаудың алдында тұрғанбыз,

Алысып жүріп тағдырмен,

Айдауда туған ұлдармыз!

Зұлмат дүние түнеріп біз жаққа қарап тұрады:

Күшігін көкке жіберіп –

Жердің серігін сынады….

Сынақтар бітсе гүлденер,

Сайрар-ау сонда сырлы әнмен.

Космодром – Дала – түрмелер – шаңдылған темір сымдармен!

Держава!

Қызыл туыңды төбесіне ұстап дұшпанның,

Сыналған күллі ұлыңды –

Ұлы де Қазақстанның!

Тылсым сыр-шоқыларымыз,

Шөптің де қанды-тамыры,

Басатын топырағымыз –

Бауырластардың Қабірі…

Күйіне келіп,

Сүйіне –

Кетер де баспай құмарды,

Осынау ұлы Дүние –

Өзіңе келіп сыналды!

Шаршадың дем ал, ұлы Ана,

Тынықсаң көңілің тына ма?

Ешкімді енді сынама,

Бомбаны да енді сынама…

Аударған Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

АЙНАЛАЙЫН

Ала-құла әлемді жағалаймын,

Үй-күйді де қажет деп санамаймын.

Сәті түссе түкке де қарамаймын,

Африка, Франция, Азияны аралаймын.

 

Қалтам тесік, тиын жоқ — міне, саған…

Тиын тапсам – құйғытып тұра шабам!

Жиһангермін, ең соңғы ордалықпын,

Ұрпағымын көшпелі өр халықтың!

 

Аяғымыз батысқа қарап мәңгі

Жатырмыз біз қырында торғауыттың.

Ноғай, бұлғар, қазақтың қосындары,

Жер шетіне ұмтылды, тосылмады,

 

Азияны Батыстың батысына

Баламады, ешкімге бас ұрмады.

Шүршіттің теңізінің шығысында

Батыс барын білген жоқ,

Хас ұлдары,

Аяғымен батысқа қарап жатыр…

Ақ дидарын топырақ жасырғалы…

 

Айнала бер, Жер-Ана, айналайын,

Сен дегенде батамын ойға дәйім,

Сырқатыңның барлығын өзіме алып,

Сенімен мен де бірге айналайын!

 

ҚЫСТАУҒА КӨШУ

Сүмбіле жұлдызы –

Гүл жарып жарқырағанда,

Үйір-үйір биенің саумалы сарқырағанда,

Кең даламның көгінен

 

Қаздар ұшар тобымен;

Түн қойнында қаңқылдар

Қайғы-мұңды саздарын,

Қайран менің байқұс аппақ қаздарым.

 

Мынау келген боқырау,

Өріс-тебін – тоқырау,

Аттан, қыпшақ…

Арқырап…

Өлсін менің өз қолымда жарқырап,

Сүмбіле жұлдызы.

 

* * *

Шыңғыстауға жақын оның моласы…

 

Сарғалдақпен шегеленген төбесі.

Аш жалаңаш, жүдеу жандар, өлесі,

Кермек әнді бір мырс ете сіміріп,

Бұл бейітте бас қосады неге осы?

Толқиды шөп тербеліп,

Гүл сарғаяр шерленіп,

У секілді, қарашы…

Шыңғыстауға жақын оның моласы…

 

АРҒЫМАҚ

Ей, дешті-қыпшақ даласы,

Даңқың шыққан табынмен.

Үйірлерді қарашы,

Жүзіп жүрген сағыммен.

 

Бір асауды бер маған,

Тамырым тұр бұлқынып.

Дөңгеленсін жер-ғалам,

Қала, дала ұмтылып.

 

Арғымақтың қанының

Ыстық отын жел үрсін.

Тұяқтардың шаңы мен

Өртенген шөп өрілсін.

 

Шабысымен мына аттың,

Шабуыл салып шығайық.

Дүбірімен тұяқтың

Жолды беттен ұрайық!

