Жерді ең тиімсіз пайдаланатын елдер қатарындамыз - Сағадиев

Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелерінің бірі Кенжеғали Сағадиев Қазақстан жерді ең тиімсіз пайдаланып отырған елдердің қатарында деген пікір білдірді.

Сағадиев: Жердің қадірін білмейтін елдердің қатарындамыз

Сондықтан өнімділікті арттыру мақсатында жерді қазақстандықтарға сатуды қолдайтынын айтты. Алайда кадастрлық бағасы қайта қаралуы тиіс деп есептейді.

"Жер – халықтың өмір сүретін ортасы. Кәсіп жасайды онымен. ЖІӨ-нің 17%-ын осыдан алу керек болатын еді, 4% төмен алып келеміз. Жерді ең тиімсіз пайдаланатын елдер қатарындамыз", - деп келтіреді комиссия мүшесі Кенжеғали Сағадиевтің сөзін jerturaly.kz сайты.

25 жылда көркейген ауылды көрмедім дейді атақты академик.

"Бірақ біз үлкен аумақтың ішінде, оның ішінде жерді ең тиімсіз пайдаланатын елдердің қатарындамыз. Жерді ел азаматтарына сатуға, жалға беруге қарсы емеспін. Себебі одан халық жерді сақтауға, одан өнім алуға ынтасы болады. Бірақ ауылдың жерін дұрыстауымыз керек. 25 жыл ішінде елімізде көркем ауыл бой көтерді ме? Керісінше козхоздар азып барады. Көпшілігі көшіп жатыр", - деп келтіреді "Хабар" арнасы оның сөзін.

Пікір әр түрлі, сондықтан комиссия отырысы әзір аяқтала қоймайтын секілді.

Айта кетейік, 21 мамыр сенбі күні өткен дөңгелек үстел басында комиссия мүшелерінің барлығы дерлік жиналмады. 75 адамның жетеуі түрлі себептермен отырысқа қатыспай отыр. Оның екеуі өз еркімен бас тартқан.

 Дерек көзі: Nur.kz