Байлардың қолында жалданып жұмыс істеген азамат қансырап өлген

Ақтөбе тұрғыны байлардың қолында жалданып жұмыс істеген інісінің қансырап өлгенін айтып, NUR.KZ тілшісіне хабарласты. Ол жігіттерді жалшы етіп ұстайтын байды жазалауды сұрайды.

Ақтөбеде байлардың қолында жалданып жұмыс істеген азамат қансырап өлген
«Ініме қатысты оқиға өткен жылдың 18 қарашасында болды. Сол күні ауылда Төремұрат деген бай дүкен ашып, оның ашылуына Байғаниннен аудан әкімі келген. Байдың үйінде оларға ас берілген. Қонақтардан қалған етті сарайдағы төрт жалшыға берген. Сол кезде олардың үйіне менің інім кіріп, керісіп қалған. Сонда жалшылықта жүрген жігіттердің біреуі оған пышық тығып алады. Мен мұны тергеу кезіндегі көрсетілген оқиға ізімен айтып отырмын. Аяғына пышақ кірген інім қансыраса да оған ешқандай көмек көрсетілмейді», - дейді Айдарбек Наурызғалиев. Оқиғаға қатысты жалшылардың бірі сотталып, сегіз жылын арқалап кеткен. Бірақ, зардап шегуші тарап шикілік әлі шешілген жоқ деп отыр. «Сотталып кеткен жігіт маған хат жазды. Ол жалданып жасаған қожайындарының оқиғаға қатысы барын айтқан. Төремұраттың адамдарды құлдыққа ұстайтынын бәрі біледі. Ол қатыгез адам. Ол адамға қатысты мұндай оқиғалар бұған дейін де болған», - дейді ол. Қайтыс болған жігіттің ағасы түрмеден келген хатқа сүйеніп, сотқа тағы шағым жасамақшы. «Оқиғаға қатысты тергеу дұрыс жүргізілмеген деп ойлаймын. Бұл кісіге қатысты дау әріден бар. 1998 жылы әкемнің інісін трактормен аударып өлтіріп, кейін оны ат сүйреп өлтірді деп қалдырды. Қыдырбай Мамаев деген адамды да ат теуіп өлтірді деді. Бірақ, ол жағдайға да байдың қатысы болуы мүмкін. Ол жалшыларын талай қорлаған адам. Мен әңгіменің барлығын толық айтып отырған жоқпын. Бұл байдың былығы көп», - дейді Айдарбек Наурызғалиев. Миялыда тіркелген адам өлімін аудан әкімі растап отыр. Ол құлдыққа қатысты да жағдайды да анықтаған. «Мен құлдықта болған жігіт туралы мақала шыққаннан кейін прокурорды, ІІБ-гі қызметкерді шақырып алып, сол жаққа жібердім. Қасындағы адамдар құлдықта дегесін бәрінен сұрастырдым. «Құлдықта отырған адамдардың бар-жоғын анықтау үшін аудандағы шаруа қожалықтарының бәрін тексеріңдер» деп тапсырма бердім. Миялыдағы кәсіпкердің үйінде отырған жалшылар өз еріктерімен жүргенін айтқан. Иә, Төремұрат дүкен ашқанда менің барғаным рас. Үйінен бір-екі кесе шай іштім. Оның сарайында не болып жатқанын мен қайдан білейін.  Өлген баланың әкесі де менің қасымда отырды.  Бұл екі ортадағы кикілжің әңгіме. Адам өлгеннен кейін, ана бала қансырап өлгеннен кейін туыстары кінә тағып жатыр. Төремұратты мен кәсіпкер ретінде ғана білемін. Ол кісінің ана жағын білмеймін, менің барғаныма бір жарым жыл ғана болды. Онымен күнде араласып отырған ештеңем жоқ. Мен біреудің сыртынан әңгіме айтқанды жек көремін», - дейді Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов. Еске сала кетейік, Миялы ауданында құлдықта болған жігіт азапты өмірі туралы оқырмандарға баяндаған болатын.
 Дереккөз: Nur.kz