Жер мәселесіне қатысты әрбір ұсыныс қараусыз қалмайды - Бақытжан Сағынтаев

013Б.Сағынтаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші аптадағы жұмысын қорытындылады

Жер реформасы жөніндегі комиссия жанынан құрылған call-орталық бір апта ішінде 700 қоңырау қабылдаған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Елбасының тапсырмасымен құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия өткен сенбіде өз жұмысын бастаған болатын. Сол бір апта аралығында атқарылған іс-шаралар  туралы мәлімет берейік деп отырмыз. Өткен сенбідегі отырыста айтылғандай, ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан штаб құрдық, сол штаб өз жұмысын бастап кетті. Жəне комиссияның хатшылығы да өз жұмысын бастады. Қазір комиссия мүшелері айтып жатқан жəне қарапайым халықтан келіп жатқан ұсыныстардың барлығы штабта талқыланып,  сенбі, 21 мамыр күнгі кезекті отырысымызда қорытынды шығарылады. Оған қоса, комиссияның call-орталығы жұмыс істейді. Телефон нөмірі - 1434.  Бұл нөмірді де өткен сенбі күні жария еткенбіз. Содан  бері, яғни, бір апта ішінде осы нөмір арқылы аймақтардан 700-ден астам ұсыныс қабылданды, - деп мəлім етті Б.Сағынтаев.

«Əрбір ұсыныс қараусыз қалмайды», - деп уəде етті Б.Сағынтаев. «Жер  мәселесіне қатысты ұсыныстардың барлығы комиссияның қарауына шығарылады. Сонымен қатар, əлеуметтік желілердегі және бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқан ұсыныс-пікірлердің барлығы қаралып жатыр. Əрбір адам осы жанды тақырып жайлы өзін толғандырған ойын жеткізе алады. Елбасы атап өткендей, жер үшін шын жаны ауыратын адам өз ойын ашық айту керек», - деді ол.

Дерек көзі: ҚазАқпарат