«Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық студент ақындар айтысы өз мәресіне жетті

IMG_0210Айтыс-қазақ халқының ұлттық мәдениетінің айқын көрінісі болып табылатын асыл қазынамыз. Тарихы терең бұл өнер ел қамын, ұлт болашағын, қоғам тынысын жырлап қана қоймай, салиқалы ойды, сүйектен өтер сөзді, тұшымды пікірді қасиетті қара домбыраның үнімен ұштастыра білетіні де белгілі.

          Ұлтымыздың ұлы мұрасы болып табылатын айтысты қазақ жастарының бойына сіңірту, оның киелілігін ұғындыру, бабамыздан қалған асыл құндылығымыздың маңызын жоғалтпай, өз дәрежесінде  сақталуына әсер ету ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын аға буынның қолында десек артық айтқанымыз емес.

Осыған орай, 20 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық «Тәуелсіздік тағылымы» атты студент ақындар айтысы болып өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл аламан додаға еліміздің әр өңірінен 12 ақын қатысты.

IMG_0208Бәйгенің негізгі мақсаты тәңірдің бұйырған тәтті сыйы іспеттес болған тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын жырға қосып, бақытты халық  ұрпағының  келешекке деген кемел көзқарастарын таныту, еліміздің жалынды  жастарының тәуелсіздіктен кейін қол жеткізген жетістіктерін, бағындырған биіктерін, қарышты қадамын  төл өнеріміз-айтыс арқылы жырлау, жас ұрпақты өз Отанын, елін, жерін, ұлттық құндылығын сүюге тәрбиелеу болып табылады.  ЮНЕСКО тарапынан белгіленген «поэзия күнін» айтыс арқылы республикалық деңгейде салтанатты түрде атап өту де осы байқаудың негізгі мақсаттарының қатарын толықтырған болатын.

Дарынды жас айтыскерлердің бұл сайысына әділ бағасын беретін төрешілер қатарында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Жарас Сәрсек, Ә. Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры, ҚР Бейнелеу өнері Академиясының корреспондент-мүшесі Ханзада Есенова  және тағы басқа аға буын өкілдері болды. Айтысты журналистика факультетінің деканы, әділқазылар төрағасы Сағатбек Медеубекұлы ашып, ақындарға сәттілік тілесе, келесі сөз кезегін алған ұйымдастырушы, ЮНЕСКО,  халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының жетекшісі Назгүл Шыңғысова жастар үшін маңызы зор доданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Дәурен Қалыметұлына, Толқын Ақанұлына, Ғаділет Нәбиұлына, 5 жыл бұрын ұлттық университет түлектері негізін қалаған «Көркем фильм» компаниясына, «Свобода слова» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева мен өзге демеушілерге алғыс білдіріп, бәйгеде бақ сынағалы тұрған жас жүйріктерге ақ тілегін арнады.

Аламан айтыстың шымылдығы ашылған соң, ақындар көрермендерді құлақтан кіріп бойды алған әсем жырларымен, ұлтым деп  ұрандаған рухты сөздерімен қуантты. Сан ғасырлар бойы  тағдырдың тәлкегін бастан кешірген қазақ халқының өжеттілігі де,  аңсаған азаттықты алу жолындағы толассыз күрестері де ақындардың жыр жолдарынан табылды. Қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан  маңызды мәселелер де, жастар арасында қызу талқыға салынатын өзекті тақырыптар да жас айтыскерлердің назарынан тыс қалған жоқ. Көптің көкейінде жүрген сұрақтар да осы бәйге барысында ашық айтылды десек артық айтқанымыз емес. Осы орайда, қара шаңырақ ҚазҰУ-ға жан-жақтан жиылған студент ақындардың білім мәселесін де өз деңгейінде көтергенін айта кетуіміз керек.

IMG_0245«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бірінен бірі озған тұлпардай болған студент ақындарымыздың арасындағы аламан бәйге де өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша III орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің 2-курс студенті Айдана Қайсарбекқызы иеленсе, доданың II дәрежелі дипломымен Сүлейман Демирель атындағы университеттің 4-курс студенті Алтынбек Ибрагимов марапатталды. Көптің көңілінен шыққан бұл сайыста I орынды қанжығасына байлаған Павлодар қаласы Инновациялық Еуразия университетінің 4- курс студенті Абзал Қабдыраш болса,  қарсыластарынан ерекше басымдықпен алға шығып, осымен екінші рет байқаудың бас жүлдесін иеленген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті Айтбек Тұрсынбаев өзінің от ауызды, орақ тілді айтыскер екенін тағы бір дәлеледі.

Осылайша, талайды тамсандырған жыр дода өз мәресіне жетті. Жыр додасын қорытындылаған Сағатбек Медеубекұлы жеңімпаздарды құттықтап, барлық студент ақындардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.

 

Ұлжан ИБРАИМ

Студенттік баспасөз Орталығы

qazaquni.kz