Халық қаржысы қайда кетіп жатыр?

c1c5cc6cbb010b3de4886c4ea6e00a2d

БІЗДЕ БЮДЖЕТ АҚШАСЫН БАҚЫЛАУ МЕН ҚАТАҢ ТАЛАП ЖЕТІСПЕЙДІ

Елімізді дамытуға бөлінген миллиардтаған теңге тағы игерілмей қалды. Министрлер мен әкімдер тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны тиімді жұмсамаған. Былтырдың өзінде 8 миллиардқа жуық теңге игерілмей, салдарынан қаншама баспана, аурухана, мектеп сияқты аса қажет нысандар салынбай қалған.

Еліміздің экономикасының дамуы бірінші кезекте қаржыға байланысты. Осы мәселені талқылаған Мәжілістің кезекті отырысында есеп беруге қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың өзі арнайы келді. Депутаттар Мәжілісте бекітіп берген бюджеттің әр тиыны қайда жұмсалғанын сұрап, тергейтінін білгендіктен қасына көмекшілерін де ерте келіпті. «2015 жылы 7 триллиондық бюджетте 7,8 млрд. теңге игерілмей қалды. Бұл 2014 жылға қарағанда 4 есеге аз», – деп қуантпақшы болды депутаттарды министр Сұлтанов. Бірақ, қуанатындай жағдай жоқ-ты. Қолдағы бар ақшаны ұқсата алмағандардың тізімін ең жоғарғы құзырлы орындар – Президент ісі басқармасы, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері бастап тұр. Ал, мемлекеттік қарыз 9 трлн. 22 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, Есеп комитеті 459 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтапты. Яғни, осыншымы қомақты қаржының қайда кеткені белгісіз. Шенеуніктер «қазына қаржысын пайдаландық» деп есеп бергенімен, іс жүзінде әлеуметтік нысандар мүлдем салынбаған. Ауруханалар жыл сайын дәрі-дәрмекті артығымен алып, қоймаларда босқа сақтаған. Ал, тұрақты есепте тұрған науқастарға дәрі үнемі жетіспей жатады. Медициналық қызметтің сапасын жақсартуға бөлінген ақшадан да мүлдем хабар жоқ. – Мәселен, тұрғынүй құрылысына бөлінген 39 млрд теңгенің 1 млрды игерілмеген. Шаруаға ебі жоқ шенеуніктердің кесірінен қаншама адам пәтерсіз жүр. Бұған қоса 7 мектеп пен 7 аурухана салынбай қалған , – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева. Бұл аздай, тендерге қатысатын кәсіпкерлер де бюджеттің қаржысын пайда көзіне айналдырып алыпты. Былтыр бизнесмендер жалған құжат толтырып, бюджетке 1 трлн. теңге салық төлемеген. – 484 мердігер мемлекет қаржысын алғанымен дұрыс жұмсамаған. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 409 млрд. қаржы жұмсалған. Содан қазынамызға түсуге тиіс 130 млрд. теңге салық алынбаған. Мемлекеттік сатып алуды қарасақ, 1,5 трлн. қаражат кеткен, содан 430 млрд. теңге салық алынбаған. Бұлар немене, сонда мемлекеттің қаржысын алып, жалған кәсіпкерлерге берген бе? – деді есепке жүйрік белсенді депутатымыз Нұртай Сабильянов. Былтыр Байқоңырды пайдаланғаны үшін Ресейден алған ақшаның да Үкімет есебіне жете алмай жатыр. – Біз 115 млн. долларды алдық па Ресейден? – Доллармен толық алдық. Бірақ, теңгеге айналдырғанда 2 млрд. жетпей жатыр. – Неге біздің теңге аяқ асты арзан болып кетті? Депутаттар мен министр арасындағы мына әңгімені тыңдаған адам таңғалары сөзсіз. Келісім-шарт бойынша белгіленген соманы санап алу қиын болып па? Қайдағы 2 миллиард? Доллардың бағамын 340 теңгеден алғанның өзінде 39 