Бүгін – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі дүниеге келген күн

Бөлісу:

01092 жыл бұрын (1924-2013) әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы НҰРМАҒАНБЕТОВ Сағадат Қожахметұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1943 жылы Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Солтүстік Кавказ, 4-ші Украин және 1-ші Беларус майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді.

1954-1958 жылдары – мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары – мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары – Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.

С.Нұрмағанбетов Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. Тәуелсіз еліміздің қарулы күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар осы мектеп қабырғасынан тәрбиеленіп шығады.

«Ленин», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», 1,2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен, медальдармен, шет ел орден-медальдарымен марапатталған.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу