ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІНЕН МҮШЕЛЕРІ ХАБАРСЫЗ

015Үкімет жанынан құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы бесінші отырысқа келгенде үзілді. Төртінші мәрте Көкшетауда бас қосқан комиссияның сенбі күнгі кезекті отырысының не себепті өтпей қалғанын анықтауға тырыстық.

Мәселенің мәнісін білмекке ресми ақпарат сұрап Жер заңнамаларын түсіндіру жөніндегі 1434 нөмірлі саll-орталыққа хабарласқанымызда телефонист қыз бізге Жер реформасы жөніндегі комиссияның хатшылығына (тел. нөмірі: 87172 555978) хабарласуға кеңес берді. Онда тұтқаны алған Ержан Бухбанов (өзін жер комитетінің басшысы деп таныстырды – ред.) комиссияның сенбідегі отырысы неге өтпей қалғаны мен келесі отырысы туралы мәліметті түстен кейін ғана нақтылай алатынын, тиісті лауазым иелері сол кезде келетінін айтты. Түске дейін бір хабары болар деген үмітпен басқа көздерден алған мәліметтермен бөлісеміз.

Ә дегенде әр сенбі сайын жиналып тұруы тиіс, құрамында төрт бірдей жұмыс тобы бар комиссияның кезекті отырысының өтпей қалуына комиссия жетекшісі, бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс кестесінің тығыздығы себеп болуы мүмкін.

Үкімет жанындағы комиссияның тағы бір мүшесі Мұхтар Тайжан да бұл мәселеден толық хабардар еместігін айтты.

Өзінің Фейсбуктегі парақшасында ол: «Комиссия не болды, неге кезекті отырыс болған жоқ деп личкамен мені көп сұрап жатыр. Жауабым - мен білмедім. Өткен аптада штабқа тел соқтым, нақты жауап берген жоқ. Бірақ өз басым жұмысты жалғастырай берем», - деп жазды.

Өткен демалыстарда Алматы облысы Шеңгелді аулында, Жамбыл облысының Қордай ауылдарында болып қайтқан ол, 90-жылдары жерді бөлу, пай үлестіру науқанына байланысты бірқатар мәселелер бар екенін, латифундистердің қандай жолмен пайда болғанын ауыл тұрғындарынан естіп жатқанын айтады.

Комиссия мүшесі Дос Көшім Аbai.kz  тілшісіне комиссия жұмысына бұлай немқұрайлы қарайтындарға көңілі толмайтынын айтыпты.

«Негізі жер комиссиясының отырыстарын өткізу жұмысы Ауылшаруашылық министрлігіне жүктелген. Отырыстың неге өтпей қалғанын солардан сұрау керек. Меніңше, кезекті жиналыстың өтпей қалуы Бақытжан Сағынтаевтің қолының босамауы себеп болған болуы керек. Бәлкім, Ақтөбедегі ланкестік әрекеттің әсері болған шығар. Десе де, қандай жағдай болмасын, бұл отырыстардың өтуі қажет еді, жұмысының тоқтамағанын дұрыс.

Менің көңілім толмайтын біраз дүниелер бар. Өткенде ол жайдың біразының шет-жағасын айттым да. Жер комиссиясының өңірлерде өтетін жиналысы Көкшетаудан, яғни, Ақмола облысынан басталды. Енді Шығыс Қазақстан, Павлодар секілді облыстарда өтпек. Бұл комиссия неге алғашқы жиындарды митингтер өткен Атырау мен Ақтөбеден бастамайды? Неге сол жақтың пікірін алдымен білмейміз? Бұл бірінші мәселе», - деген Д. Көшім комиссиядағы кейбір ұйымдастыру мәселелеріндегі шикіліктерге де тоқталыпты.

«Барлық жұмыс комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаевтің қолының бос болуына байланысты жүргізіліп жатқан сияқты. Комиссияның төрағасы болған соң, ол кісі бүкіл жиынға қатысу керектігі айтылған еді. Негізі мұндай кешенді жұмыс жасаларда арнайы жоба бекітілуі керек. Қай уақытта қандай жиын өтеді, комиссия қандай өңірге барады, барлығы дерлік қатталып, арнайы кесте дайындалуы керек. Мұның бірі де қолға алынбаған. Біз , комиссия құрамындағы азаматтар, өзіміздің жұмысты қалай жоспарларымызды білмей отырмыз. Егер комиссия жұмысының арнайы кестесі болса, біз бар ісімізді соған ыңғайлар едік», - дейді ол.

Комиссия отырысының алғаш рет өтпей қалып отырғанын алға тартқан Дос Көшім әзірге бұл туралы дабыра қылудың қажеті жоқ дейді.

Осылайша, Үкімет жанындағы комиссияның өтпей қалған отырысы мен алдағы жұмысы туралы ресми орындардан тұшымды жауап алу мүмкін болмай отыр. Қазір жер мәселесіне байланысты құрылған jerturaly.kz сайты ашылып тұрғанымен, онда соңғы материал 08 маусым күні сағат 21.08-де салынған екен.

Дархан Мұқантегі

Дерек көзі: «Қамшы»