Гүлдермен көп сөйлесуге уақытым жоқ - әкім

Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы ауылдық округінің әкімі Алмаз Әлімбаев NUR.KZ порталына сырын ашып, гүл өсіру құпиясымен бөлісті.

Ақтөбеде 10 жылдан бері гүлдермен сөйлесетін әкім құпияларын ашты (фото)

«Жұмыста Роза Рамазанқызы деген кісі болды, қазір зейнетке шығып кетті. Сол кісі кабинетіне көп гүл өсіретін еді. Бір күні ол гүлге қарап, қатты ұрысып жатыр. «Сен мүлде гүлдемейсің, сені лақтырып тастаймын!», - деп гүлдің қасына барып, ұрысты. Басында гүлге ұрысқанына түсінбедік, бірақ екі күннен кейін сөз естіген гүлдің жапырақтары гүлдеген кезде қатты таң қалдық. Гүлге деген қызығушылығым сол кезден басталды»,- дейді Қарғалы ауылдық округінің әкімі Алмаз Аманбайұлы.

Гүлге ғашық жігітті гүл сатушылар да танып алған. Оған арнайы жеңілдіктер жасайды екен.

«2005 жылдан бастап өзім гүл өсіруді бастадым. Ол кезде Ақтөбеде гүл сататын «Натали» деген жалғыз дүкен болды. Ал қазір көп, таңдап жүріп алуыңа болады. Арнайы гүл алатын жерлерім бар. Олар маған жаңа келген гүлдерді түсіндіріп, сатып алғанда жеңілдіктер жасайды. Қазір достарым, таныстарымның барлығы маған гүл сыйлайды. Мен үшін ол бағалы сыйлық», - дейді Алмаз Әлімбаев.

Үйіндегі доллар ағашының гүлдегенін қуанып көрсеткен ол хол иіс шығып тұратын гүлдерді жақсы көретінін айтады.

«Фикусты жақсы көрем, ол көп күтімді қажет етпейді. Мен гүлдермен көп сөйлесуге уақытым жоқ. Бірақ бос уақытымда оларға көңіл бөлемін. Қырық шақты гүл болды. Бәрі гүлдеп, хош иіс шығып тұратын еді. Оларды қарауға уақытым болмағандықтан қарындасыма бердім. Себебі, көбіне жұмыспен жүріп, үйде болмай қаламын. Қазір өзім басқарып отырған ауылға 2000 түп гүл тырғызғым келеді. Он жерге, әр мекемелердің алдына отырғызамын. Осыны қолға алғалы отырмын», - дейді ол.

Ақтөбеде 10 жылдан бері гүлдермен сөйлесетін әкім құпияларын ашты (фото)

Лауазымды қызметте жүрген бойдақ жігіт дүркіретіп той жасайтын бақытты күнінің болатынына сенеді. Ол қыздардың тәрбиелі, өз ортасы, мамандығы болғанын жоғары бағалайды.

«Қазір бойдақ екенім рас. Ата-анам қуанышты күтеді. Бір күні ондай қуаныш маған да бұйырар. Бұл тақырып туралы көп айтқым келмейді. Бір күні тойым болды», - дейді ол.

Қызметін Қандыағаш қаласында мұғалім болып бастаған Алмаз Аманбайүлы жұмыстан кейін кешкі уақытта спорт залдарға баратынын айтады. Жетістіктері де жоқ емес.

«Волейбол, футбол, теннис айнаймын. Қазір мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жарыстарға қатысып жүрмін. Биыл Шымкент қаласында өткен республикалық спорт ойындарынан командалық екінші орын алып келдік», - дейді әкім жігіт.

Алмаз Әлімбайұлының бір бөлмелі үйі мен жеңіл көлігі бар. Қарапайым отбасыннан шыққан. «Отбасы құрсам, үйімді үлкейтемін» деп жоспарлап отыр. Гитара тартатын өнері бар.

«Сөзжұмбақ шешемін. Интелектуалдық ойындарды жақсы көремін. Мен негізі сарышаянмын. Жұлдызнамадағы сарышаяндар туралы оқысам, ол өзіме дәл келеді. Достықты қатты бағалаймын. Сатқындықты ұнатпаймын. Көңілімді қалдырған адамға қайтып жақындаса алмаймын, көңілімде қалып қояды», - дейді Алмаз Әлімбаев.

 Дерек көзі: Nur.kz