"Бізге қаржы керек" деген әкім митингіге шығушыларды батыс қаржыландырып отыр деп күдіктенеді

012Ақтөбе тұрғындарымен сенбі күні кездесіп, Жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндірген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев соңғы аптада елдің бірнеше аймағында болған «жерге сатуға қарсылық» шерулеріне «Батыс ақшасының» қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. Бұл туралы жергілікті «Диапазон» басылымы хабарлаған.

– Алаңға шығып айғайға басқаннан ешкім ұтпайды. Біз Украинада не болып жатқанын көріп отырмыз. Мен кешегі кездесуден соң (29 сәуірде облыс әкімдігінде өткен белсенділермен кездесуін айтады – Азаттық) жастарға дұрыс нәрселерді жеткізер деп ойлаған едім. Бірақ олай болмады, керісінше, студенттерді саябаққа шығып, Жаңаөзен оқиғаларын қайталауға шақырады. Мұның бәрі заңсыз. 27 сәуірдегі шеру (Ақтөбедегі - Азаттық) заңсыз болды. Біз ешкімді қудалаған жоқпыз, бірақ белсенділерге: «Ондай жағдайды қайталамаңдар. Егер қайталайтын болсаңдар заң алдында жауап бересіңдер» деп ескерттік. Біз неге Батысқа тығылған біреулердің айтқанын тыңдауымыз керек? Неге біз Батыстың ақшасына жұмыс істеуіміз керек? Ұлт намысы қайда? – деген Сапарбаевтың сөзін келтірген басылым.

Жер туралы заңдағы шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімінің 10 жылдан 25 жылға дейін ұлғайтылуына қатысты сұраққа жауабында Бердібек Сапарбаевтың «бізге қаржы қажет» деп жауап бергенін және «егер қаржы құятын болса – мейлі, австралиялықтар я ирандықтар болсын – оларға алғыс айтамыз» дегені туралы жазады жергілікті газет.

– Көбінде ештеңе жоқ, не техника, не ақша жоқ. Ал 24 жылдың ішінде олардың қожайындары түк бітірген жоқ және ештеңе бергісі келмейді. Біз қай жақтан келсе де, шетелдік кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеуді қолдаймыз. Ең бастысы – бізге қаржы керек! – деген Ақтөбе облысының әкімін сөзін келтірген «Диапазон» басылымы.

Сонымен бірге кездесу барысында 2016 жылы Қытайдың CNPC компаниясы Ақтөбеде 1 миллиард 300 миллион теңгеге жастар сарайын салуды жоспарлап отырғаны айтылған. Бердібек Сапарбаев «Қытайды мақтамайтынын» айтқан, бірақ «солардың арқасында бізде отын бекетінде газ литрінің бағасы 20-28 теңге», ал өткен 19 жылдың ішінде компания «9 миллиард 100 миллион доллар әкелді» деп мәлімдеген.

«Диапазон» басылымының жазуынша, әкіммен кездесуге облыстық ішкі істер департаменті бастығы мен облыс прокуроры, сонымен бірге парламент сенаты депутаты Елеусін Сағындықов қатысқан. Кездесу өткен Достық үйінің айналасын жай киім киген адамдар қоршап, ғимарат жанында арнайы техника тұрған.

Дерек көзі: Азаттық