Министрлер неге басты мәселені сөз етпей, он сотық жердің айналасында жүр?

1496
15
Бөлісу:

013Өткенде Парламент мәжілісі «едел-жедел» мақұлдаған «ҚР Жер кодексінің кейбір нормаларының жұмысын тоқтату туралы заңды Сенат та қабылдап «үлгерді». Бұл Заң жобасын жасауға Президенттің 2016 жылдың 6 мамырындағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлық себеп болғанын жазған едік.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілген-ді. Қысқаша айтсақ, бұл Заң сол мораторийді күшіне енгізеді.  

«Едел-жедел» деген тіркесті тырнақшаға алуымыздың себебі бар. Біздің Заң шығарушы органдар екі айға жуық уақыттың ішінде Президенттің Жарлығын әрең заңдастырып берді. Елбасының Жарлығын күшіне енгізуге осыншама уақыт жұмсаған жайбасар шенділеріміз айналдырған 4-5 айдың ішінде халықтың көңілінен шығатындай етіп Жер кодексіне өзгертеді дей аламыз ба? Ендігі қойылар сұрақ осы…

Сенаттың аты сенат емес пе? Осы жолы Заңды талқылау барысында бірлі-жарым сенаторлар Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевқа сұрақтар қойған болды. Сол сұрақтың біріне Нысанбаев мырза былай деп жауап берді:

Ерлан Нысанбаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Егер біздің жедел желіге түсіп жатқан қоңырауларды талдасақ, онда он мыңнан астам сұрақтар мен ұсыныстар келіп түскенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, жер туралы сайт ашылған болатын, онда мыңдаған сұрақтар келіп түсті. Осының бәріне де жауаптар берілуі тиіс. Ең бастысы, жер мәселелеріне қатысты бірыңғай ортақ пікір әлі қалыптасқан жоқ. Десе де, өткен шаралардың қорытындылары бойынша жұма күні жұмыс топтары қайтадан бас қоса бастайды. Міне, осы жұмыс топтарының нәтижесінде біз келіп түскен сұрақтар бойынша талдау жұмыстарын жасайтын боламыз. Ең қызығы сұрақтардың сексен пайызы жер реформасына қатысты емес. Олардың дені он сотық жер алуға байланысты болып отыр. Сұрақтардың бес-алты пайызы жер реформасына қатысты, қалғаны басқа мәселелер. Сондықтан да, қандай да бірыңғай ортақ пікірдің қалыптасқаны туралы айтуға ертерек.

Вице-министрдің «Ең қызығы сұрақтардың сексен пайызы жер реформасына қатысты емес. Олардың дені он сотық жер алуға байланысты болып отыр» деген сөзінен нені ұғамыз?

Біріншіден, Атыраудағы  митинг өткен соң, Елбасымыз жерді қорғайтын осынша халық барына қуанып: «Ағайынның жерге деген көңілі осындай болып қала берсе, онда халқымыз қасық қаны қалғанша жерімізді қорғайды деп білемін» деген еді.

Нысанбаев мырза, Елбасының сол қуанышын көп көріп отыр ма?

Елбасы сенім артқан халық 10 сотық жер үшін митингке шыққан жоқ. Мұны бесіктегі бала да біледі. Олар жеке бастың мүддесі үшін емес, келер ұрпақтың ертеңі үшін «Жер шетелдіктерге жалға берілмесін» деп өз ойын алаңға шығып, бейбіт шеру өткізіп, білдірді. Енді жедел желіні желеу етіп, халықтың сол ойын басқа арнаға «бұру» не үшін керек бола қалды?

Екіншіден, Қазақстанның әр аймағында болған бейбіт шерудің ешқайсысының басты талабы 10 сотық жер алу болған жоқ. Барлығы да шетелдіктерге жер бермеуді ұран етті. Ал, 10 сотықтың дауы митингтерден соң басталды. Соңғы уақыттағы ресми органдардың жұмысының беталысына қарасаңыз халықтың назарын осы 10 сотық жерге аударып, басты мәселені екінші орынға ысырып тастағысы келетінін байқайсыз.

