Жер мен ауылды қауымдық шаруашылық құтқарады

auyl  

Жер туралы республикалық  комиссияға  талап-ұсыныс

Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай сатуға және 25 жылға жалға беруге батыл һәм жанкешті қарсылық көрсеткен халық ақыры жартылай жеңіске жетті. Билік пен үкімет икемге келіп, халықпен санасуға мәжбүр болып, Келісім комиссиясы құрылып жұмыс істеп жатыр. Оған қойылар басты халық талабы  белгілі. Ол: жерді жекеге ешкімге сатпау және шетелдіктерге 25 жылға, яғни ұзақ мерзімге жалға да бермеу. Әлеуметтік желіде : «Жерді сатпаймыз,жалға бермейміз десек,онда ол жермен не істейміз? Осы жөнінде сауатты талап-ұсыныс керек» деген орынды пікір айтылды. Рас, шынында  не істейміз? Келісім Комиссиясының талқылауларына осы сұрақтың дұрыс жауабымен бару керек қой. Үкімет пен оның министрлері, барша әкімдері: «Жер өнім беруі керек, жермен жұмыс істеу керек» деп, сол уәжді алға тартады. Ал Үкіметтің өзі, ауыл шаруашылық министрлігі мен әкімдер сол жермен неге өздері жұмыс істемейді?! Осы сұрақты неге қарсы қоймасқа. Ең өкініштісі, жермен қалай тиімді жұмыс істеуді облыстардың  әкімдері де, аудандардың әкімдері де білмей отыр, қысқасы басқара алмай отыр. Білмегендіктен осындай әрекетке барып, халық наразылығын тудыруда. Ойлап отырсақ,үкіметіміз шаруашылықтарды басқаруда өз мойындарына ешқандай жауапкершілік алғысы келмейді. Бәрін  жекешелендіріп,өздері басқармай, басқаларға басқартып, солардың  тапқандарынан салық жинап қана отыр деуге толық негіз бар. Нағыз нонсенс,парадокс дегенің осы емес пе. Комиссиядағы халық өкілдері Үкіметтен бәрін жекелерге үлестіріп, құр салық жинап қана отыруды қойып, негізгі міндеті­ – басқару міндетін атқаруды талап етсін демекпіз. Кеңес кезінде жыл сайын Қазақстан Отан қоймасына миллиард пұт астық құйып, облыстар бірінен соң бірі Ленин орденімен наградталып, механизаторларымыз Еңбек Ері атақтарын алып жататын. 35-40 миллион қойымыз болды, соны азсынып, 50 миллионға жеткіземіз деп күрестік. Сол тәжірибелерге неге назар аудармасқа. Кеңес десе оны құбыжықтай көріп жиырыла қалуымыз жөн бе? Жаманы өзімен кетсін, жақсысын алайық деп халық қанша қақсаса да үкіметіміз құлақ қоймайды. Жердің игерілмей жатқанына үкімет шаруаларды кінәлі санайды. Ал шынына келсек, жыл сайын ауылға бөлініп жатқан қыруар мемлекет қаржысы «откат» деген бәленің кесірінен Астана мен облыс әкімдігінде талапайға түсіп, сонау ауылға жеткенше кемінде жартсысы жымқырылады екен. Ал бұл кімнің кінәсі? Оның сыртында жыл сайын облыстарға бөлінген жүз миллиардтаған теңге бюджет қаржысы игерілмей қалғаны Парламентте жиі сөз болып, Президентіміз де үкімет басшысы мен облыс әкімдеріне ұрсып жатады емес пе. Бұл кімнің кінәсі? Әрине, үкіметтің кінәсі екені айқын. «Игере білмеген жерді жамандайды,басқара білмеген елді жамандайды» деген осы. Енді жерді сатпай-ақ та, ешкімге 25 жылға жалға бермей-ақ та оны игеруге болатынын, сөйтіп болашағы жоқ деп, жабылып жатқан, жабылудың алдында тұрған ауылдарды қалай құтқарудың жолдарын айталық. Мен ақын, жазушы ғана емес, ауыл шаруашылығын бір ғалымдай зерттеген және сол салада жұмыс істеген адаммын. 1970-1976 жылдары Алматыда компартияның органы «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында қызмет атқардым. Соның нәтижесінде 1988 жылы бастама көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Қарамановтың табалдырығын тоздыра жүріп, елде алдымен «Игілік» атты шаруашылық кооперативін, содан соң «Болашақ» атты агрофирма құрып, үш жыл басшылық еттім. Мен ауылдарды қазіргі қиыншылықтардан құтқару үшін не істеу керектігін талай айтып та, жазып та жүрген, сан рет бастамалар көтеріп және сол бастамаларымды жүзеге асырамын деп, әлі күресіп жүрген кісімін. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Президент және халық», «Түркістан» газеттерінде «Бағы байланған бастамаларым», «Жаңалықсыз заман алға басар ма?», «Болашақсыз ауыл жоқ», «Бастама», «Қайыңдым, сені қайтейін?», «Ауылды өркендетуге мүмкіндік мол» атты  көлемді мақалаларым жарияланған. Бірақ солардың бір де біріне Үкімет те, ауыл шаруашылығы министрлігі  де ешбір мән берген жоқ. Ауылға жаны ауырған қаншама ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, басқа да ауыл шаруашылығы мамандарының  құнды ұсыныс, орынды пікірлер айтылған мақалалары жарияланып жатады. Әттең, құлақ асатын ешкім жоқ. Ауыл шаруашылығын одан хабары шамалы адамдар басқарып отыр. Оған нақты мысал келтірейік. Үкімет ауылдағы жеке шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, күштерін қосып, ірілендірген шаруашылықтар құру туралы шешімдер шығарып, әлденеше қаулылар қабылдаған. «Село тұтынушыларының кооперативі» деген құрылымның Жарғысы да бар. Кезінде сол жөнінде облыстар мен аудандардың әкімдеріне сансыз бұйрық-жарлықтар берілген. Бірақ бір кезде құрылған шаруа қожалықтарының көбі тарап кеткен; қалғандары қанша үгіттесе де біріккілері келмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған түрлі ереже, Жарғыларда жеке шаруаларды біріктірудің, бірігуге көндірудің механизмі жоқ. Сегіз  жылдан бері сегіз  шаруа қожалығын біріктіре алмаған шығар. Оны айтасыз, өздері бірігіңдер дей отырып, қауымдасып шаруашылық құру үшін 15 миллион  теңге жарғылық қор болуы керек деп заң шығарып, бірігуіне кедергі жасап, тосқауыл қойып қойған. Ал бұған не айтасыз, күлесіз бе, жылайсыз ба?! Енді осы ақылға сыя ма? Күндерін зорға көріп отырған ауылда 15 миллиондық жарғылық қор қайдан болсын. Енді Үкіметтің шаруларды кіналайтын не жөні бар? Ал мен құрмақ болған «Қайыңды қауымдық шаруашылығының» Жарғысында қауымшарға күштемей-ақ кіргізудің, біріктірудің механизмдері жан-жақты жазылған. 2009 жылы өз ауылым «Қайыңдыда» біз өткізген жалпы жиналыста қауымшар құруға, оған мүше болуға бәрі де қол көтерген. Себебі, ауыл адамдары бұрынғы колхоз сияқты жер де, меншік те, игіліктер де бәріне ортақ және бәрі де жұмыспен қамтылатын қауымшарға біріккісі келген. Әттең не керек, ол жолы 15 миллион жарғылық қор сор болып қауымшарды құра алмағанбыз. Ақылдары түстен кейін кіріп, былтыр бұрынғы 15 миллиондық жарғылық қор алынып тасталды. Енді биыл ауылда қауымшар құруды қайтадан қолға алайық деп жүргенде  жерді сатамыз деген шатақ шығып елдің ұрейін алып тұр. Қорыта келгенде, жер жеке меншікке емес, ұжымдық яғни қауымдық меншікке берілуі керек. Оны қауымдық шаруашылық, қысқаша «қауымшар» деп атағанымыз жөн. Үкімет құрмақшы болған «Село тұтынушыларының кооперативінің» жұмыс принципі де шаруалардың, яғни ауыл тұрғындарының бірігіп қауымдасып, жұмыс істеуіне негізделген. Бұл – бұрынғы колхоз. «Совхоздарды таратқанда оны бұрынғыдай колхоз ету керек еді» деген пікірді бәрі айтып келеді. Колхоз да жеке меншікке  жатады.Айырмасы – бәріне бір ғана адам емес, сондағы бар адам иелік  етеді, яғни қауымдық меншік, ортақ игілік. Енді басын ашып алатын мәселе, ауылда мың адамның меншігін бір адам иеленсе, ол бай-феодал болды деген сөз. Оның малын бағатын, сиырын сауатын, отын жағып, күлін шығаратындар сол ауылдың бүгінгі жұмыссыздары. Ал олардың шын аты –жалшы, малайлар, орысша айтқанда «батрактар». Екіншіден, Терещенко, Кулагин  секілді және басқа он мыңдаған гектар шұрайлы жерлерді алып алған латифундистер ауылда тұрмайды, атқарушы директорлар арқылы басқарады. Ал олар егін науқандары кездерінде механизаторларды ауыл адамдарынан алмай, көбіне сырттан жалдайтындары туралы баспасөзден оқығанымыз бар. Пайда сыртқа кетіп