Ұшқан ұяға тағзым

ХҚТУ түлектерінің 20 жылдық мерейтойы

20 жылдық түлектер бас қосты

Ұшқан ұяға оралған түлектер

IMG_4572Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында оқу орданың 1996 жылы бітірген түлектерінің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Бұл түлектер кездесуінің ерекшелігі - ҚР Тәуелсіздігінің және университеттің 25-жылдығына тұспа-тұс кеп отыр.

Ахмет Ясауи университеті 1991 жылы ашылған болатын. 1992 жылы білім ошағына қадам басқан  жас білімгерлердің бітіргеніне биыл 20 жыл. 1996 жылы алтын ұядан түлеп ұшқан жүзге жуық түлектер, 20 жылдан кейін білім шаңырағында қайта бас қосты. Кешегі түлектер - бүгінгі мамандар. Қазіргі таңда әртүрлі салада еліміздің елеулі азамат пен азаматшалары мемлекеттік қызметтер мен ірі кәсіпорындарда елге қызмет етуде. Барлығы да айтулы жетістіктерге жетіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

Түлектерге арналған жиынның ашылу салтанатында университет президенті, профессор У.Әбдібеков, І вице-президент, профессор М.Куталмыш  құттықтау сөздерін жеткізді. Сондай-ақ, басшылар бірқатар ардагер-ұстаздарға, оқытушы-профессорларға, қызметкерлерге, түлектерге 25 жылдыққа орай мерейтойлық төсбелгі табыстады.

Шара барысында оқу ордамыздың 25 жылдығына  арналған хроникалық фильм көрсетілді. Өмірден өткен оқытушы-профессорлар, қызметкерлерді еске алуға 1 минут үнсіздік жарияланды.

Шара университет түлектерінің салтанатты концертіне жалғасты.  Концерттік бағдарламада университет түлектері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, Нұржан Қалжан, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев және облыстық әзіл-сысқақ театрының, «Күлкі базар» телетеатрының актері Ғалымжан Қалыбаев әзіл әңгімелерін, ҚР Мәдениет қайраткері, Опера және балет театрының әншісі Оразкүл Дәулетова, Халықаралық байқаулардың лауреаты, облыстық сатира театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанов, «Азия дауысы» фестивалі аясында өткен қазақ әндерінің «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Мақсат Құрақбаев, Марат Оразымбетов, Анар Жұмаш, түлектер Құралай Асаубаева, Мәриям Асанова тамаша әндерін орындады. Түлектер ұстаздарға алғыстарын, жылы лебіздерін білдірді. Түлектер студент кездерінен қара шаңырақтағы қызықты естеліктерін, көңіл толқытарлық кездерін айтты. Сондай-ақ, қара шаңыраққа келген мақтан тұтар түлектеріміз арасында теология ғ.д., профессор Досай Кенжетай, ҚР Дін істері комитеті, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, ф.ғ.к., Айнұр Әбдірәсілқызы, айтыскер ақын, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбеков, Түркістан қаласының сазды драма театрының директоры Ержан Исатаев, "Қаржы орталығы" АҚ президенті  Алимкулов Рамазан, Ресей жинақ банкісінің Якутиядағы бизнес-офис бөлімінің жетекшісі Дария Павлова, ҚР Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы АҚ президенті Алдаш Айтжанов, т.б., бар.

IMG_4523Сондай-ақ,  «Біздің түлек – біздің мақтанышымыз!» атты  түлектер галереясының ашылуы тамашаланды. Галереяда суреті ілінген әр түлек өмірде өз орнын тапқан, өз саласының мықты майталман мамандары, елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтар. Түлектер оқу жаңадан бой көтерген ғимараттарды аралап қарқынды өзгерістерді көрді. Ғылыми кітапханада «Кітапхана – студент байлығы!» - деген рухани, ізгі бастаумен кітапхана оқырмандары түлектерге мерекелік тарту жасады.

«Өмір-өзен» демекші, түлеп ұшқан алтын ұяларының құрметті ұл-қыздары осылайша араға жиырма жыл салып, жетістіктермен оралып, ұстаздарымен, оқу ордамен, бір-бірімен қуана қауышты. Тәлім берген ұстаздарда арман-мақсаттарына жеткен, биік шыңдарды бағындырған шәкірттерін мақтан тұтады.

 Ақпарат орталығы, фото: Әлішер Сапаров АРТ студия.

qazaquni.kz