Ерлан Қарин: Ақтөбедегі лаңкестер ДАИШ-тың филиалы емес, ұйымның тілектесі ғана

014Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің өкілдері ақтөбелік лаңкестердің қылмыс алдында Сириядағы имамның аудиожазбасын тыңдағанына дәлелдің табылғанын хабарлады. ІІМ басшысының бұл мәлімдемесінен бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі ДАИШ-тың белсенді шейхтерінің бірі шығарған пәтуа жайлы айтып өткен еді. Онда жиһад жасауға үндеу болған. Ақтөбеде шабуыл жасаған банданың сириялық баскесерлермен байланысы бар ма деген мәселеге қатысты өз пікірін саясаткер, терроризм бойынша сарапшы Ерлан Қарин Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.

- Сіз терроризм мәселелерімен ұзақ уақыт бойы айналысып жүрген маман ретінде ІІМ басшысының және ҚМБД өкілінің мәлімдемесіне дейін-ақ Ақтөбеде теракт жасағандардың шабуылға дейін ДАИШ лаңкестік ұйымының имамдарын тыңдағанын білген шығарсыз. Ақтөбелік ұяшықтың Ислам мемлекеті тобымен байланысы қаншалықты жақын болды?
- Бұл халықаралық лаңкестік ұйымдармен, нақтысында ДАИШ-пен байланысы бар немесе содан тараған топ дегенді білдірмейді. Көптеген адамның ІІМ басшысының мәлімдемесін қате түсіндіріп жатқанын көріп отырмыз. Олар Ақтөбедегі топ ДАИШ-тың Қазақстандағы ұяшығы дейді - олай емес. Менің жеке пікірім: Ақтөбеде теракт жасаған топтың артында қандай да бір халықаралық лаңкестік ұйым тұр деп айта алмаймын, осы топтың мүшелері қандай да бір лаңкестік ұйымның өкілі емес. Алайда осы секілді радикал ұяшықтар ДАИШ таратып отырған үгіт материалдарынан қуат алады. Бұл ұйымның ақпараттық қызметті белсенді жүргізіп отырғаны белгілі, тіпті күн сайын әлеуметтік желілерде түрлі үндеулер, видеолар және аудиолар жариялайды.
Ақтөбеде көрініс алған ұяшықтарды біз "ұйқыдағы ұяшықтар" деп атаймыз. Яғни қандай да бір белсенді әрекет етпей отырған, нақтылы бір ұйымдарға тіркелмеген, нақты бір атауы мен құрылымы жоқ топтар. Бұл радикал идеологиясын ұстанған, қандай да бір жоспарын ойлап жүрген адамдардың тобы, жекеленген ұяшық. Бірақ мұндай адамдар әрдайым біреу-міреудің ықпалында, насихат материалдарының әсерінде жүруі мүмкін. Соңғы уақытта көптеген адам терроризм жайлы айта келіп, қауіптің сырттан келетінін, яғни Қазақстанға содырлардың Ауғанстаннан немесе Сириядан қайтып келуін меңзейді, бірақ біз екі жыл бойында ұйқыдағы ұяшықтардың оянуы қауіптірек болатынын айтып келеміз. Батыс елдерінде терроризмнің ең қауіпті түрі шабуылды жалғыз жасайтын адамдар. Олар да белгілі бір радикал идеологияның ұстанушысы, белгілі бір насихаттың ықпалында, осы идеяларды ұстанып, қандай да бір актілерді жасауға ұмтылады. Мұндайды біз Еуропа мен АҚШ-та көрдік. Таяуда болған жарқын мысал - Орландодағы теракт. Ал Ақтөбеде болған жағдай - радикал ұяшықтардың әрекетінің нәтижесі. Сондықтан тағы бір қайталап айтарым, біз терроризм қаупі жайлы айтқанда шабуылды жалғыз жасайтындар мен ұйқыдағы радикал ұяшықтардың қалғандарына қарағанда қауіптірек екенін білуіміз керек. Себебі олар лаңкестік ұйымдардың белсенді мүшесі емес немесе жекелеген мүшесі емес, олар бар болғаны қандай да бір идеологияның ұстанушысы болуы мүмкін және олардың шабуылын алдын ала болжау қиын. Ақтөбедегі оқиғадан екі апта бұрын бақылау барысында біз ДАИШ-тың лидерлерінің бірінің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан аудиоүндеуін тіркедік, онда акциялар жасауға нақты үндеулер болды. Бұл әр елдегі діндес адамдарды белсенді әрекет етуге шақыруға арналған ұзақ аудиожазба болды. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Сондықтан да, Ақтөбеде болған оқиға басқа елдерде де қайталануы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, басқа мемлекеттер үшін де үлкен қауіп. Менің ойымша, АҚШ-та болған лаңкестік әрекет те осы сияқты насихаттың салдары. Себебі, ақпарат құралдары АҚШ арнайы қызметінің Орландода болған атысты ұйымдастырған адамның арнайы тізімінде болғанын хабарлағанын жазды. Яғни, бұл адам діни сайттарды, оның ішінде ДАИШ-тың сайтына кіріп, сол жерден үнемі ақпарат алып тұрған. Жиһад жасауға шақыруға жасалған мұндай үндеулер әлемнің бірнеше елінде таралды деп ойлаймын. Сондықтан да мұның үлкен қауіп екенін айтқым келеді. Орландода болған төтенше жағдайға дейін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті ресми сайты арқылы өз азаматтарына жаз кезінде Еуропаның бірнеше елінде лаңкестік әрекет болуы мүмкін екені туралы хабар таратты. Яғни, экстремизм мен терроризмді насихаттаудың күйшейгені айтылды. Қазақстанда кенеттен болған жағдай да осының дәлелі. Мысалы, Парижде де осыған ұқсас оқиға болды, бір адам полицейді пышақтап өлтіріп, оның отбасын кепілге алды.  
