Исламбек мырза, Сізге ана тіліңіз артық па, ағылшын тілі қымбат па?

018“Үштұғырлы тіл” саясаты – қоғамда сан алуан пікір туғызған ең өзекті мәселе. Елбасының осы идеясы қазаққа қаншалықты пайдалы және қаншалықты кері әсері бар екенін әркім өзінше пайымдап, өз ұсыныстарын айтып та жүр. Қолдайтындардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет пен үкіметтің асырауындағы адамдар екенін көрдік әзірге. Ал, халықтың ойы мүлдем басқа…

Былдырлап сөйлей бастаған, әлі тілі де дұрыс шықпаған балаға 1 сыныптан бастап ағылшын, орыс тілдерін үйрете бастаса, 11 сыныпқа дейін тұтас ағылшын тіліндегі оқыту жүйесіне көшсе, сіздің балаңыз мектепті қазақ емес, өзге ұлт өкілі болып бітіреді. Қаны қазақ болғанымен, ана тілін жетік меңгермеген жанды қазақ деп айтуға болмайды.

Осы орайда, Қазақстанның белгілі кәсіпкерлері де көп тілді оқыту жүйесін қолдаған ашық хаттарын жариялады. Қолдағандардың басым көпшілігі өз тілін бұрыннан да білмейтін кәсіпкерлер болса, олардың қатарында Исламбек Салжанов секілді руханиятқа көп демеушілік жасаған тұлғалар да бар. Салжанов мырзаның демеулішіктен шаршағаны ма, мәдениетімізге қастық қылуға көшкені қалай?

Өз хаттарында кәсіпкерлер барлық қазақстандықтарды осы үндеуге қосылып, “үштұғырлы тіл” саясатын қолдауға шақырады. Ол түк емес, “болашақ ұрпақ үшін жаңа білім керек” дейді. Жаңа білім дегендері – ағылшын тіліндегі білім. Демек, ана тілі керек емес деп ашық айтып тұрғандары. Бұл ұлтқа деген опасыздықты кешіруге бола ма?

Біз ұлтына, ана тіліне сатқындық жасап отырған кәсіпкерлердің ішінен қазаққа ең жақындау деген Исламбек мырзаға сұрақ қойғымыз келеді.

“Исламбек мырза! Сізге ана тіліңіз артық па, ағылшын тілі қымбат па? Өз немереңіз қазақ тілін білмей, өз салтын, жеті атасын, мәдениетін, әдебиетін білмейтін жеткіншек боп өспейтініне сенімдісіз бе?”…

Алтай Сағидолда, 

Дерек көзі: juldizdar.kz