Үшіншіден, вице-министр «сұрақтардың бес-алты пайызы жер реформасына қатысты» деу арқылы Жер реформасының соншалық маңызды емес екенін айтқысы келіп отыр ма? Алдымен «сексен пайыз халық он сотық жер сұрап отыр» деп алып, қалған жиырма пайызды да «митингішілерге», яғни Елбасы сенім артқан халыққа қимаудың астарында не бар? Расында, жедел желіге келген ақпараттар вице-министр айтқандай-ақ болсын! Ол қоңыраулардың барлығы қосылса да, бір бейбіт митингке татымайтыны белгілі ғой.

Бұл аз санды топтың мәселесі болса, халыққа митингілетіп не керек еді?

Елбасымыз моратрий жариялап неге әуре болды?

Жер комиссиясы Күлтөбенің басында күнде жиын өткізіп несі бар?

Халыққа тұрғын үй салуға он сотық жер ұсынып, шетелдіктерге қазақтың бар жерін үлестіріп бере салмай ма?

Төртіншіден, біздің құзіретті органдар өздерінің қолымен жасаған «өтірігіне» өздері сеніп қалатын болғаны ма? Халық митинг арқылы өз ойын айтып болып, енді комиссияға үміт артып отыр. Олар сол бір айтқан сөзді екінші рет жедел желіге қайталап айтатын тотықұс емес қой. Мұны вице-министріміз білмей отыр ма?

Нысанбаевты айтып отырып, оның басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті де «сыбағасыз» қалдыруға болмайды.

Шынын айту керек, Елбасымыз да, халық та Асқар Мырзахметовке сенім артып отыр.

Сол сенім артқан Асқар мырза да бүгінде жеке үй құрылысына қажетті жер телімдері тапшы екенін айта келіп: «Аталған мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне сатып алып, халыққа 10 сотықтан таратып беруге болады» депті. Мұнымен қоса министрі еліміздегі 10 сотық жерді алғысы келетіндердің саны 1 миллион 400 мың адамнан асып отырғанын жеткізген.

Мырзахметов мырзаның күші 1 миллион 400 мың адамға үлкен қалалар маңынан он сотық жер тауып беруге жете ме? Әрине, жоқ. Ендеше министрлер неге басты мәселені сөз етпей, он сотық жерге жабыса қалды. Жауапты өздері бере жатар…

Түйін

Негізі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жер Кодексі мен реформаны талқыға салуды бұйырды. Ал, маған біздің шенділер жоғарыдағы деректер арқылы «бір мәселенің бетін жылы жабамын» деп, екінші проблеманың шоғын өз қолымен көсеп жатқандай көрінеді…

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 15 пікір жазылған

  1. Есенғали, Антакиядан 24 Маусым, 2016 10:28 Жауап

    … «Ал, маған біздің шенділер жоғарыдағы деректер арқылы /бір мәселенің бетін жылы жабамын/ деп, екінші проблеманың шоғын өз қолымен көсеп жатқандай көрінеді …»
    *****************************************************************************************************
    Көсемдері көсеуші болса, ол шөпкетышарлар шоқ көсемей қайтеді, Қанат бауырым ? !
    :oilanu: :kulki1: :oilanu:

  2. аноним 24 Маусым, 2016 12:57 Жауап

    Негізі жер мәселесі ешқандай митингісіз мәдени түрде шешіліп жатқаны қуантады

  3. Карлыгаш 24 Маусым, 2016 12:58 Жауап

    Бәріміз де Мырзахметовке сенім артып отырмыз, оған дейін Бақытжан ағамыз дұрыс жолға салып кеткен комиссия мүшелері халықтың көңілінен шығатын шешім шығарады деп сенемін

  4. Умит 24 Маусым, 2016 12:58 Жауап

    Мырзахметов дұрыс түсініктеме берді, жер берілгенмен, инфраструктура жоқ, және оған қаржы да жоқ, сол үшін сабырлық танытып күте тұру керек

  5. гульмира 24 Маусым, 2016 12:59 Жауап

    Хамитпен келісемін, 10 сотық жер берілсе халықтың билікке деген сенімі артар еді

  6. Булбул 24 Маусым, 2016 13:00 Жауап

    Ол 10 сотық жер үшін емес екені белгілі ғой, халыққа дұрыс ақпарат жетпеді сол үшін шықты, ал енді комиссия дұрыс ақпараттандыру үшін құрылды емес пе

  7. Дана 24 Маусым, 2016 17:23 Жауап

    Бәріміз де Мырзахметовке сенім артып отырмыз, оған дейін Бақытжан ағамыз дұрыс жолға салып кеткен комиссия мүшелері халықтың көңілінен шығатын шешім шығарады деп сенемін

  8. Батима 24 Маусым, 2016 17:25 Жауап

    Жер комиссиясының шешімін сабырлықпен күтейік ағайын. Елімізде тыныштық болсын!

