ХАЛЫҚТЫҢ ҮКІМЕТКЕ ҚОЯР 6 ТАЛАБЫ

Жер мен Тілді бірінен бірін бөліп қарауға болмайды

JER Atyrau 3 Халықтың үкіметке қояр 6 талабы ең алдымен билік үшін пайдалы. 1.Әлемнің ауыл шаруашылығы ең жоғары дамыған елдерінің бәрінде бірдей жердің бәрі жеке меншікке сатылмағанын,  АҚШ-та жердің 55, Германияда - 62, Францияда - 63,  Белгияда - 70 пайызы жалгерлердің қолында екенін, ал, Австралия, Голландия және Израиль елдерінің өз жерін тек 100 пайыз жалға беретін озық үлгісі мен халқымыздың ешқашан жерін сатпаған тарихи ұстанымын, болмыс-бітімін, ұлттық ерекшелігін негізге ала отырып: а)Жер туралы Кодекс қазақ жері ешкімге еш уақытта сатылмайтын, тек жалға берілетін болып, ал, шетелдіктер мен олар құрған заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдік қатысушылары бар отандық заңды тұлғаларға жалға да берілмейтін болып қайта қаралсын! Және онда ҚР әр азаматына жалға берілетін жердің ең аз және ең көп көлемі нақты белгіленсін. б)Бұған дейін сатылып кеткен жердің бәрі мемлекетке қайтарылсын!
  1. Аукцион арқылы жалға берілуі және сатылымға шығарылуы көзделіп отырған 1,7 млн.гектар жердің бәріне Қытайдағы, Өзбекстандағы, Моңғолия мен Ресейдегі тарихи Отанына жете алмай отырған бар қазақтар алдағы бір жыл ішінде әкеліп орналастырылсын.
3.ҚР азаматшасымен некелескеніне 3 жыл толған, немесе 5 жыл тұрақты тұрған, сондай-ақ ҚР Президенті бекіткен тiзбедегі кәсiпке ие кім көрінген адам мен оның отбасы мүшелерi ҚР азаматтығын ала алатыны жайлы ҚР Азаматтығы туралы 1991 жылғы 20 желтоқсандағы заңның 16-бабының 1-тармағы алынып тасталсын! ҚР азаматтығын иелену - тарихи Отанына оралған қандастарымыздан басқа тұлғаларға елімізге сіңген ерекше еңбегі үшін ғана берілетін, мәртебесі өте жоғары, мемлекеттің маңызды іске айналсын! 4.Қазақстанға Қытайдан ескі 52 зауыт көшіріп әкелуді көздейтін «Ұлы Жібек жолының экономикалық белбеуі» Қазақстан-Қытай біріккен жобасы тоқтатылып, оның орнына Жапониямен, егер ол мүмкін болмаған жағдайда Германиямен  заманауи ең озық техника және технологияға сүйенген зауыттар салынатын жаңа келісім жасалсын! Қытайлық Rifa Holding Group, AIJIU, CITIC және COFCO  компанияларына ауыл шаруашылық өнімдерін (мал және өсімдік) өндіру үшін 150-мың гектар жерді жалға беру, қытайлықтармен бірге құрылған БК-ға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы келісімдердің күші жойылсын! Сонымен қатар, шекаралас өзендерді пайдалануда Қазақстанның мүддесі қорғалатын етіп Қытаймен нақты келісімдер жасалсын! Қытай мектептерінде «Қазақстан территориясының бір бөлігі «әділетті түрде» Қытайға тиесілі болуы қажет» деп оқытылу тоқтатылсын! 5.Қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл болуына шын мәнінде жол бермей тұрған ҚР Конституциясының 7-бабының 2-тармағы алынып тасталсын! ҚР Конституциясына 19-бабын, ҚР Тіл туралы заңның 4-ші, 5-ші және 7-ші баптарын бұзып отырған, іс жүзінде қазақ тілінің қажеттігін жоюға бағытталған, әлемнің бір де бір елінде жоқ «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы тоқтатылсын! Мектептерде ағылшын тілі 7-сыныптан бастап тек пән ретінде оқытылатын болсын! Қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыру жайлы бір де бір нақты ұсынысы жоқ «Тілдерді (?) дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы тоқтатылып, оның орнына қазақ тілінің қажеттілігін арттырудың нақты шаралары, оны іске асыру мерзімі мен жауапты тұлғалары көрсетілген «Мемлекеттік тілді дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылдансын. 