Ахметов биыл түрмеден шығуы мүмкін...

018Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бері билік тізгінін ұстаған қаншама шенеунік жемқорлығы үшін сотталды. Тіпті, көбісінің аты-жөндері де қазір ешкімнің есінде емес. Бірақ, жұрт экс-премьер Серік Ахметовке "обал болды" дегенді жиі айтады. Оған тағылған айыптар сотта дәлелденсе де, халықтың көбі сенгісі келмейтіні жасырын емес.

Билік маңайында жүрген ұзынқұлақтарға сенсек, 14 жылға сотталған Серік Ахметов биыл күзден қалмай ақталып, бостандыққа шығады-мыс. Бұған ҚР Президенті әкімшілігі басшысының қызметтен кетуі себеп болған көрінеді. Рас-өтірігі белгісіз, Ахметовтің сотталуына бүгінгі Мәжіліс спикерінің қатысы болған дейді тағы сол ұзынқұлақ. Мұндай әңгімені тіпті, сот болып жатқан кезде кейбір қоғам белсенділері де айтып жүретін. Енді қызметтен кетіп, ықпалы әлсіресе керек, Ахметовке тағылған темір құрсау босай бастапты. Естуімізше, экс-премьер жақын күндері "үлкен кісінің" өзімен кездесіп, кешірімін алған да көрінеді. Осы ретте айта кету керек, Серік Ахметовтің сот процесі жүріп жатқан тұста отандық БАҚ өкілдерінің көбі аталған тақырыпта мән-мағынасы мен мазмұны бірдей ақпараттық материалдар жариялап отырды. Бұл материалдарды әдетте ҚР Президенті жанындағы Орталық комуникациялар қызметінің мамандары жіберіп отыратын дейді журналист әріптестер. Яғни, Ахметовке қарсы ақпараттық шабуыл жоғары жақтан ұйымдастырылған болуы мүмкін. Жалпы, жаңа спикер есімін тек Ахметовтің ісімен ғана емес, ЭКСПО және кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің істерімен байланыстыратындар да бар. Бұл да әрине, жай алып-қашпа сөз болуы мүмкін, көзбен көріп, қолмен ұстап алған ешкім жоқ. Бірақ, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экс-төрағасы Ермегияевтің сотталуы алдын ала жоспарланған іс деген болжам айтылса, Жамалиевті отбасылық даудың құрбаны дейтіндер бар. Өйткені, Ермегияев ісі туралы да мазмұны бірдей материалдарды отандық БАҚ беттерінен жиі байқадық. Дей тұра, Нығматулин қызметін ауыстырса да ықпалынан айрылған жоқ дейтіндер де аз емес. Ал, бұл болжамдардың қаншалықты рас-өтірік екенін алдағы күзде білетін боламыз. Әуес Мархабаев Дерек көзі: sn.kz