Тарихымызға жаңаша  көзқарас

    010      Қазақ хандығының ұзына тарихы, түптеп келгенде, ел болу жолындағы күрестің тарихы. Бірде шарықтап, бірде құлдырағанына қарамастан, Қазақ хандығы дәурен сүрген заманда қазақ халқы өзінің ұлттық төлтумалығын біржолата орнықтырып үлгерді. Қазақ хандығы кезінде қазақ халқы ұлт ретінде өзінің мәдени-рухани және моральдық-этикалық қалыптарын даралап алды. Тәңірдің өзі тілеулес болғандай, арқалы өнер түрлері асқақ рухты төлтума болмысын қалыптастырды. Сөз жоқ, мұның бәрі ең алдымен Қазақ хандығы кезінде сәтті жүргізілген мемлекеттік идеология мен ұлттық тікелей нәтижесі еді деп айтуға негіз мол.  

   Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда жұртындағы әлеуметтің теңіздей толқып, судай сапырылысуы барысында Қазақ хандығының аясына топтасқан ру-тайпалар да мейлінше алашабыр болатын. Осынау тарихи зобалаң заманның ең айқын айғағын, күні бүгінге дейін бір ру-тайпаның бірнеше түркі тектес халықтар құрамында ұшарасуынан да аңғаруға болады. Сол Алтын Орданың да түбіне жеткен бірліксіз тірлік, әрбірі өз қара басының ойлағандықтан. Неше бір қиын-қыстау кезеңдерде, талай аумалы-төкпелі сапырыстарда, моңғол шапқыншылығы, әсіресе орыс отарлауы, Ресей мен Қытай әдейі қалмақ пен жоңғарды қазаққа айдап салуы,Қоқан хандығының боданына түскен кезеңде де Еділ мен Алтай, Қаратау мен Сарыарқа аралығын мекендеген ұлт пен ұлыстар қазақтығын жоғалтқан жоқ.

  Қазақ хандығын жасақтаған кемеңгерлер ә дегеннен мықтап ескерген, сахара төсінде судай сапырылысып, мидай араласқан ру-тайпалардың таным-түсінігіндегі ең киелі жаралым болып табылатын этнотекті негіз етпей, бір тіілде сөйлеп тұрмай жұртшылықты бір мүддеге  жұмылдыру мүмкін емес еді. Исі қазақты Алаш немесе Қазақ деп аталатын бір кісіден таралуы да этнотұтастықты көксеуден туған ұлы шарттылық, Ұлы бірлік идеясы деуге толық негіз мол. Осылай бабалар аманаты—бірлік еді. Бірлік елім деген тарланды талауға бермеуден танылады. Бірлігі мықты, санасы сергек елді сырттан келер сергелдең жоқ. Сол себепті, біз қазақ үшін сананы серпу үшін бірлікті ту, татулықты тұғыр ету тура жол. Әрине, рухы күшті, болашаққа сенімі мол халық қана қандай қиындыққа шыдас бере алады.

  Өмір болған соң ру-тайпалар арасындағы жалғыз-жарым тентек-шодырлардың бірде тату, бірде қату мінез-қылығымен көрінуі—табиғи құбылыс. Алайда қазақтың дәстүрлі қоғамында ру мен рудың, тайпа мен тайпаның арасы көрместей болып суысып кеткен жағдайды ақсақал тарих білмейді. Олай болуы мүмкін де емес.

  Өйткені, қарға тамырлы қазақтың туысқандық жүйесі бір жағынан, бірлік-пәтуаны ең ұлы құндылыққа балап отыратын ру-тайпа басшылары екінші жағынан тегеурінді ықпал етіп, ел ішіндегі қырбайлықтың ушығып кетуіне әсте жол бермеген. Демек, қазақтың дәстүрлі қоғамындағы ру-тайпаларды өзара өрелестіріп, оларды бір-бірінен не артық, не кем етіп көрсету үрдістері өмір шындығына сай келмейді. Қазақтың дәстүрлі қоғамында әрбір рудың әлеуметтік-саяси құрылым ретінде мемлекеттік істерге араласуы өзінен-өзі рулар арасындағы теңдікті қалыптастырған. Мұны терең сезініп, елдік істерге белсенді араласқан рулардың қашанда мерей-мәртебелері жоғары болған.