  9. ҚазақиЯ 25 Маусым, 2016 07:46 Жауап

    25 жылда бұқара халықты саясаттан ығыстырып, зомбиға айналдырғаны көрініп-ақ тұр, сол 10 сотық, биліктің арам ниетін жүзеге асыруына жақсы «тиек» болғалы тұр. Сол себепті де 25 жыл бойы халыққа көшбасшы болатын Қоғамдық ұйымдар мен көзі ашық азаматтарды өлтірді,қамады,ел асырып қуып жіберді,тұншықтырды. Енді, тауыққа жем шашқандай, 10 сотықты таратып, қалған үлкен қазақ жерін «Долларға» айырбастап қашуға болады…

  10. Қазақ 25 Маусым, 2016 17:31 Жауап

    Менің түсінбейтінім, он сотық жер неге сонша проблема қылады, жерді бөл, оған тартатын тогы, суы, газы тағы не керек, соның бəрінің ақшасын шығар, айталық мың сотық жерге осы коммуникацияларды жасауға млн-даған ақша керек дейік, соны соткаға бөлде, тиесілі бағасы шыққан соң, халыққа бер, так жер сұрадың ба, міне коммуникация бағасы осындай болып тұр, сондықтанда кассаға осындай сома теңгеңді төле де, үйіңді сал деп, а то жасыратыны жоқ, таныспенен жерді аламыз да, бəленбай бағасына сатамыз, себебі əншейін келген соң, бағаламаймыз, ал біреулердің қолы жетпей жүргенімен шаруамыз жоқ, қазіргі заманда ағайын,адамшылықты ұмытып, ақшаның құлқынына түсіп кеттік қой,

  11. ƏЛСЕРКЕ ИБРАХИМ 26 Маусым, 2016 12:41 Жауап

    ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫНА ШЫҒЫП АРАМ ЖОЛМЕН БАЙЫҒАН САҒЫНТАЕВТІҢ , МЫРЗАХМЕТОВТІҢ ЖЕР ДАУЫ ҮШІН БАСТАРЫ АУЫРМАСЫ АНЫҚ . ОЛАР ЖЕРДІҢ САТЫЛҒАНЫНА МҮДДЕЛІ ТЕРІС ПИҒЫЛДЫ ПЕНДЕЛЕР . ОСЫ КОМИССИЯНЫҢ ҚҰРАМЫНДАҒЫ КӨПТЕГЕН АРАМ ПИҒЫЛДЫЛАРДЫҢ КЕСІРІННЕН КОМИССИЯ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ƏДІЛ ОРЫНДАҒАН ЕМЕС . ПІКІР ЖАЗҒЫШ ҚАЗАҚТЫҢ КЕЙБІР ТОПАСТАРЫ ОСЫНДАЙ СЕНІМНЕН ШЫҚҚАН БАСШЫЛАРҒА СЕНЕМІН СЕНІМНЕН ШЫҒАДЫ ДЕП МАҚТАҒАННАН БАСҚА ТҮК ЖАЗБАЙДЫ . ОСЫ КОМИССИЯНЫ ҚҰРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ ЕДІ , СЕБЕБІ ХАЛЫҚ ОЙЫН АШЫҚ БІЛДІРДІ ТОҚЕТЕРІ ЗАҢДАРДЫ ҚАТЕ ҚАБЫЛДАҒАНЫН МОЙЫНДАДЫ , СОНДЫҚТАН САТУ , ҰЗАҚ МЕРЗІМГЕ ЖАЛҒА БЕРУДІ ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ ЕДІ . ҚУЫРШАҚ КОМИССИЯ ЕКЕНІН БІЛІП ОТЫРМЫЗ , БҰЛ ҚАЗАҚТЫ АЛДАУ ҚОРҚЫТУ ҒОЙ .

Пікір немесе жауап жазу