Қазақстан кез келген Конституциялық реформаға дайын – Игорь Рогов

Бөлісу:

011Петербор университетінің Алматы филиалында өткен студенттердің ғылыми-парктикалық конференциясында еліміздің Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов мырза осылай деп мәлімдеді.

«Сіздер оның (Н. Назарбаев – ред.) сайлау кезінде Конституцияға өзгерістер енуі, билік өкілеттіліктерін қайта бөлу мүмкін екені туралы айтқанына мән берген боларсыздар. Ол менен «Сен Польшаның немесе Арменияның конституцияларын қарадың ба?» деп сұрады. Сіздер Арменияда констиуциялық реформа болып, онда президенттің біраз өкілеттіліктері парламент пен үкіметке берілгенін білесіздер. Ол конституцияларды қарамағанымды, бірақ міндетті түрде зерттейтінімді айтуға тура келді. Яғни, ол басқа елдердің тәжірибесін зерттеу керектігін меңзеп отыр», – дейді И. Рогов мырза конференцияда сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, Рогов бұл сөзіне тұздық ретінде 2007 жылы Ата заңға енген өзгерістерді де айта кетіпті.

Конституциялық орган басшысы «Әйтеуір өзгерістің болатынын бірден айтайын. Бірақ, дәл қашан екенін тап басып айту қиын. Ол мемлекет басшысының еркіндегі мәселе. Конституциялық кеңес бұл туралы алғашқылардың бірі болып естиді деп ойлаймын. Ал, қазір біз бәріміз өзге елдердің конституцияларын зерделеумен айналысудамыз. Польшаның Арменияның конституцияларын мен, әрине, толық оқып шықтым. Жақында басқа да елдердің конституцияларын орыс тіліне аудардық. Біз болуы мүмкін конституциялық реформаларға дайынбыз», – дегенді қоса айтып отыр.

Рогов сондай-ақ, осы уақытқа дейінгі конституциялық реформа жөніндегі жұмыс топтарын Елбасының өзі басқарғанын еске салуды да ұмытпады.

«Қолданыстағы Конституция бойынша өзгерістер референдум арқылы да, Парламент арқылы да енгізіле береді», – деген ол Ата заңды қалай өзгертуді Президенттің ғана шешетінін айтып отыр.

Елде саяси реформа жүргізу, билік тармақтарының өкілеттіліктерін реттеу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Алайда, оның барлығы сөз күйінде қалып келді. 2007 жылғы реформа да конституцияға демократиялық құндылықтарға негізделген өзгерістер әкелді дей алмаймыз. Қайта парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс депутаттарын бір мандаттық округтар арқылы сайлау мүмкіндігі жойылған еді. Осылайша халық сайлау аяқталып, нәтижесі шыққаннан соң да парламентке кімдер өтетінін білмей дал болатын күйге жетті.

Соңғы Мәжіліс сайлауы өткен күні Елбасы болашақта конституциялық реформалардың орын алатынын тағы бір меңзеді. Одан бұрын жарияланған президенттік «5 институционалды реформа» бағдарламасында да билік институттарын демократиялық талаптарға сәйкестендіру мәселесі айтылған. Осы күнге дейін сайлауалды уәде деңгейінде қалып келген саяси өзгеріс тақырыбы бұл жолы бекер қозғалып отырмаған сияқты. Н. Назарбаевтың Армения конституциясына назар аударуына қарап айтып отырмыз мұны. Өткен жылы Армениядағы конституциялық реформа мәселесі үлкен дауға айналғанын білеміз. Оппозициялық «Гүлденген Армения» партиясы мемлекет басшысы Серж Саргсянды «Саяси реформа жүргізу арқылы өз билігін сақтап қалуды көздеп отыр» деп айыптаған еді. Осы тұрғыдан алсақ, біздің билік те өзіне тиімсіз бастама көтермесі анық. Олай болса, ұзақ жыл таптаурын болған, халықаралық ұйымдардың сынынан көз ашпаған ескі сүрлеуді жаңалап, мемлекеттік басқаруды парламенттегі көпшілік арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйені неге таңдамасқа?!

Ал, Роговтың мұндай мәселені басқа жерде емес оқу орнында, онда да мемлекеттік университеттердің бірінде емес, ресейлік ЖОО қабырғасында көтеруін Қазақстандағы саяси ауа-райы ең алдымен ресейлік барометрлермен өлшенетініне жорисыз ба, басқа себептерін іздейсіз бе, ол жағы – өз еркіңізде.

Дархан Мұқантегі

«Қамшы»

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. ҚазақиЯ 18 Маусым, 2016 12:10 Жауап

    Кімнің бүйрегі қайда бұрса,Ата Заң соған ыңғайланып жасалады. Қазақтың болашақ өркендеуі де,жойылып кетуі де осы Заңға және әрі қарай тармақталып кететін басқа заңдарға тікелей байланысты. Енді болжам жасап көрейік:
    1. Рогов сияқтылардың бүйрегі Ресейге бұрады,
    2. Назарбаев өзіне, бала-шағасына,туыстарына,руластарына,
    3. Мәсімов Қытай арқылы өз ұлтына бұрады…
    Парламент пен Сенатқа бәрібір, үшеуі не айтса соны істейді.
    Құрт,құмырсқаға айналған, екі мағыналы түсініксіз «Заңдармен» биліктің табанында езілген халықта құқық жоқ, ештеңе шеше алмайды.Оның салдары,соңғы нәтижесі – қазақтың
    жоғалып,құрып кету деген сөз… Баяғы Бұқар жыраудың Абылай ханның түсін жоруы дәл келіп тұрғандай…

  2. Есенғали, Антакиядан 18 Маусым, 2016 12:27 Жауап

    Мүйізбаевқа «айтқызғышы» : «сөйдеп айт !» деді, «ләббай, тақсыр» айтты да қойды, оның несі кетті ? !
    :kulki1: :zhlau: :kulki:

Пікір немесе жауап жазу

он тоғыз − 3 =