млрд. теңгеден асып кетпей ме? Мәселе – сол ақшаны ұрламай, үнемдеп халықтың кәдесіне жаратуда емес пе? Бізге жетіспей жатқаны да осы. Бөлінген бюджет ақшасын игере алмай, одан қалды жымқыру жылма-жыл тұрақты түрде қайталанып келе жатқан көрініс. Есеп комитеті тексерісінен кейін біздегі бірде-бір сала, бірде-бір мекеме мемлекет қаржысын дұрыс пайдаланбайтын болып шығады. Біреуі бөлінген ақшаны игермесе, екіншісі ұрлап, өз пайдаларына жұмсайды. Аймақ пе аудандарды айтпай-ақ, Президент ісі басқармасы, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері бөлінген қаржыны игере алмай жатса, пәрменді Парламентіміз өткен жылы Есеп комитетінің мәліметінше 3 млрд. теңгені мақсатсыз жұмсап, мемлекетке қыруар шығын келтірсе басқаларға не деуге болады? Ол аз болса, «Былтыр бас прокуратура 108 млн. теңге қаржыны сый-сияпатқа жұмсаған. Не сонда бұл құқықтық мекеме емес пе, соншама сыйлықты кімге беріп жатыр? Нені үлестіріп жатыр? Бұл не деген шығын? Конституциялық кеңестің өзінде бас-аяғы 30 адам жұмыс істейді, 65 млн ақшаны шығындаған, сол біреуге сый беруге» – деді ресми деректерді алға тартқан Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев. Депутаттың айтарындай бар, заң бұзушылықты қадағалайтын органдардың өздері мемлекет қаржысын оңды-солды шашса, басқаларынан тәртіпті талап етудің өзі артық. Есеп комитеті қаржылық ұрлық-қарлықтарды ашып бергеннен қандай пайда? Ақшаның есепсіз ұрланып жатқанын бүкіл халық былай да біледі. Заң бойынша нақты шара қолданылмаған соң ол туралы айтып, ауыз ауыртудың да қажеті жоқ. Ал, өңірлердегі әкімдер қазынаның қаржысын жұмсағанда ешбір ережеге, белгілеген тәртіпке бағынбайды екен, бас-басына би болып алған. Былтыр аймақтар 352 млрд. теңгені заңсыз пайдаланған. Ол үшін әкімдер мен вице-министрлерге сөгіс жарияладық деп құтылды Бақыт Сұлтанов. Миллиардтаған қаржыны ысырап еткендерге сөгіс жариялау – ашумен қатар күлкі де тудырады. Оларды қылмыстық жауапқа тарту үшін жемқорлар қаржыны триллиондап ұрлағанын күтуіміз керек пе? Сөгіс жариялау – жемқорлардың бастарынан сипағанмен бірдей шара ғой. Әрі кетсе қызметінен қуған боламыз. Бірақ, бір ай өтпей жатып жаңағы басшының тағы бір жоғары, жауапты жұмысқа тұрып алғанын көреміз. Жазаланбаған жемқорлар жалғанды жалпағынан басып жүр. Әлде жемқорларды жауапқа тартатын құзырлы орындарымыз олармен ауыз жаласып, жең ұшынан жалғасып, «бірлескен кәсіпорын» құрып алған ба? Олай демеске амалымыз жоқ, Есеп комитеті есептеп, шұқып тұрып көрсеткен қылмысты құзырлы орындар қалай көрмейді? Сонда сол желге ұшқан қаржының орнын кім толтырады? Қайда қарасаң да миллиардтаған қаржылар ұрланып, жоғалып жатады. Бүйте берсек, бюджет ақшасы емес, бүкіл тұрғындарымыздың басындағы шаш та шақ келмейді ғой. Осылай кете берсек жерімізді қазба-байлықтарымен, тіпті адамдарымызды бірге қосып сатсақ та ешқашан қаржыға қарық болмасымыз анық. Бюджет ақшасын бақылауға алып, оған жауапты адамдарға қашан қатаң талап қойылады екен? Әлде, халық қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында осылайша кете бере ме?..

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz