«Орай шап көтерілісіне» арналған кітап жарық көрді

1869
0
Бөлісу:

IMG_8871Шығыс Қазақстан өнер музейінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен еліміздің ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған мәдени шара – «Орай шап» көтерілісі» жинағының тұсаукесері өткізілді.Жиналғандарға алдымен осы көтерілістің мәнін ашатын, кейінгі ұрпақтың ата-баба рухын қалай қастерлеп жүргендігін паш ететін шағын бейнефильм көрсетілді. Одан соң сахнаға журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымов, Жуандық Адайханов, Қуандық Шегіров, Дарын Нұрсапаров көтеріліп, жиналған көпшілікке кітап туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ақ патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы «бұратана» халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына алу туралы жарлығы қазақ даласын дүр сілкіндірген еді. Шілде айында басталған толқулар Қазақстанның барлық ауқымын қамтыған қарулы көтеріліске ұласты, оның аяғы қанды қырғынға айналды. Торғай даласын Амангелді сарбаздары дүбірлетсе, Жетісуда 16 болысты құрап отырған  албандар бас көтерді.

Өте ауқымды болмағанымен Қазақстанның шығысында да патша жарлығына қарсы толқулар болды. Соның бірі – Өскемен уезіне қарайтын Ұлан жеріндегі алты старшын Тайынты болысының азаматтары патша армиясының тыл жұмыстарына баруға қарсылық білдіріп, атқа қонды. Тайынты көтерілісін басқарған Сағымбай Жетпісұлының жігіттері Мұса болыстың кеңсесін талқандап, дайын тізімді өртеп, болыстың қол аяғын байлап, қалың қарағайдың ішіне алып кетеді.  Болыс шақыртқан қарулы солдаттар сойыл, шоқпармен ғана қаруланған көтерілісшілерге оқ жаудырады. Жазалаушы отряд солдаттарын орай шауып, қоршап алуға лап берген есіл азаматтардың бірнешеуі қас-қағым сәтте оққа ұшып, жараланғандары мен саулары қарағай ішіне қарай шегінуге мәжбүр болған. Тайынты көтерілісінің ел аузында «Орай шап» аталып кетуінің мәнісі осында жатса керек.

 IMG_8861Тарихта ұлт-азаттық көтерілісінің ешбірі жеңіске жеткен емес, 1916 жылғы көтеріліс те қайғылы аяқталды. Басқа жерлердегідей Тайынтының Қарабалапан жайлауы да қанға бөкті… Бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Орай шап» көтерілісі» аталатын тың туынды өлкеміздегі осы көтерілістің тарихын баяндауға арналыпты.

Жинақ тек мақалалар жиынтығынан құралмаған. Тайынтыдағы көтеріліске байланысты Қазақстан Республикасының Орталық мұрағаты мен Омбы облыстық мұрағатында жатқан ақ патшаның әскери билік құрылымдарының өзара жазысқан біраз ақпараттық  деректері қоса берілген.

         «Орай шап көтерілісі» жинағының көтеріп тұрған жүгі ауыр. Өйткені, шығарушылар алқасы бір ғана көтеріліс шеңберінде қалып қоймаған. Олар шежіреден бастап, бүкіл Өтеміс руының тарихын бір арнаға тоғыстырған. Ана бір заманда өткен батырлар мен бағыландар, елге сыйлы болған билер мен  болыстар, жауырыны жерге тимеген небір апайтөс палуандар жайлы қызыға оқитын дүниелер баршылық. Отызыншы жылдардағы кеңестік зобалаң, кешегі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықтар, бүгінгі Тәуелсіздік алған заманымыздағы ел тынысы да назардан тыс қалмаған.

Танымал өнерпаз Гуля Касенованың әсем әнімен, ақындардың жалынды жырларымен өрнектеліп отырған осы кеште көпшіліктің қошеметімен аталған кітаптың тұсауын кесу рәсімі өтті. Мұндай құрметке ие болған танымал қаламгер-журналистер Мұрат Әміренов, Шәкерхан Әзмұхамбетов, Шығыс Қазақстан өнер музейі директорының орынбасары Татьяна Германовна Шарабарина және Ұлан аудандық мәслихатының хатшысы Оразай Сыдықов авторлар ұжымына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Авторларға музейдің атынан кәдесыйлар тапсырылды.

 Маржан Бахтиярова,ШҚ өнер музейінің қызметкері

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

2 + 19 =