  ХХ ғасыр қазақ тарихына ұлы өзгерістер әкелді. Олардың ішінде ұлтты ұлықтағандары да, ұлттың қасіретіне айналдырғандары да бар. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы үмітінен күдігі басым өзгерістер мен қайшылықтарға толы болатын. Ұлтты ұйыстыратын мемлекеттіліктің орнын отарлау миссиясын көздеген әкімшілік басқару органдары басты, қазақ халқының иелігінен алынып, мемлекеттік меншік деп жарияланған жер әкімшілік-аумақтық бөліске түсті, дәстүрлі шаруашылық-мәдени типі капиталистік қатынастарға азды-көпті бейімделгенмен, империялық өктемдікке құрылған бәсекеге төтеп бере алмайтыны белгілі болды.

   Бұл барша әлемнің қайта бөліске кірісіп кеткен дәуірі еді. Әлділер әлсізді бөрідей талаған, қазақтың халық ретінде сақталып қалатын-қалмайтыны беймәлім ғасырлар тоғысында әлеуметтік ілгерілеу атаулыны қоғамдық-экономикалық формациямен, пролетариаттың тап күресімен, социалистік революциямен байланыстырушы ілім—тарихқа материалистік көзқарас шығыстық өмір заңдылықтары мен ақиқатынан алшақ жатқанын әшкерелеген құбылыс қазақ даласында дүниеге келді.

  Торлаған тұманнан жол таппай тұрған халқын өрге сүйреген күш Алаш қозғалысы еді. Саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, кәсіби даярлығы заманының сұранысына сай, адамгершілік-имандық қасиеттері ұлы даланың сан  ғасырлық қастерлі құндылықтарымен суғарылған Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М.Тынышбайұлы, Ж. Ақпайұлы, Б. Қаратайұлы сынды дүлдүлдер бастапқыда осынау қозғалыстың тұлғалық-интеллектуалдық әлеуетін сомдаса, іле-шала Х. Досмұхамедұлы, М. Жұмабайұлы, С. Сейфуллин, Т. Рысқұл, С. Садуақасұлы, М. Әуезұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Шоқай тағы басқалар әрлендірді.

  Әңгіме олардың бәрі ұлтшыл, ұлтжанды, ұлты үшін білімі мен білігін, күш-қуатын жұмсағанында емес, тіпті туған халқы үшін құрбандыққа барғанында. Ұлт мүддесін  ту етіп көтерген Алаш зиялылары қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығатын, дамып кеткен елдер қатарына қосатын жолдарды іздегенде пікір  алуандығын жоққа шығармады. Ғасыр басындағы Алаш зиялыларын ұлы істерге жұмылдырған, қоғамдық-саяси, шығармашылық ізденістеріне негіз қалаған ұлттық идеяның бастау бұлағы, біріншіден, туған халқының жан төзгісіз ауыр халі, екіншіден, қайшылыққа белшесінен батқан Ресейде либерализмнің күшеюі, үшіншіден, әлемде ұлт-азаттық қозғалысының жандануы болса, мәні мен міндеттері 1905-1907 жылдардағы орыс-жапон соғысы тұсында жүйеленді. Ішкі Ресейдегі партиялар мен ағымдар шарпысы, самодержавиенің іргесін шайқап, беделін түсірген ереуілдер мен көтерілістер ұлт зиялылары мен оқығандарына да, қалың бұқара да ой салды, іс-әрекетке  шақырды, есею мектебіне айналды. Отарлық езгіге қарсы күрестің жаңа түрлері дүниеге келді.

