Шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздарының психологиялық ауытқушылығы бар

"Осылай деп «жырлаған» ақын жігіттерді де көрді көзіміз. Қыздар неге шетелдік жігіттерді таңдайды? Аралас некенің баяны қандай?". Жергілікті Қамшы сайты осы мәселе төңіорегінде көлемді мақала жариялады

Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының психологиясында ауытқушылық анықталды 

Әртүрлі этностар тұратын Қазақстанда аралас неке болмай тұрмайды. Ал оның күн санап артуы еліміз бен ұрпағымызға зиянын тигізбей қоймайды. Өз болашағының пайдасын ойлаған қыздың тағдыры ұлт болашағына қандай зиян тигізуі мүмкін?

«Сүйдім, күйдім» деп шетелдік азаматтың етегінен ұстап, шекера асып жатқан қаракөздеріміздің қалі шынымен «кинодағыдай» болды ма екен? Қыздар тұрмыс құрарда бұл жағын тереңінен ойламайды. Тіпті қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып, шекара аттап, мұхит асып жатқанын мақтан етіп айтатын ата-аналар да бар.

Шетелдік аруды жар етіп, келін түсіріп жатқан жігіт жайында аз естиміз. Алайда шетелдік азаматтардың етегінен ұстап, еріп кетіп жатқан қыздар туралы екі күннің бірінде естіп, ендігі қалыпты жағдай сияқты қарайтын халге жеттік.

25-тен асқан қыз тұрмысқа шықпаған, 30-ға жетпеген азамат үйленбеген. Бұған не себеп? Не кедергі? Қыздар «нағыз ханзада жоқ» десе, жігіттер «қыз жоқ» дейді. «Неге үйленбей жүрсің?» деген сұраққа жаттанды жауап қой баяғы. «Нағыз ханзада жоқ» деп өзінің «ақ боз атты ханзадасын» күткен қыздар шынымен де ханзаданың жоқтығына көзі жеткен күні «ақ мерседес» мінген шетелдікке үйірсек келеді.

Елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен.

Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франця, БАӘ, Түркия, Ресей, Қытай, Америка елдерінен екен. Ал қара көздерімізден туған жиендер ше? Олар кім болады? Ана тілінде сөйлейді ме? Анасының өзі қайын жұртының тілінде шүлдірлеп жүрсе, жиендерден не күтпекпіз?

Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып Қазақстанда тұрып жатыр. Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп. Сондай-ақ, Орал, Астана, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Алматы қыздарының орыс жігітімен шаңырақ көтерсе, ал Атырау мен Маңғыстау облысындағы қыздардың арабқа тұрмысқа шығу жағдайлары жиі тіркеліпті. Мұндай тізімді тізе берсеңіз, тіпті санынан жаңыларсыз.

«Бұл мәселе тек Батыс, Шығыс, Орталық аймақтарда ғана емес, Оңтүстікте де ушығып тұр. Бұл уақытта Шымкенттің қыздары қырғыз және түрік ұлтының азаматтарының етегінен ұстауды «сәнге» айналдырған. Туыстарымыздың да, таныстарымыздың да арасында өзге ұлтпен құда болып жатқандар бар», - дейді Зиягүл есімді орта жастағы әйел. Айтуынша, қырғыз жұрты саудамен келіп, құда болып, осы елде тұрақтағылары келеді. Ал оңтүстік өңірде орналасқан халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға келетін түрік жігіттері де қазақ қыздарына үйленуді жөн санайды екен.

Ақшаны, жақсы өмірді көздеп, шетел кеткен, сол елдің санын көбейтіп, ұрпағын өмірге әкеліп отырған арулар өмірінің соңына дейін дәл солай бақытты боларына ешкім де кепілдік бермейді ғой. Олигархқа тұрмысқа шығам деп, арамзаның алдауына түсіп қалған қаншама қыздарымыз да бар.

Бір Қазақстанның әр аймағының адамдар кейде «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп түсінісе алмай қалып жатады. Ал енді тілі де, діні де, ділі де, салт-дәстүрі де мүлдем бөлек басқа ұлттың азаматына тұрмысқа шыққан қыздардың отбасында «ыдыс-аяқ сылдырламай» тұрмайды деу қисынға келмейді.

«Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті Сэм Харисон. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Аз ұлттар азулы ұлттардың кең көмейіне жұтылып жатқан мына заманда қазақ қыздары етектеріне ие бола алмай жүргені қиын.

Психологтардың айтуынша, шетелге тұрмысқа шығуды таршылық көрген, толық емес отбасылардан шыққан қыздар көбірек қалайды екен.

Себебі олар ата-аналарының көрген қиындықтарын қайталағысы келмейді. Сондай-ақ ауқатты отбасының шетел көрген, сонда оқып, тәлім алған қызы да «еуропашыл» болады екен. Сол себепті, қандай отбасы болса да, психологтар қызы бар аналарды қыздарын жастайынан «өз ұясының ғана жұмыртқасын басуға» тәрбиелеуге шақырады.

«Ана үйдің баласы шетелдік қызды жетектеп келіпті дегенді естімейсіз. Болса да өте сирек. Ал, шетелге күйеуге шығатын қазақ қыздары мыңдап, миллиондап кездеседі. Бұл деген қыз баланың психологиясында ауытқушылық бар деген сөз. Себебі, оның санасында «бұл өзге ұлттың адамы ғой» деген ой болмайды. Бәрі тәрбиеге байланысты. Анаға байланысты. Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз өз баласына қандай аналық тәрбие бере алады? Әрине, өзі сияқты ұл-қызды өсіреді. Оның балалары да дәл солай. Осылайша, бүтін бір әулеттің ұрпағы бүлінеді. Негізінде махаббат болып үйлендік деп ақталғанымен, психология ғылымдарында махаббат дегеннің жәй ғана сыйластық екені және оның әрқашан өзгеріп, жаңарып отыратындығы дәлелденген. Тек мұны қыздарымыз түсіне бермейді»,- дейді психолог Майра Жетпісбайқызы.

Мәселен, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді. Ал, арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллары ретінде салық төлеу қажет.

Материалдың толық нұсқасын аталған сайттан таба аласыздар.

Дерек көзі: Қамшы