Ақтөбе оқиғасы: Біздің жұмысымыздан кеткен қате кемшіліктерден деп білемін – Мұхтар Құл-Мұхамед

Бөлісу:

Ақтөбеге шұғыл іссапармен келген «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары имамдармен кездесуінде елбасының барлық парызды орындаған нағыз мұсылман екенін атады.

Құл-Мұхаммед Ақтөбедегі терактіге билік пен құқық қорғаушыларды кінәлады

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Президентіміз мұсылмандық парызын түгелімен орындаған адам. Меккеге де, Мединеге де барған. Әл Харамның қақпасын жылына бір рет ашқызып кіріп, мұсылмандық парызын орындаған кісі. Құранды да біледі. Өз ата-бабасының басына барған кезде имамның айтқанына жүгініп отырмай, соңында өзі қалып фатиханы да, ықыласты да, яшинді де оқығанын мен өз көзіммен көрдім»,- деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Елбасының атынан елдегі жағдайды бақылап, қаза болғандарға көңіл айтуға келген Мұхтар Абрарұлы азалы үйден еңсесі езіліп шыққанын айтып берді.

«Қасіретті оқиғалардың орын алуы біздің сай-сүйегімізді сырқыратып отыр. Қаншама бала жетім қалды. Жаңа ғана күйеуінен айрылып, аңырап жылап отырған әйелді көрген кезде Бердекең екеуміз кірерге жер таппадық. Дәл өзіміздің бауырымыз соларды өлтіріп кеткендей қайта-қайта кешірім сұрап, жұбату сөзін айттық. Он жасар баласы әкесін іздеп жылаған кезде сай-сүйегіміз сырқырады. Шынын айту керек, қара жердің асты болса, соған кіріп кете жаздадық», -деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Елдегі толқуды дер кезінде зерттей алмаған құқық қорғау қызметкерлерінің де кінәсі барын айтты.

«Қасиетті Рамазан күнінде қасіретті оқиғаға жиналып отыруымыздың өзі біздің жұмысымыздан кеткен қате кемшіліктерден  деп білемін. Адамды кінәлау оңай. Ал енді осыған кім кінәлі дейтін болсақ, қанішерлердің әрекетін дер кезінде зерттей алмаған, болжай алмаған, ауыздықтай алмаған құқық қорғау орындарының да кінәсі бар шығар. Тәрбиеміз жетпеген, айтар сөзіміз өтпеген, дәйегіміз жетпеген болуы да мүмкін»,- деді ол.

«Мен болып жатқан оқиғаға сіздер мен біздер кінәлі дегенде тікелей мағынасында түсінбеңіздер, оның ішінде мен де кінәлімін. Облыстың әкімі де кінәлі деген сөз, жергілікті жерде сөзі өтпеген билік те кінәлі. Себебі. біреуді кінәлі деп көрсете салу оңай. Кінәні адам өзінен іздеу керек», – дейді билік партиясының өкілі.

«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары әкесін іздеп жылаған баланың көрінісі көз алдынан кетпей отырғанын имамдармен кездесу соңында қайтара айтты.

«Мен сондай жолға түскен адамдардың біразымен сөйлестім. Қазақша айтқан кезде,  әліпті таяқ деп білмейтін адамдар. Шала сауатты діндарлардан білім алғандарды кім жеңеді? Білімі, ақылы асқан адам жеңеді. Теріс жолға түсіп кеткен адамдардың барлығын тәрбиелеуге болады. Тәрбиеге көнбейтін адам болмайды, тәрбиелей алмайтын адам болуы мүмкін. Бауырларым, мен кішкене ашыныңқырап айтып отырған шығармын. Қазасы бар үйден шыққан кезде жердің үстімен барып, астымен шықтық. Әлі күнге дейін баланың жылағаны көз алдыма келгенде жанымды қоярға жер таба алмай отырмын»,  – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Дерек көзі: NUR.KZ

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. нұрлан 8 Маусым, 2016 09:48 Жауап

    бұл әкімдердің имамдардың және ішкі істер полицияларының қәтелігі әкімдер мінберінен жерге түсіп халықтың жағдайы менен шаруасы жоқ кәсіперлердің тендірден жеңіп алған ақшасына мәсіріп жүр халықпенен мүлдем шаруасы жоқ имамдар кімнің кім екенін халыққа айтудан қорқады шетте оқып келген және әкелген діндерін насиқатап жап жүр ал полиция болса шеттен келген келімсектердің 5000 тенгесіне бола ал өзіміздің жұмысыз жүрген балалар сол жерден напқасын табайын десе табалмай әркімге жәутеңдеп жүр олардың орнына полиция сыртан келген келімсектерді жайғастырып жүр барлық кінә полициядан тәртіп пенен айналсудың орнына мәшін аңду менен жүр

  2. ҚазақиЯ 8 Маусым, 2016 10:18 Жауап

    Өз қателігін мойындау үлкен батырлық,ал сол қателіктерді нақты дәлдікпен белгілемей,сараптап таппай,басқа жаққа халық назарын бұрмалап,тағы да өтірік саяси бұлғаңға салу қатындыққа жатады.Оны халық білмейді деп ойлайтын саясаткерлер мұндай жағдайларды қоздыра түседі.Еркіндікте күре тамырымен шыланған қазаққа қысым,цензура,қудалау сияқты әрекеттер кері әсерін тигізеді.Сондықтан бейбіт наразылық акциялары,сайлау туралы т.б. Заңдарды әділетті етіп тез арада өзгерту керек,сол заңдар түзелмейінше Жер сату,жалға беру туралы заңды тоқтату керек. Жазықсыз қамалған активистерді босату керек.Одан да көп халықтың көкейін шірітіп жатқан әділетсіздіктер бар.Билік осы мәселелерге нақты(өтірік емес) қадамдармен бет бұруы керек.

  3. Cенбек Сансызбайұлы 8 Маусым, 2016 10:44 Жауап

    Құқық қорғау органдарына халықтың қалтасындағы барын сыпырып алу үшін барлық жағдай жасалынған. Парламент осы мәселені терең зерделеп, айыппұл салуды азайту мәселелерін қайта қарап шығуы керек! Радарға түсіп қалдың деп, мен мінген көліктің иесін 21 000 теңге айыппұл төлеуге мәжбүрлеп, құжат толтырмай үш мың теңгесін алған. Бұл масқара, халық наразылығының тууына себеп болатын бір ғана мысал.

Пікір немесе жауап жазу

17 + 12 =