Ол – о  бастан қызылкөз!

Бөлісу:

   05         Жаңбырдың ара-арасымен жүгіргеннен жүгірген бойы биліктің  басына жетіп, қолтығына қысқан  тулағын таққа лақтыра тастап, қарғып шығып, жалп етіп отыра кететіндер қай заманда да, қай елде де болған, болып та жатыр, болады да. Ондайлардың және бір «қызығы» – әуелде тақта әлгі-әлгі…  қаққан қазықтай болып отырып, төңірегін көзімен күндіз-түні тінткілеп, өзіне ертеңді-кеш бас шұлғыр байғұстарды тауып, теріп, айналасына жинап алады да, бөксесін қыздырған биігінен құдайдан басқа сүйреп түсірер күш жоғын біліп, жыл он екі айы көктемге айналады. Содан соң таққа: бірте-бірте біржамбастап отырып, шынтақтап жатып, шалқасынан шалжиып, ақырында төсек салдырып, тырайып жатып алады. Әрине, әке-шешесінен мұра отыз тісін, жиырма саусақ-башайын санап жатпайды, аузын жаппай пәлсәпа соғып, өсиет таратып, бұзау-торпақ тұра тұрсын, өгіздің де ішіне симайтын өкініш айтып өкіре бастайды. Енді сондайлардың біреуіне бағышталған бір мысал мінеки:

            «…1993-жылдың бас шенінде болар, Санкт-Петербургта әйгілі Кербер қорының жиыны өтті.

(Қор туралы қысқаша мағлұмат. Оны 1947-жылы Гамбург қаласының тұрғыны, ізгілік-игілік істерге құмар қоғам қайраткері неміс Курд Кербер ашқан. Халықаралық байланыстарды бейбіт жолмен дамытуды, ғылым, өнер жетістіктерін насихаттауды мақсат еткен. Оның КСРО-дағы бөлімі 1959-жылы Ленинградта ұйымдастырылған, – Ғ. Қ.) 

            Жиынды қала әкімі Анатолий Собчак ашты. Көптеген елден келген делегаттар халықаралық деңгейдегі мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салған байсалды әңгіменің бір әредігінде сахна шетіндегі мінберге сап-сары жігіт селтиіп шыға қалады. Бойы орталау, сидиыңқы, сопақ басы сәл-пәл қасқалау. Қордың бұрын-соңды жиындарына қатысқандардың ешқайсысы көрмеген біреу. Оның қала әкімінің орынбасары Владимир Путин екені хабарланады. Қиық көз бен созыңқы мұрын иесі  шелпек ерінін іске қосып, екпіндеп сөйлей жөнеледі де, оқыс пікірлерімен жиынның шырқын бұзады. Сонда ол не деген? Ол коммунизм идеясын ес білген кезінде-ақ іштей қабылдамағанын, КСРО-ның ыдырағаны өте дұрыс болғанын, бірақ байырғы  орыс жерінің Қырым мен Солтүстік Қазақстан сияқты бөліктері Ресейге қайтарылмай кете барғанын, сөйтіп, жалпы саны жиырма миллион орыс бөгде елдерде өмір сүруге мәжбүр болып, өкпелері қабына сорлап жүргенін тістене  айтады және оларға қосазаматтық құқ міндетті түрде берілуі керек, олардың  жеке бас еркіндіктеріне нұқсан келтірілмеуі керек, оларды қорғауымыз керек деп екілене тебітеді.

Оның көпе-көрінеу парықсыз ол пиғылына көпшілік дереу наразылық білдіреді. Б. Ельциннің ұлт мәселесі жөніндегі кеңесшісі Эмиль Паин: «Басқа елдерде қалып қойған  орыстарды қорғау» дегендей  ұшқары сөзді айту дұрыс емес, мұндай пиғыл ТМД ішінде қақтығыс жасалуына апарып тірейді десе, профессор Ватаньяр Ягья  Путинді көзімен атып: – Қырымды патшалық Ресей онсегізінші ғасырда жаулап алды емес пе? Солтүстік Қазақстанға орыстарды тоғытқан да сол билік қой? Сонау құрыған империялық  өктемдікті  жаңғырту  ұлыдержавалық саясатты көксеу емес пе?! – дейді  (А. Рардың «Владимир Путин.  «Неміс» Кремльде» деген кітабынан).