- Ал Ақтөбедегі 45 адамнан тұратын осындай топтар Қазақстанның басқа да өңірлерінде болуы мүмкін бе?
Оларды бөліп-жарып қарауға болмайды, себебі олар өте бекем топ. Біз 2003-2013 жылдар аралығындағы қылмыстық істер аясында террорлық және экстремистік топтарға сараптама жасадық. Қазақстандағы террорлық және экстремистік әрекеттерге қатысы бар 19 топты сараптадық. Осы топтарды үшке бөлдік. Біріншісі - диверсиялық топтар, олар сырттан оқып келген, ел аумағында осыған ұқсас жасырын ұйымдар құрғысы келетін арнайы адамдардың ықпалымен пайда болады. Мұндай топтардың мақсаты айқын, алдын ала дайындалған құрылымы бар, әрекет ету жоспарлары бар. Екіншісі - жамағат деп аталатындар, мұндай топтарға дінге көзғарасы ортақ адамдар бірігеді. Бірнеше уақыттан кейін мұндай топтар лидерлерінің немесе басқа да факторлардың ықпалымен радикалданады. Үшінші топ - банда. Бұл қарапайым қылмыстармен - ұрлық, тонау, алаяқтықпен айналысады. Бұлар да бірнеше уақыттан кейін радикалданып, экстремистік көзқарастарды қолдай бастайды. Осы уақытқа дейін Қазақстан территориясында әрекет еткен топтардың көбі діни қауымдармен және криминалдық топтармен араласады. Мысалы, Ақтөбеде лаңкестік жасағандардың жетеуі бұған дейін ұрлық, тонау, зорлау сияқты қылмыстық істер бойынша сотты болған. Яғни, бұлар бұрынғы қылмыскерлер. Ал екеуі бұған дейін экстремизм және терроризм үшін жаза өтепті. Бұл діни идеяларды талқылауға болатын қауым болды, дегенмен оларды ұйым немесе топ деп атауға келмейді. Олардың көшбасшылары болуы мүмкін, дегенмен оларда нақты құрылым, мақсат, дайындық, талаптары болмады. Бұл құрылымы жоқ автоном ұяшық. Олардың арасында талқылау жүріп, кейін радикалданады. Мұндай адамдар кенеттен, жоспарсыз теракт жасауы мүмкін. Оларды жоспар құрмайды деуге де болмайды. Дегенмен оларда ірі террорлық топтардағыдай, яғни идеологиядан, операциялық орталықтардан тұратын, сонымен қатар қоғамда резонанс туғызатындай жоспар жоқ. Яғни мұндай ірі ұйымдар шабуыл жасау үшін шабуыл ұйымдастырмайды.Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастырғандар акция ұйымдастырғанымен, оны мұқият жоспарлаған жоқ. Бұл үлкен айырмашылық.  
- Cіздің айтуыңызша, Ақтөбедегі топтың ДАИШ ұйымына қатысы жоқ. Яғни, олар тек халықаралық террорлық ұйымды қолдайтын адамдардың тобы ма?
