Апталық жаңа тағайындаулар

Өтіп бара жатқан аптада үкіметте де жергілікті атқарушы билікте де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды.

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Мұнан бөлек, Ауыл шаруашылығы министріне еліміздің премьер-министр орынбасарлығы қызметі қоса жүктеліп, оған Жер реформасы бойынша комиссиясының төрағалығын атқару да табысталды. ҚазАқпарат апта ішінде осы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен, Қазақстан президентінің Жарлығымен Игорь Рогов Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы болып қайта тағайындалды. 1950 жылы Әзербайжанның Баку қаласында дүниеге келген ол Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының докторы профессор. Әр жылдары Қазақстан президентінің көмекшісі, кеңесшісі болып, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Әділет министрі қызметтерін атқарған.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Асқар Мырзахметов Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар Бибігүл Асылова Білім және ғылым вице-министрі қызметіне тағайындалды. Асылова 2014 жылдан бастап Білім және ғылым вице-министрі қызметіне тағайындалғанға дейін қаржы министрлігінің әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры қызметін атқарды.

Қазақстан президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен Бағдад Оразалдыұлы Азбаев БҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Оны облыс активіне таныстырған өңір басшысының айтуынша, Б.Азбаев энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне басшылық ететін болады. Бұған дейін осы қызметті атқарған Алмаз Бадашев өз өтінішіне сәйкес жұмысынан босатылды.

Шығыс Қазақстан облыс әкімі аппаратының басшысы болып Алмас Ондақанов тағайындалды.

Ондақанов, еңбек жолын Тарбағатай ауданының әкімінің аппараты мен әлеуметтік қорғау бөлімінде инспектор, экономист ретінде бастаған. Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған соң, Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Антидемпингтік бақылау комитетінің бас маманы болып тағайындалды. Содан соң Курчатов қаласында аппарат басшысы, ШҚО Техникалық реттеу және метрология комитетінің басқармасында, Қазақстандық метрология институтының  Шығыс Қазақстан облысы бойынша бөлімшесінің директоры болып жұмыс істеген.

2008 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, содан соң басқарма басшысы қызметінде болған. 2013 жылдың маусым айында Зайсан ауданының әкімі болып тағайындалған.

Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2016 жылдың 15-ші маусымдағы өкімімен Сәуле Өмірбекова облыстық Білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 2014 жылдан қазіргі тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз хатшысының кеңесшісі болды.

Алматыда 2017 жылғы Универсиаданың жаңа директоры тағайындалды, оның басшысы қызметіне Наиль Фаридович Нұров кіріседі. Ол Алматы спорттық жобалары дирекциясына Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінен ауысқан.

Дерек көзі: ҚазАқпарат