Иә, небары Собчактың орынбасары кезінде шовинизмнің шымылдығын жұлқылап, Қазақстанға, Қырымға сұғын қадаған Путин Ресейдің  билігіне жармаса сала, өздеріңіз білесіздер, Шешенстанға қарсы соғыс бастады, Грузияның ішкі ісіне қол сұқты. Ал президент болысымен: – Жер бетінің қай түкпірінде болсын тұратын орыс жәбір көре қалса, біз оған көмектесеміз! – деп безеріп, бүкіл әлемге сес көрсетті. Ел билігі  тағын Д. Медведев екеуі өзара саудаға салып, екінші мәрте президент болысымен баяғыдан көкейін құртып жүрген Қырымды қарулы күшпен бассалып, Украинадан тартып алды да, құбыла қалып, бір аптадан кейін «Қырым референдумын» өткізіп, қырымдықтардың Ресейге «өздері сұранып  қосылғанын дәлелдеп» сайрап берді, сонсоң украин жеріне әскерді өз бұйрығымен  төккенін «заңдастыру» үшін тілалғыш думасына құптаған қаулы шығарттырып алып, «орыстарға күн көрсетуді қойған» Украинаға шеңгеліне қоса тісін салды! Ресеймен терезесі тең тәуелсіз елге басқыншылық жасағаны, өздеріңіз білесіздер, алғаш президент болғандағы шовинистік сес көрсетуінің  бір көрінісі болды.

Дүние жүзінің игі ниетті елдері кінәласа да, Путин Украинаға басқыншылық жасағанын мойындаған жоқ. Алғашында: Украинаға  көп әскер, қару-жарақ апармадық, бір айдан кейін әскерімізді  кері шақырып алдық, қару-жарақ қалдырған жоқпыз, деп түлкіқұйрықтанды. Ол өтірігі нақты дерекпен дәлелденгенде де міз бақпады. Тар терімен әрең  қаптап қойғандай жылмағай беті бүлк етпеді. Украинаның «шабуылынан қорғанушы орыс облыстары» бітімді ауызға алар емес, иә, қамқоршы алдырмаған соң. Қарулы қақтығыс жүріп жатыр, ал олай болса, бұрында әскері, соғыс техникасы болмаған бейбіт екі облыстың «қорғанушылары» танкті, басқа да керек атыс құралдарын қайдан алып отыр? «Жау» Украинадан ба?.. Путин оны «білмейді».

Орыста: «Аппетит приходит во время еды» деген мәтел бар ғой. Оны Путиннің жаратылысына қарай қазақ тіліне сайдырып көрсем: «Асайбергіштің араны ашылып тұрады». Иә, Путиннің араны атойлап, Украинадан соң, 2015-жылдың қазан айында Сирияны бассалды. Неге? Онда да орыстар ойбайлап жатты ма? Жоқ! Сирияның өзі сияқты билікқұмар «құдайы» Асадты қорғауға ұмтылды. Кімнен? Елдің сыртқы жауынан ба? Жоқ, тұрмыс-тіршілігі титықтата бастаған халықтың Асад билігіне қарсы қозғалысын жаныштауға жұлқынып жетті. Бейкүнә халыққа бес ай бойы орыс бомбасын үсті-үстіне төкті. Халықаралық батыл айыптауға ұшыраған соң ғана тоқтап, «негізгі әскери күштерін» Сирия жерінен алып кетуге мәжбүр болды. Асад-Путин одағының ымыраласуы салдарынан сол кезеңде: 400 мыңнан астам адам қаза тауып, 300 мың шамасы адам жарақаттанған; 4 миллион сириялық туған жерінен, елінен безіп, тентіреп, Еуропаны кезіп кеткен. Аштықтан, аурудан жол-жөнекей көз жұмғандары қанша екен?!. Ол да – басқыншылық, шовинистік  саясаттың кесапаты!