-Иә. Себебі "ВКонтакте" желісіндегі парақшаларынан олардың нақты бір бағытты ұстанатыны көрінбейді. Олар жиһад жайлы ақпараттарды оқыған. Бірақ нақты бір ұйымның бағытын немесе нақты бір идеологияны ұстанбаған. Ешқандай қауіп жоқ. Лаңкестердің қайтып келу қаупі де төніп тұрған жоқ. Қарулы қақтығысқа қатысқандар немесе Қазақстанға қайтып оралғысы келетіндерді біздің арнайы қызметтегілер бақылап отыр. Кіретін кездерінде оларды бәрібір анықтайды немесе ұстайды, керек болса бейтараптандырады. Ал тығылып отырған ұйымдарды анықтау қиын болып тұр, олардың әрқайсысын бақылай алмайсың.
- Неге бұл оқиға Ақтөбеде болды? Бұл кездейсоқтық па?
Меніңше, бұл кездейсоқтық емес. 2006-2007 жылдар аралығында жыл сайын терроризм бабы бойынша 40-80 адам жауапкершілікке тартылады. Егер өңірлер бойынша қарайтын болсақ, бұл жағдай көбінесе Ақтөбе қаласында кездеседі. Бұл, біріншіден, Ақтөбенің радикал идеологияның кең таралған өңірі екенін көрсетеді. Екіншіден, Ақтөбеде шабуыл жасаған топ осы өңірде 2011 жылы белсенділік көрсетіп, арнайы қызметтегілер оларды ұстаған болатын. Яғни, биыл да бұл оқиғада сол топтың мүшелері бар.
-Ақтөбеде болған терактідегі күдіктілердің бірі бұған дейін лаңкестік жасағаны үшін сотталған болатын...
Иә, өлімшінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратының жанында өзін-өзі өртеп жіберуі туралы іс қаралған болатын. Мұнда бір ескеретін жағдай бар, яғни радикал ұйымдардың желілерде таралуы. Мен Ақтөбеде болған терактіні АҚШ пен Еуропадағы әріптестеріммен талқыладым. Олар лаңкес Мұхаммед Мерді мысал ретінде келтірді. Мұхаммед Мер 2012 жылдың 12 наурызында балалар мектебінде атыс ұйымдастырған. Ол қарапайым бала болатын, екі ай сынау мерзімінен өтіп, жұмысқа алынып, мектепте атыс ұйымдастырған. Арнайы операция кезінде оны ұстады. Кейін оның отбасы мүшелері кешірім сұрап, ақталды. Бірақ екі жыл өткен соң оның досы Сирияға кетеді, кейіннен әпкесі, тағы бір жылдан соң жиені, немере ағасы және басқалары да соңынан кеткен. Яғни, Мұхаммед Мердің жағдайында бірнеше уақыт өткен соң оның жақындары мен оны қоршаған адамдардың ұстанған бағыты өзгеріп, олар кете бастаған. Бұл вирус сияқты, ол енеді де қоғамдағы белгілі бір адамдарға зақымын тигізеді: біреулер тез арада бағытын өзгертсе, біреулері тек бірнеше уақыт өткен соң өзгереді.

Шабуылға қатысқандардың өмірбаяндарын зерттей отырып, осыдан бес жыл бұрын Қазақстандағы 2011-2012 жылдары болған оқиғада олардың жасы 24-25-те болған, ал ең кішісінің жасы - 14-те екені белгілі болды. Әрине, сол уақыттың өзінде олардың бұл әрекетке қатысты көзқарасы пайда бола бастаған. Ал келесі оқиғаларда олардың көзқарасы өзгерген. Сонымен қатар, сириялықтардың да әсері болды. Сириядағы жағдай оларға бұған дейін болған оқиғаларға қарағанда қатты әсер етті. Сириялықтар бізге Интернетте, әлеуметтік желілерде радикал идеологияны қарқынды түрде насихаттады. Сондықтан мұндай жағдайлар кез келген өңірде, кез келген елде болуы мүмкін. Қазір, менің ойымша, америкалық билік өкілдерінің Еуропа елдерінде террорлық қауіптің болуын мәлімдегені кездейсоқтық емес. Франция мен АҚШ-та да осындай оқиғалар қатарынан болуы жайдан жай емес. Меніңше, қауіп расында да төніп тұр. Кенеттен осындай зорлықтардың болуы да қауіпті. Мен Париж бен Орландода шабуыл жасағандардың ДАИШ ұйымының мүшелері емес екеніне сенімдімін. Себебі олар ешқандай нұсқау алмаған, ол ұйымның мүшелерімен де хабарласпаған және оларды ешкім оқытпаған. Мүмкін Интернет арқылы бір сәт хабарласқан болар, бірақ мұның өзі жетерлік.

Сұхбаттасқан Ренат Ташқынбаев, қазақ тіліне аударған Мөлдір Қалықова Дерек көзіtengrinews.kz