Қазақстанда жаппай сатылымға шығарылатын жердің құны белгілі болды

0156                           Қазақстанда жаппай сатылымға шығарылатын жердің құны белгілі болды. Шетелдіктердің көзі түсіп отырған шұрайлы, жайылымды жерлердің әр гектары ең қымбат дегенде 130 мыңға сатылады. Бұл туралы 31 арна хабарлайды. Ұлттық Экономика министрлігінің айтуынша, жердің ең арзаны 3-4 мың теңге. Тіпті, елдің наразылығына қарамастан, министрлік 1 млн 400 мың гектар жерді саудалауға дайындап қойыпты. Жер сатуға бұқара жаппай наразылық білдіріп жатса, министрлік баяғыда ол жердің бағасын бекітіп қойыпты. Кувейттей мемлекет аумағы сиятын қазақ жері нәрі мен құнарына қарай саудаланады екен. "Кей жайылым жерлердің гектары 2-4 мың теңге тұруы мүмкін. Ең бағалы жерлер - суармалы, 125 мың теңгеге дейін барады гектары. Бұл жер түріне байланысты", - дейді Ұлттық экономика министрлігінің басқарма басшысы Самат Сәрсенов. "Жерді қымбатқа сатып жатқан жоқпыз" деген министрлік қарапайым шаруаның да жерге қолы жететінін айтады. Алайда әр адамның ең азы қанша жер алуға құқысы бар екенін үкімет деңгейінде емес, сол баяғы шенділер, әкімдер шешеді екен. Ал араны кең олигархтардың өрісі одан сайын кеңи түспейді ме дегенге министрлік жұбату айтқандай болды. "Бір бай адамдарға осы ауылшаруашылық жерлер өтіп кетіп, бір қолға шоғырлануы мүмкін бе? Мүмкін емес, себебі шектеу бар. Мысалы кей аудандарда суармалы жерлер аз көлемде, шектеу 3-4 га дейін бар. Өндірістік кооперативтерде 50, 60, 80 мың га дейін бар", - дейді Самат Сәрсенов. Шенді-шекпенді жерді барлық туған-туыс пен дос-жаран атына аударса да сот жоқ, тек жекелеген адамға жазылмауы тиіс. Бірақ бұқара қанша базына айтса да, жер сатылады. Күні кеше министр Досаев 645 мың жер дайын десе, бүгін министрлік 1 млн 400 мыңнан астам жерді сатылымға әзірлеп қойыпты. Ең көп жер Қостанай облысында сатылады. 300 мың гектар аукционға әзір тұр. Кейін сатылатын аумақтың дені Шығыс Қазақстанда яғни, 225 мыңнан артық болса, Қарағанды облысы да сол шамалас. Ең аз жер Батыс Қазақстанда саудаға түседі. Министрлік сандардың әлі өзгеретінін айтқанымен, жерді алуға өтініш білдіріп жатқандар да бар екен. "Алматы облысынан 651 мың жер учаскесі, 94 мың гектардан астам жерді сатылымға әзірлеп қойдық. Аукционға шығару үшін 60 млн теңгедей қаражат жұмсалды. Қазір жер алуға 211 адам өтініш білдірген", - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Батталов. Шекара маңындағы жерлер жеке меншікке өтпейді деген министрлік қазір жерді жалға алып отырған адамдарға "жерді сатып ал" деп ешкім мәжбүрлемейді дейді. Ерік өзінде, бастысы, жеңілдік жетеді деп мақтанды министрлік. Жер бәс саудаға салынса, 50 пайыз жеңілдік, 10 жыл бөліп төлеу тағы бар. Билік тиынға кететін жер бастысы шетелдіктерге сатылмайды деп жұбатты. Алайда қазір өзге ел азаматтары құрылыс, өзге де мақсаттар үшін 1400-ден астам жер телімін сатып алған.

Дереккөз: 31 канал