6.1993-жылғы Конституцияның «Республика азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар бостандығына кепілдік беріледі» деген бір ауыз сөзден ғана тұратын керемет 15-бабын «...өткізуге хақылы» деп ауыстырдық. Бірақ, кепілдікті алып тастағанды азсындық та, оны «...мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін» деген халықаралық пакт сөздерін бүркемеленіп, жиын өткізу үшін кем дегенде 10 күн бұрын жергілікті атқару органына өтетін жерін немесе қозғалыс бағытын, басталар-аяқталар уақытын, мақсатын, жиылатын адам санының шамасын(?), ең сорақысы өз құқығын пайдаланғысы келген халықты қуғындауға мүмкіндік беріп қойған, «...ұйымдастырушылардың және қоғамдық тәртiптiң сақталуына жауапты адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың тұратын және жұмыс iстейтiн (оқитын) жерi» көрсетілген жазбаша өтініш беруді талап еткен  1995 жылғы 17 наурыздағы №2126 заңмен шектеп қойдық. Неге тәртiптiң сақталуына жиынға келген адамдар ғана жауап беруі тиіс? Неге бұл заңда ең болмаса «құқық қорғау ұйымдарымен қатар» деген сөз жоқ? Халықтың ақшасына күн көріп отырғандықтан тәртіп сақтауға ат салысу, сол арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, оған жол бермеу - олардың ең басты да қасиетті міндеті емес пе? Дәл солай! Ол заңда да нақты көрсетілген ғой! «ҚР Ішкі істер органдары туралы» 2014 ж. 23 сәуірдегі № 199-V заңның 1-ші, 4-ші, 5-ші баптары Ішкі істер органдарының қызметі жайлы айта келіп, 6-бапта олар «көпшілік  іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге міндетті» деп шегелеп тастайды. Одан да бұрын Конституциямыздың 3-бабы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық өз билігін референдум мен еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға уақытша тапсырады (орысша мәтінде - делегирует)» дейді. Ендеше, биліктің иесінің, яғни, халықтың ақша төлеп жалдап отырған өз қызметшілерінен бейбіт шеру, митинг өткізуге рұқсат сұрасын деген сөз дені сау адамның миына сыймайтын, латынша айтқанда абсурд немесе нонсенс нәрсе ғой! Ендеше, біз де жарамсыз болып көнерген, кейінгі қабылданған заңдарға қайшы келіп тұрған, ең бастысы Конституция талабына қарсы №199-V заңды жедел түрде түзетуге тиіспіз – жиын рұқсат сұрау арқылы емес, халықтың оны өткізу ниетін өкімет орындарына хабарлау арқылы жүзеге асатын болсын! Полицейлерге де өзінің заңды міндетін абыроймен атқаруға мүмкіндік берілсін!   Енді екі аптадан соң, 21-мамыр күні республика жұртшылығының бәрі болмаса да біразы қазақ жерінің 1,7 млн.гектар аумағын аукцион арқылы сатуды көздеген 2015ж. 2 қарашадағы №389-V  заңға қарсы жалпыұлттық наразылық митингісіне шығуға тиіс еді. Бірақ, шығу-шықпауы әзірге беймәлім. Неге? 6-мамыр күні ҚР Президенті өзінің жарлығымен бұл заңға осы жылдың аяғына дейін мораторий (тоқтам) жариялады, яғни, жарты жылға шегерді. Көп жұрт соны малданып отыр... Біздіңше, мораторий жариялады деп шықпай қалған дұрыс па, бұрыс па? Біз, 60 шақты адам 5-мамыр күні Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимовпен екі сағаттай уақыт "дөңгелек үстел" мәжілісін