АҚЫН МЕРЕЙТОЙЫНА  ТАРТЫМДЫ ТАРТУ

   Наркескен Республика жұртшылығы бұл күндері әлемге әйгілі ақын, түрколог-ғалым, тарихшы, бүгін ғана Елбасының қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" Алтын жұлдызын алған  Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 80 жасқа толған мерейтойын кеңінен атап өтуде. Елу жыл бойы Олжасқа іні болып соңынан ерген, дос болып болып иықтасып қатар жүрген көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досанов Олжас жайлы «Наркескен» атты роман жазып, Алматыдағы «Арда»  баспасынан жарыққа шығарды. Автор романның бас кейіпкері, әлемге әйгілі ақын, түрколог-ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің  күрмеуі қатты күрделі тағдыры жайлы ой өрбіте отырып, арда тұлғаның бейнесін ел өміріндегі елеулі кезең, халық бастан кешкен басты оқиғалармен байланыстыра бедерлі бейнелеген. Кестелі тілмен кестеленген қуатты ой, шуақты сезім, он екі өрім қамшыдай шебер өрілген лирика мен трагедия шығарманы абаттандырып, тарту күшін арттыра түскен. Сәбит Досановтың нартұлғаға арналған «Наркескен» романы Олжас Сүлейменовтың  cексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойына тартымды тарту болып отыр. qazaquni.kz