 

ЛУВР

Мен сені сүйем, Франция.

Басқыншы дейтін қатал күш

Френг деген атыңмен сенің аталмыш.

Нояндарыңды бабамыз біздің шылбырмен ерден сүйретіп,

Қабырғаларын күйретіп,

Зерлеулі кіреукесіне

Зер салған көзін үйретіп.

Мен болсам, міне, залдарды жүрмін кезіп бос,

Гауһар тастарға қараймын жиі кезікпес.

Таңырқап қоям: «Қайдасың, менің Азиям?

Асыл тастарға айналдың ба екен, әз ұям?

Семсердің мынау жүзіндемісің сен әлде,

Өзіңе қарсы соғылған сол бір әлемде?

Қосөзенге сен жеттің де бір кез өшті үнің,

Келеді бүгін ұраныңды қайта естігім.

Батысты тағы бағындыратын жан бар ма

Семсерсіз барып?

Жаулайтын мынау залдар ма?..» 

Аударған Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

«Ұлт порталы»

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 6 пікір жазылған

  1. Әбіл Жәкен 29 Маусым, 2016 02:09 Жауап

    Серік Ақсұңқарұлы мен Ұлықбек Есдәулет «Олжасқа табын, Жер, енді!» деп дастан жазуға кірісіпті деп еді, рас екен. Жарасқан Әбдірәшев жарықтықтың: Олжас өлеңдерін Қадыр аудармалары арқылы аздап түсіне бастадым, дегені бар еді, мына 2 ақын Қазақстандағы орыс поэзиясының тарихында ғана қалатын көкелерін қазақ поэзиясының көгіне жұлдыз етуге құлшынып жүр екен-ау!.. Президенттің досын насихаттау, рас, өте пайдалы. Бұндайда Азамат болу мен ақын болудың мән-мағынасын ажыратып әуре болу да, Олжас Сүлейменовтің азаматтығы ақындығының көлеңкесінде екенін ескеру де керек емес… Ол қазаққа қарсы пиғылда қаншама сөз айтты, – оның бәріне қазақ, орыс саясаткерлер, журналшылар, жазушылар дөп жауап қайтарып, әшкереледі. Әлі де солай болады, Алжас Амарович! Мына 2 ақынға Олжастарының азаматтығы туралы екі ғана мысал айтайын. Кезінде «Казахская правда» гәзетінің редакторы профессор Алдан Айымбетов Олжас әуелде заты болып, кейінде аты да өшкен «Қазақстанның халық конгресі» партиясының Бағдарлама жобасынан «Возрождение казахской нации» деген бапты алдырып тастаған сәтте ақынға қарсы атылып: «Такая антиказахская партия казахам не нужна!» дегенін жазған болатын. Ал Семей обкомы насихат бөлімінің басшысы Владимир Пигаваев «Олжас – мой друг, но истина дороже» деген мақаласында ақынның Семей полигонына қарсы күресі туралы сөздерінде өтірік көп екенін тізіп айтып берді. Ең сұмдығы – «Невада-Семей» қозғалысында арнаулы қор құрып, полигоннан зардап шеккендерге, басқа да мұқтаждарға көмек беруге деп екі жылда үкіметтің көмегімен, басқа да сухитты жолдармен 10 миллиард доллардан астам жинап алып, одан семейліктерге 1 доллар да бермей: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов… бар бәрі өзара бөліске салған. Полигон қасіретінен қайтыс болған жүздеген адамның отбасы, мүгедек болған мыңдаған кәрі-жас зәру қаржыны талапайлаған түйсіксізді Азамат деуге болар ма?! Олжастың етегіне намаз оқитындар: «Ол білмей қалды» деседі. Өзі де солай сайрады. Тәуелсіз Қазақстандағы сол бірінші ұйымдасқан жемқорлықты әшкерелеген комиссияның (Қаржы министрлігінің Бақылау-тексеру басқармасы) 1993-жылғы қараша айында жасаған актісінде Сүлейменовтің президент досына: «Бізді тексеріп, бухгалтериялық құжаттарды алып қойып, жұмысымызға кедергі келтіріліп жатқалы 4 ай болды, тоқтаттырыңыз!» деп жазған хаты тіркеулі. Міне, «тесік қалта» ақын осындай «тарихи ерлік» жасады. Досынан Еңбек Ері атағын алған ақынның жариясыз миллиардер екенінде дау жоқ деуге болар. Өз атында баспа ашты, қарындастарына медициналық орталық ашып берді. Өзге «ұсақ-түйегінде» есеп жоқ. Насихаттаңдар, осындай «азаматты», өздеріңнің азаматтықтарыңа да үлгі етіп. :oilanu:

  2. Есенғали, Антакиядан 29 Маусым, 2016 06:31 Жауап

    Насихаттаңдар, осындай ұлтынан безген космополит «азаматты» ! Бұл Қазыбек інім басқаратын портал ма, әлде мен жаңылысып басқа порталға кіріп кеттім бе екен ? !
    :oilanu: :zhlau: :oilanu:

  3. Әділ 29 Маусым, 2016 10:05 Жауап

    Сықақшы Ғаббас Қабышевтің Олжасқа қарсы қиқы-шойқы жазбаларынан құралған «аргументтеріңе» болайын!..

  4. Әбіл Жәкен 29 Маусым, 2016 14:49 Жауап

    Әділдіктен жұрдай «Әділ», қазақ пен орыс, неміс пен еврей бар он шақты журналшы жазған сын мақалада Ғаббас Қабышұлының сенің Олжасыңа: «Сен Кешірім Бозтаевтың аруағынан аттаған сайын мен сені сол үшін сынап жазатын боламын!» деп ашық ескерту жазғанын және айтқанын орындап келе жатқанын білетіндей саңлауың бар шығар? Сенің «ұлы» ақыныңнан – Алжас Амаровичыңнан сескенбеген кісі сендей ұлтарақтардан шошынып жүр дейсің бе? Басқаға сырттай шаптықпай, Алжасыңнан айналып тыныш жүрсеңші! :kulki:

  5. Есенғали, Антакиядан 29 Маусым, 2016 15:20 Жауап

    Әділдіктен аттап кеткен, әділсымақ !
    Сенің Алжас Амаровичің «сүттен ақ, судан таза» болса, Ғабағаны сотқа беріп, неге ол ақсақалды түрмеде шірітпейді ?
    Бере алмайды, себебі – арты таза емес.
    :kulki1: :kulki: :kulki1:

  6. Әбеке 2 Шілде, 2016 14:19 Жауап

    Олжас – шіріген бір жұмыртқа, оны қазаққа енді насихаттаудың ешқандай пайдасы жоқ.Ол, Қазақстан тәуелсіздік алған бойдан, өзінің кім екенін көрсеткен адам, сол ұстанымынан енді көрге барып айнымаса, бұл пәни дүниеде бас тартпайтынын жақында тағы дәлелдеді.Қазақ Алжасты әлдеқашан орысқа садақаға берген.Ата-бабамыздың дәстүрі бойынша, қазақ 40 жыл күніне 40 мың жақсылық істегеніңді емес, қас-қағым сәтте қазаққа тигізген зияныңды сұрайды.Өлеңдерін қазақшаға аудартып, әлеуметтік желіде жариялауы – қазақ мені кешіре ме екен деген есек дәме,»Сасқан үйрек артымен жүзедінің» керІ.Алжасқа айтар ақылым, есің бар да, тезірек еліңе , яғни Ресейіңе кет.Ендігі жерде сенің шүлдірлеген тіліңді, зиянды әрекеттеріңді қазақ керек етпейді, олар саған Өз еліңде – Ресейде қажет болады.Так что, прощай великий русский поэт!

Пікір немесе жауап жазу

5 × бір =