ЕҚДБ тұңғыш рет қазақстандық газ жобаларын қаржыландырады

ЕҚДБ тұңғыш рет қазақстандық газ жобаларын қаржыландырады   Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Президенті Сума Чакрабарти мен «ҚазТрансГаз» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев Астанада газ саласындағы бірнеше қазақстандық жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Қол қойылған құжаттарға сәйкес ЕҚДБ «ҚазТрансГаз» АҚ 294 миллион евро бөледі. Қаражаттың бір бөлігі «Бозой» жерасты газ қоймасының қуатын 4 миллиард м3 дейін ұлғайту, оның сенімді, қауіпсіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында оны реконструкциялау мен жаңғыртуға жұмсалатын болады. Қосымша сақтау көлемдері жаңа экспорттық бағыттар бойынша газ жеткізуге қажетті энергетикалық резерв құруға және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЕҚДБ екінші жобаның шеңберінде Маңғыстау және, Ақтөбе облыстары елді мекендерінің газ тарату желілерін жаңғырту, реконструкциялау және жаңадан салу жөніндегі жобаларды іске асыру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ға 52 миллион евро бөледі. Бөлінген қаражатқа аталған облыстардың елді мекендерін газдандыру, ескірген газ желілерін жаңарту жүргізіледі. Тұтас алғанда, табиғи газ тұтынушылар саны 12 мың абонентке ұлғаяды. Бұдан басқа, жобаны іске асыру және өңірдің негізгі өнеркәсіптік объектілерін экологиялық отын түріне көшіру өндірісті ұлғайтуға және экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Кредиттік келісімдерге қол қою барысында ЕҚДБ Президенті Сума Чакрабарти былай деп мәлімдеді: «Біз Қазақстанмен бірге „Жасыл“ экономика тетіктерін әзірлеу бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп жатырмыз, өйткені неғұрлым таза энергия көздеріне көшу жедел нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Газ көмірмен салыстырғанда неғұрлым таза энергия көзі болып табылады және жаңартылатын энергия көздерін толықтыруға мүмкіндік береді. Біз ҚазТрансГаз компаниясымен ынтымақтастықтың басталғаны үшін және болашақ орнықты экономикаға қарай осындай маңызды қадамдар жасай отырып, Қазақстанмен тығыз әріптестігімізді жалғастырып отырғанымызға қуаныштымыз». «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев: «Осы келісім Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың газ саласының алдына қойған міндеттерді шешуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда бізде ең озық газ тасымалдау жүйесі бар. Біз магистральдық газ құбырының ұзындығы бойынша да, табиғи газдың негізгі транзиті бойынша да Орталық Азияда алдыңғы орында тұрмыз. Барлық жаңа жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталған. Өткен жылы ғана „ҚазТрансГаз“ ең ірі екі жобаны іске асырды, олар: „Қазақстан-Қытай“ магистральдық газ құбырының үшінші желісі және „Бейнеу-Бозой-Шымкент“ газ құбыры пайдалануға берілді. Атқарылған осы жұмыстар әріптестер тарапынан оң бағаланып, бізге деген сенімдері артып отыр. Европалық банкпен одан әрі басқа да бірлескен жобалар жүзеге асыруымыз мүмкін.Қазірдің өзінде энергия тиімділігі саласындағы техникалық ынтымақтастық пен инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктерді талқылау жүріп жатыр», — деп атап өтті Қайрат Шәріпбаев. «ҚазТрансГаз» АҚ — Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді. qazaquni.kz