Қазақ тілін менсінбегені үшін Самат Смаков отандық емес, легионер футболшы атануы тиіс

«Ақтөбе» футбол клубының капитаны, футболшы Самат Смақов “Қазақ тілін онша білмеймін” деп қалың бұқарадан именбей айтқан сөзін оқып не жыларымызды, не күлерімізді білмедік.

Ана тілі, мемлекеттік тіл мәртебесі әр күніміздің ең өзекті тақырыбына айналған заманда осындай шүлдірбай азаматтарымызды көріп қарнымыз ашады, қадіріміз қашады. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Акишев (тектері әдейі орысша жазылған) мырза мен министр Бозумбаев та өз ана тілдеріне деген немқұрайлығын танытқан еді. Әсіресе, лауазымды қызметтегі адамдардың осындай өз тілін менсінбеушілігін көргенде кірерге тесік таппайды екенсің. Соңғысы (Бозумбаев) тіпті, қазақ тілінде қойылған сауалға қазақша жауап беруден қашып, көрші Ресей Федерациясының тілінде жауап берді. Сол арқылы Елбасы саясатына, тіл саясатына қарсы шығып, өрескел заңды бұзды. “Өлімнен ұят күшті” деуші еді атам қазақ, бұлар туралы не айтарымызды да білмей қалдық.... Өз қандастарымыз осылай деп көкігенде, өзге ұлттарға не дейміз……

Доп қуып, бюджеттен, халықтың есебінен миллиондап жалақы алатын футболшыға оралайық. Смаков қазақ тілін білмегендіктен қазақ тілді басылымдарға сұхбат та беруден қашатынын ашық айтты. Менімше, өзін сыйлайтын барлық қазақ тілді басылымдар Смаковқа “БОЙКОТ” жариялауымыз керек. Бізді, ана тілімізді сыйламаса, біз де орысқұл футболшыны жазып, олардың онсыз да қызықсыз ойындарын насихаттамайық.

«Бірден мойындайын, қазақшаны онша білмегендігімнен болар. Біз Кеңес Одағы кезінде тудық қой, оның үстіне ес білгелі қаладамыз. Әрі сол уақытта қала бойынша тек бір-ақ қазақ мектебі бар еді, ол алыста дегендей…» дейді сабазымыз.

Кеңес одағы құлап, еліміз егемендік алғалы бері қанша жыл өтті. Күніне бір сөзден жаттап отырсаң да, қазақ тілін толық меңгеріп алатын уақыт келді емес пе?

Самат Смаков мырза! Сіз қазақ тілін білмесеңіз, қазақшаны керексінбесеңіз, қазақ халқына да сіз керек емессіз. Сіздің осы сөзіңізден кейін қазақтар үшін “Смаков отандық футболшы емес, легионер футболшы”!

Алтай Сағидолда, juldizdar.kz