өткіздік. Әкімге кіру де оңай болған жоқ, алдымен «ұялы телефондарыңды қалдырасыңдар, жеке куәлікті көрсетіп, тіркелесіңдер» деген талап қойылды бізге. «Бұл талаптарыңа көнбейміз!» дедік. Есіктің алдына шығып, «жер сатылмасын!» деген плакаттарымызды көтеріп тұрдық. Полицейлер келіп: «Жина, көзін құрт, бұл – рұқсат етілмеген митинг!» деп әкіреңдеді... Ақыры, бізді әкімге кіргізді. Телефонымызбен, тіркемей-ақ. Одан қала әкімдігі қирап қалған жоқ, әзірге аман тұр... Бірақ, ортақ мәмілеге келе алмай, екі жақ та өз пікірінде қалып, шаршап қайттық. Әкім: "Митингінің не керегі бар, осылай кездесіп тұрайық та!" дейді. Біз: "Кешегі заңның күші жойылсын, сонда біз митингке шықпаймыз!" дейміз. Үйге келсек - "мораторий" күтіп тұр екен... Бұл да жаман емес. Тек онымен шектелуге болмайды - қазақтың жері ешкімге сатылмайтын, жалға ғана берілетін, ал шетелдіктерге жалға да берілмейтін етіп, Жер кодексінің жаңа нұсқасын бекітпей Қытайдан төнген қатерден құтыла алмаймыз. Заңгер, академик Майдан Сүйлейменовтің өзі «мен қытайдан жаным қалмай қорқамын» деп мақала жазды. Мен өз сөзімде әкімге осыны айттым. Осы 6 талап жазылған, қолымыз қойылған хат пен «Датта» «Болашаққа бомба қойып жатырмыз» деген тақырыппен шыққан, Бас прокуратураға сауал ретінде жолданған мақаламның бір данасын қолына беріп кеттім. Егер оқыса... Оқымаса да кешегі кездесуден ақылы бар адам ретінде өзіне көп пайдалы нәрсе алуы тиіс деп ойлаймын. Біздің бұл «жас перілердің» бәрі (кеше министр болып тағайындалған Қ.Бишімбаев та) еңбек жолдарын бірден биліктің жоғары сатысындағы қызметтен бастаған, төменде, колхоз-совхозда, зауыт-фабрикада қалың елмен қоян-қолтық араласып жұмыс істеп, халықтың мұңы мен зарын естіп, оған күнделікті жауап беріп көрмегендер ғой. Олардың басының бәрі толған жалаң теория! Өндіріс қазанында қайнап-піспеген, басшылықтың кәсіпорыннан ауданға дейінгі сатысынан өтпеген адамнан жөнді басшы шыға қоюы қиын. "Жауды көрмей тұрып қорық" деген дана бабаларымыз. Қытай түгіл кіп-кішкентай Голландия қазақ жеріне аттап кіре алмайтын ету керек, (мүмкін, 28 ел 1905 жылы Ленин жазғандай Еуропа Құрама Штаттарына, тұтас бір  мемлекетке айналып кетер), өйткені алдағы 50-100 жылда не болып, не қоярын ешкім білмейді. 21 мамырда да, одан кейін де қашан іс оңына айналғанша Кодексті қайта қарау мен Үш тұғырлы тіл бағдарламасының күшін жоюды талап етуіміз керек! Неге біз бұл жерге тіл туралы талапты да енгізіп отырмыз? Себебі, біз онша мән бере қоймай жүрміз, ал, шынына келгенде «Үш тұғырдың» зардабы қытай экспаниясынан да қауіпті! 25 жылда қазақ мұнайының жартысын алғаны сияқты (жылан саршұнақты жарты күн бойы жұтады) еш уақытта асықпайтын-саспайтын Қытай жерімізге кіру арқылы елімізді берісі 25, арысы 50-100 жылда бейбіт түрде жаулап алуы мүмкін болса, «Үш тұғыр» іске аса бастады дегенше қазақ тілін ешкім керек етпейтін болады! Мектебі керек етпеген тіл кімге керек? Сол Қытайда 400 қазақ мектебін (қазақ тілі мен әдебиетінен басқасын) қытайшаға 2007-2008 жылы ауыстырды. 10 жыл өтпей-ақ қазақша білмейтін, білгісі келмейтін ұрпақ қалыптасып қалды... Ендеше, Жер мен Тілді бірінен бірін бөліп қарауға болмайды, ол екеуі ет пен тері секілді, қалай ажыратпақпыз?!..   Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Қазақ үні»