  Осындай заман зардабына төзгісі келмеген, ақ патша ұлықтары мен өзара шен үшін итше ырылдасқан ел басшыларынан көңілі қалған, (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Кеңдірлік) ауылда туып-өскен Зуқа Сәбитұлы өзіне қарасты және тілеулес ағайын-туыстарын ертіп, Сайқыннан орыстың боданынан аулақ Сауырға барып қоныстанады. Жастайынан ерен зерек өскен Зуқа діни білімі мол, аузы дуалы шешен тілді, мешітке барып, медресе ұстап, шәкірттер тәрбиелейді. Кейінірек ұстаздық емес, жалпы ұлтқы қызмет ету жолына біржола түседі.

   ХХ ғасырдың басында ел-жерімен бөтен жұрттың қолында  қалып қойған қандастарына араша түсіп, басшысыз, биліксіз, қорғансыз, қарусыз халқын жан-жағынан талан-таражға ұшыратқан үкіметке қарсы тұрып, қызғыштай қорғайды. Әлеуметтік  теңсіздіктермен өмірінің соңына дейін бел шешпей, аттан түспей, аяусыз күрескен тарихи қолбасшы. 1928 жылы Алтайға қосымша қорғаныс елшісі болып Ви Жыңго дейтін басшы келіп, қарапайым халықты қан қақсатады. Әскери күшпен озбырлық жүргізіп, салықты шектен тыс ауырлатып, елді ерекше қинайды. Ви Жыңгоның бұл зұлымдығына шыдамаған Зуқа батыр қол жинап қарсы шығады. Зуқа Сәбитұлы туралы Қытайда екі кітап жарық көрді. Бірі Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы болса, 45 жыл түрмеде отырған Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы.

  Әрине, өткенге салауат, мұндайда болашағынан үміті бар ел тарихи зардаптан арылуды ұлттың ұлы мұратына айналдыруы қажет. Отаршылдық мүдде орнықтырған қоғамдық-әлеуметтік құрылым мен диктатуралық режим үстемдік құрған ортада дәстүрлі енші институтының сақталып қалуы мүмкін емес еді.

Ұлт тағдыры жаттың құзырына тап болғанда этностың іштен іритін әмбебап заңдылығы қазақ қоғамын да аз уақыт аясында індеттей жайлап үлгерді. Бұл ретте дәстүрлі қазақ қоғамындағы ру-тайпалық жүйені жарастырып отыратын еншілестік институты сияқты тегеурінді тетіктер отаршылдық жүйенің ең алғашқы құрбаны болуы заңды еді. Іргелі ру аясынан кіші рудың енші алып, жеке ру болып бөлініп шығу дәстүрінің мүлде тоқтай бастағанына алғаш рет В.В. Радлов назар аударды және Ресей отаршылдығына байланысты дендеп бара жатқан бұл үрдіс түптің-түбінде қазақ қоғамын аздырып-тоздырып, қайыршылыққа алып келетінін атап көрсеткен болатын. Көреген ғалымның айтқаны айдай келгеніне тарих куә. (В.В. Радлов. К вопросу об киргизах—СП б. 1893г. Стр 82-83)

   Алайда барды бар деумен бірге, жоқты жоқ деу де шындық жолы екенін естен шығармау парыз. Өйткені, шындық жолынан ауытқып, көзге түсудің күпіршілігімен, жоқты жасырып, бардың бағасын асырып, азды-көпті жетістігімізге желпіріп, өрепки беру де өрге бастырмайды. Оның орнына төңіректе болып жатқанның бәріне байыппен қарап, жеткенімізді естелікпен жетілдіре отырып, кешегі бодандықтың бодауына  кеткен құндылық-тарымызды түгелдей түгендеп, халықтық қасиетімізді қалпына келтіріп, қазақтың әлемге таныла бастаған атына заты сай ел болуы қажеттігін қаперден шығармай, әр сәтті игілікке айналдыру қамында болғанымыз абзал. Біз сияқты жоғалтқаны көп халыққа басқаша болу жақсылық әкелмейді.

                                        Жұмамұрат  Шәмші

      Журналист, тарих ғылымдарының кандидаты

qazaquni.kz