ауылға ештеңе бұйырмайды. Сол «латифундистер» өздері жерін иеленіп, көл-көсір тапқан пайдасынан сол ауылға не жақсылық жасайды екен? Бұған журналистік  зерттеу жасайтын газет табылар ма екен?! Жерді қалталы байларға сату арқылы біз қоғамды қайда апарамыз? Әр нәрсені шын атымен атайтын болсақ, феодализмге апара жатырмыз. Жалшы-малайлардың күні байға жалтақтаумен, қорланумен өтеді. Бара-бара ер езге айналады, ал әйелдері байдың отымен кіріп, күлімен шығатын күңге айналады. Ал әбден байып алған бай бара-бара деспотқа айналады. Ауылға осындай өмір, осындай қоғам керек пе? Бұған қалайша жол береміз? Демек, дөңгелек стол басында дұрыстап ақылдасайық. Қалаға капитализм, ал далаға социализм қолайлы екені анық. Қауымшарлар құру үшін бұрынғы кохоздастыру тәжірибесін пайдаланған жөн. Біздер аға ұрпақ сол колхоздарда өмір сүріп, әке-шешелерімізбен бірге жұмыс істеген адамдармыз. Колхоз жекеменшіктің ұжымдық түрі. Жерді жекешелендірсек осылай қауымдастырып жекешелендірейік. Оны құруды, шаруашылығын ұйымдастырып жолға қоюды, басқармаларын тағайындауды, содан соң қатаң бақылауды әрбір ауданның басшылары өздері тікілей жүзеге асырды. Алғашқы мал басы жекелерден жиналып құралды. Кейін сол аз мал өз төлінен көбейіп, мыңғырып өсіп, қыста қыстауларға, жазда жайлауға сыймай жататын. Олай болса, ұжымдық меншікке негізделген қауымдық шаруашылықтар құруды Үкімет өз мойнына алуы тиіс.Ол үшін әкімдер сәтсіздікке ұшыратқан  «Нұрлы көш» бағдарламасын қайтадан жаңғыртып, ол көштің ат басын бұрынғыдай қалалардың жанына емес, далаға, ауылға бұру керек. Міне, сонда, ауылда қауымшарлар көптеп құрылғанда ғана қазақ даласы бұрынғыдай қайта жаңғырып, қыста қыстаулар, жазда жайлаулар малға толады. Бұрынғы зоотехник, мал дәрігері, клуб пен кітапхана қызметкерлері, шопан, сауыншы, бақташы, жылқышы, тракторшы, жүргізуші, егінші, бағбан, шөпші, қоймашы және басқа кәсіп иелері өз орындарын табады. Қалаларда үйсіз-күйсіз жүрген ауыл жастары ауылға қайта оралады. Ауылдарымыз бұрынғыдай сағынып, аңсап барар құт мекендерге айналады. Оралмандар есебінен де ауыл халқының саны өсіп, мектептерімізде балалар саны артып, мұғалімдерге жұмыс көбейеді. Болашағы жоқ деп жабылып жатқан ауылдардың өмірі қайта жанданады, ел тұрмысы оңалып жақсарады. Сол себепті жерді жеке адамдарға сату тоқтатылып, ол ортақ мемлекеттік меншік болып қала беруі керек. Оның игілігін бір адам ғана емес, ауылдың барша тұрғындары тең көруі тиіс. Сайып келгенде, халық пен үкімет бір-біріне құлақ қойып, ынтымақтасып жұмыс істейік, сонда ғана Тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Жазушы Ғабдол Слановтың: «Ел деген әрі  сәби, әрі дана! Даналығынан  үйренсек, сәбилігіне  әкелік  керек!» деп, артына қалдырған  керемет өсиет сөзі бар. Иә, халқымыздың даналығынан үйреніп, сәбилігіне әке бола білейік демекпін. Міне, Үкімет құрып жатқан Келісім Комиссиясы кеңесіне осындай нақты ұсынысымыз бар. Екінші ұсынысым, егер Үкімет тарапынан қолдау болса, ұзын аққан Торғай өзені бойындағы  ауылдарда  қауымшарлар құрып ұйымдастыруға  жоғарыда жазған тәжірибеммен бөлісіп, тікілей ат салысқым келеді. Президентіміз  жақында өткізген облыстардың  әкімдерімен болған үкіметтік жиналыста  жер мәселесіне байланысты орынды, ұтымды ұсыныстарға назар аударып, қолдау көрсету керектігін қадап айтты. Ендеше мен жылдар бойы көтерін қолдау таппай келген бастамамның бағы ашылар кезі енді келген шығар деп үміттенемін.

                                                      Жұма-Назар  СОМЖҮРЕК,

                                                                       Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,   

бұрынғы  «Болашақ» агрофирмасының директоры.

qazaquni.kz