Балабақша кезегі қашан реттеледі?

IMG_0088 Баланың тұлға ретінде қалыптасуына балабақшаның тигізер ықпалы зор екені бесенеден белгілі. Әйтсе де, осынау мүмкіндікке көптеген ата-аналардың қолы жетпей жүргендігі өкінішті-ақ. Тәуелсіздік қарсаңында ел аумағында 9000-ға жуық балабақша болса, кейін жекешелендіру жылдары «жұтылып» кетсе керек, 2000-жылдары соның 1144-і ғана қалыпты. Қазіргі таңда Елбасының тікелей тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы іске қосылып, балабақша мәселесін шешуге біршама күш салып келе жатқаны мәлім. Әйтсе де, балабақшамен еліміздегі бүлдіршіндердің барлығы толыққанды қамтамасыз етілген жоқ. Мемлекеттік балабақшаға баласын бере қояйын десе, кезек деген үлкен кедергі әрбір ата-ананың алдынан көлейгейлеп шығатыны сөзсіз. Ал, жекеменшік балабақшаның қызметін пайдалануға оның асқақтаған бағасы кез келгеннің қалтасын көтермейтіні тағы бар.

БІЗДЕ БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ АЛҒА ЕМЕС, АРТҚА ДА ЖЫЛЖИ БЕРЕДІ...

Бұл мәселе тек қана ата-аналарды ғана емес, халық қалаулыларын да алаңдатқан-ды. Өткен жылы еліміздегі мемлекеттік балабақшаларға кезекке қою мәселесіне қатысты қазіргі тәртіпті түбегейлі өзгерту керектігін «Ақ жол» партиясы депутаттық фракциясы көтерген тұғын. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған депутаттық сауалда: «Бүгінгі күні жас отбасыларға бүлдіршіндері үшін мемлекеттік балабақшадан орын алу үлкен мәселеге айналып отыр. Қазір жекеменшік балабақшалар көптеп ашылып жатқанымен оның бағасы ата-аналардың қалтасын қағып, қолжетімсіз деңгейге көтерілген. Шамамен айына 50-60 мың теңге, оны бәрі бірдей төлей алмайды. Салыстырып көрелік, мемлекеттік балабақшадағы тәрбие қызметі бір балаға айына 7 мың теңгеден басталады. Мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін ата-аналарға жылдар бойы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Бұл саладағы орынды бөлудегі бюрократтық бөгеттер мен таусылмайтын тежеулер көпшіліктің наразылығын тудырып, жыл сайын үлкен дау-дамайға айналуда» – делінген-ді. Әйтсе де әлі күнге дейін балабақша кезегін реттеу тұрғысында Білім және ғылым министрлігі тарапынан қандай да бір шаралар қолға алынған жоқ. Аталмыш, депутаттық сауалда мемлекеттік балабақшадан орын алудағы заңбұзушылықтардың кезігетіні де көрсетілген-ді. Тіпті, біздің елде балабақша кезегінің алға емес, артқа жылжитын жағдайлар да кезігеді. Мәселен, дәл осындай жағдаймен бетбе-бет келген, Астана қаласының тұрғыны, журналист Айнұр Шамшейтова: «Өзіміз жұмыста болғандықтан, әрі балабақша тәрбиесін көрсін деп, қызымды 2012 жылы мемлекеттік балабақшаға тіркеуге қойған­мын. Кезектің алға жылжуын тағатсыздана күтіп жүрген­діктен, портал арқылы қайта-қайта тексеріп отыру да дағдымызға айналды. Бір күні 11 000-шы деп тұрған кезек нөмірі 14 000-нан бірақ шықты. Тиісті орындарға хабарласып, осындай түсінбестіктің орын алғанын жеткіздім. Сөйтіп, белгілі бір нәтиже шығарар деген үмітпен кезекті тостық. Кейіннен қарасақ, қызымды, тіпті, тіркеуден алып тастапты. Содан барып, Астана қаласындағы №61 мектепте өткен қалалық білім басқармасы қызметкерлерінің отырысына арнайы барып қатысып, мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Сөйтіп, әупірімдеп жүріп, алты жасар қызыма жаңадан ашылғалы жатқан №15 «Дарын» балабақшасына жолдама алдық. Осылайша екі жастан бастап жекеменшік балақшада жүрген қызым, мектепке баратын уақыты таяған шағында ғана мемлекеттік бөбекжайға баруға қол жеткізді. Осы тұста білім басқармасының басшылары әлгіндей олқылықтардың орын алуына жол бермесе екен» – дейді. Egov.kz порталы арқылы электронды түрде балабақша кезегіне тіркелуге, кезек санын білуге болатыны белгілі. Жұрт жариялылық бар деп электронды үкіметке әжептеуір сенім артып отырғанда, кезектің алға емес, артқа жылжуын қалай түсінеміз?

