Талғат Кеңесбаев. ЖАПА

1164
1
Бөлісу:

Әңгіме

Тау етегі. Әрі қарай жап-жазық дала. Көкпеңбек. Таңертең ғана сіркіреп жаңбыр жауып өткен сонау-сонау көз ұшында дөң басында кемпірқосақ ілінулі тұр. Әдемі.
Қазақтың жайлауының көкмайсасын тілімен бырт-бырт үзген қара-ала сиыр жайылып жүр. Ауылдың бар байлығын сатып әрең қол жеткізген арғы атасы белгісіз шетелдік жануар еді…
Шыбындамайды да. Рахат. Төңірек тып-тыныш еді. Бір кезде сиырдың құлағына дүрілдеген дыбыс келді. Әуелі ештеңе ұқпаған, оттап жүре берген.
Бір кезде сонау көз ұшына өзіне қарай зулап келе жатқан қара ноқат жақындай түсті. «Мәссаған! Мынаны қара! Ұсқынсыз ғой мынау. Жалбыраған жалы бар, құйрығы одан да ұзын бұл не ғылған жануар?» деп ойлағанынша дүбір жанына жақындай түсті. Қара-ала сиыр ап-анық байқады. «Өй, мынау не пәле? Тұяғы біздікіндей айыр емес екен ғой. Сирағы ұзын, желпілдеген бірдеңе ғой мынау. Менің жайлауымды таптайтын болды-ау» деп ішін қызғаныш өртеп кетті.
– Мына пәлені сүзіп өлтірейін, – деп жанынан желдей есіп өткен тұлпардың соңынан тұра қуды.
Біраз жер қуғаннан кейін қара-ала сиырдың екі бүйірі солқылдап, салпиған қарны жер сүзіп жарылып кете жаздады. Ыңқ-ыңқ етеді. Аузынан сілекей ақты.
Қазақтың кең даласында дүбірлете шауып бара жатқан тұлпардың соңынан ыңқылдап ұзақ қарап тұрды. Қарап тұрды. Қараааааап тұрды. Ыңқ-ыңқ етеді. Күйсей алмай қиналды.
Жер ананың жүрегін тесіп шыққан аппақ гүл самал жермен тербеле бастап еді. Осы кезде сиырдың артынан сасық неше күн жеген шөбінің қоймалжыңға айналған жапасы былш етіп жерге түсті.
Жапаның астында бәлкім ғашықтар бір-біріне сыйлайтын, бәлкім боз бала мен бойжеткеннің үзіп алатын, өмірге ғашық жанның үлкен тебіреніспен, үлкен махаббатпен үзіп алатын гүлі қалды…
Жапа астында…

Kenecbaev-T.1  Талғат Кеңесбаев
Семей.
2011 жыл.

  qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

он тоғыз − он төрт =