Ресейдің бұл қожайыны сонау: дүлей Хрущев, мерез Солженицын, таңбалыбас Горбачев, жынбуған Жириновский… братандарынша  Қазақстанға қарап ұйықтап, Солтүстік Қазақстанға қарап оянып жүрген жоқ па екен?!. Әйтеуір, Астанаға келген сайын әкесінің үйінде жүргендей тайраңдайды.

 Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

(06. 06. 2016 ж.)                                                                                                                                  

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 5 пікір жазылған

  1. мұрат 7 Маусым, 2016 12:52 Жауап

    дұрыс сол түстүке сақ болу керек бұлар теңдігінен батысты аламайды олар өліспеи беріспеи жерін беріп қоиатындар емес жәнеде батыс чешен халқы сияқты оларға тыныштық бермеиді олар оны жақсы біледі сондада төрт құбламызға сай болып отыру керек оң түстікеде қарап отыру керек оң өзбек солыңда қытай жан-жақты сақ болу керек

  2. Семсер 7 Маусым, 2016 23:49 Жауап

    Ресей Сирияның президенті Асадтың шақыруымен 2015жылдың кыркүйегінде әскери көмек көрсетуге келді. Ал жүздеген мың өлгендермен жаракаттангандар, млн-даған боскындар олар Сирияда 2011ж. жалғасып келе жаткан азаматтық соғыстың нәтижесінде орын алған нәрселер. Араб көктемінің толқынында өткен Сирия укіметінің саясатына карсы бүліктер елді азаматтық соғыска әкеп сокты.2014ж. кыркүйегінде АКШ-пен бірқатар НАТО елдері Сирия елінің рұксатынсыз елдің ішіндегі азаматтық соғыска араласып кетті. Ресми себеп -ИГмен Алкаиданың бөлімшесі Ан нусрамен күрес. Елді мекендерге ракета-бомбылық соққылар жаудырды. Сол кезде акш конгресі сирия укіметіне карсы курес жүргізетін елдегі оппозиция күштеріне әскери көмек көрсетіп, оларды каржыландыру (500млн.$) туралы шешім кабылдайды. Кейін ИГтеррористерін бомбылаудың орнына Сирия укіметінің әскери объектілерін де бомбылаған. Сондыктан Асад Ресейден әскери көмек сұрайды. Ресей Сирияға кіргелі, оқ атуды тоқтату тәртібіне наурыз айынан бері 250 елді мекен косылды, сириядағы жағдайға арналған үкіметпен оппозиция арасында жоғары деңгейде келіссөздер (женевада) жүргізуді ұсынды. Ресейдің сириядағы әрекеттері басталғалы, Исраиль премьері Мәскеуге 3 рет келді. Ресей Сирия жерін ланкестерден босату каркынын токтатпай жаткандыктан, Исраиль Голан биіктігін (сирияның жерін) өзіне сактап калғысы келеді. Оған коса, Исраиль мен Палестина арасындағы территориялық даумен, палестинаға тәуелсіздік беру мәселелеріне арналған осы жылдың күзінде өтетін келіссөздерде палестина ресейге улкен үміт артып отыр.

  3. Қолқоюсыз 12 Қазан, 2017 18:55 Жауап

    Араб коктемы емес-Араб кыргыны, онын барын жасаган, Ресей емес АКШ-пен батыс.

    • Қолқоюсыз 12 Қазан, 2017 19:04 Жауап

      Калайда болсын Путин дурыс жасап жур. Быздыкыде Россиямен бырге Ол да дурыс, бызгеде Сириянын етыгын кигызе салу, батыска боктан онай олардын демократиясы ешкандай боктан жиыркенбейды.

Пікір немесе жауап жазу