Қазақстандағы "сары" түс 40 күнге жалғасады

0540 тәулікке дейін Қазақстанның барлық аумағында террорлық қауіптің «сары» түсі жарияланды. Бұл туралы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді. 

 «Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, республикалық терроризмге қарсы күрес оперативтік штабының жетекшісі – ҚР ҰҚК төрағасы генерал-лейтенант В.З.Жұмақанов халыққа террорлық актілердің қауіпін ескерту және ақпараттандыру Ережесінің 4 тармағына сәйкес, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, ШҚО, БҚО, СҚО, ОҚО, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында 40 тәулікке дейін террорлық қауіптің «сары» түсі жарияланды»,- делінген ҚР ҰҚК таратқан мәліметті.

Орын алған жағдайға орай комитет халықты жүргізіліп жатқан мемлекеттік органдардың жұмысына түсіністікпен қарауға шақырады. Иесіз қалған заттарға (сөмке, қораптар, орамалар, қаптар, чемодандар және т.б..) назар аударуға, әсіресе, сым жалғанған техникалық құралғыларға көңіл бөліп, көлікте, қоғамдық орындарда күдікті адамдарға назар аударуға шақырады. Күдікті заттарға жақындамай, бейтаныс адамдардан сәлем-сауқат алып, оны сақтауға алмауға кеңес береді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-қимылдарына, құжат тексерулеріне түсіністікпен қарап, мейілінше көмек көрсетуге шақырады.  Ақпарат ретінде айта кетейік, террорлық әрекеттердің дәрежесін анықтау үш түске сай сараланады. Сары түс - бірқалыпты жағдайды білдіреді. Тек ақпараттардың террорлық актіге қатысы барлығын анықтау кезінде енгізіледі.

Дерек көзі: korrespondent.kz