ЖЕКЕМЕНШІК БӨБЕКЖАЙДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ПАЙДАЛАНУҒА КЕЗ КЕЛГЕН ТҰРҒЫННЫҢ МҮМКІНДІГІ ЖОҚ...

Шыны керек, қазіргідей дағдарыс алқымнан алған тұста, басқа қаланы қайдам, біздің Алматыда бүлдіршіндерді балабақшаға апару кейбір отбасылар үшін қолжетпес арман екені жасырын емес. Анығын айтқанда, ірі қалаларда пәтер жалдап күнелтетін жас отбасылардың шынайы хәлі осы. Мемлекеттік балабақшаның кезегін жылдар бойы күтуге тура келсе, жекеменшік балабақшаның құны – 30 мың теңгеден бастап, 60 мың теңгеге дейін жетіп жығылады. Мәселен, 70-80 мың теңгенің көлемінде жалақы алатындар екі баласын балабақшаға беру үшін бар айлығын санап берсе де, жеткізе алмайды. Яғни, жекеменшік бөбекжайдың қызметін пайдалануға кез келген тұрғынның қалтасы көтермейді. Осылайша айлығы шайлығына жетпейтіндердің балалары үшін балабақша дегеннің ауылы әзірге алыс болып тұр. Өйткені мемлекеттік балабақшаның кезегі де жоғары қарқынмен алға жылжи қоюы неғайбыл. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Бұл туралы Алматы қаласы, Білім басқармасы мектеп жасына дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева: «Біріншіден, Алматы қаласы еліміздегі ең ірі мегаполис болғандықтан, ішкі миграцияның тұрақсыздығы, қала аумағының кеңеюі, балабақша кезегінің ілгері жылжуына өз ықалын тигізетіні сөзсіз. Соған қарамастан, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту жолында ілкімді істер атқарылып келеді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 175 мемлекеттік, 220 жеке меншік балабақша және 65 шағын орталық жұмыс істейді. Алматы қаласы бойынша 2014 жылы кезекте 52 мың бала тұрса, қазіргі таңда 39 мыңға азайған. Мұның өзі балаларды балабақшамен қамтудың дұрыс жолға қойылғандығын көрсетсе керек. Жыл басынан бері 57 жаңа жекеменшік бөбекжай мен шағын орталықтар ашылып, кезекті ілгері жылжытуға септігін тиігізіп келе жатқан жайы бар», – дейді. Сондай-ақ, бұл тұрғыда қоғамның белгілі бір мүшелері үшін мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, көпбалалы отбасылардың, әскери қызметкерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың балалары балабақшаға алғашқы кезекте орналасу мүмкіндігіне ие. Мұның санатында ата-анасынан жартылай немесе әке-шешеден бірдей айрылған балалар да бар.

МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚШАНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУ – БӘРІНЕ БІРДЕЙ БҰЙЫРМАЙ ТҰР...

Балабақшадағы тәрбие қызметін пайдаланудың бағасы еліміздің әр аймағында әртүрлі. Мәселен, еліміздің бас қаласы – Астанада осы уақытқа дейін ата-аналар кіші топтағы баласы үшін 8 400 теңге, ал ересек топтағы балалары үшін 10 080 теңге төлеген-ді. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында ата-аналар айына 7 100-10 000 теңге көлемінде төлейді. Тіпті, еліміз бойынша аудандар мен елдімекендердегі балабақша ақысы 5 000-7 000 теңге аралығында. (Әрі мұндай шағын ауылдарда сарылып кезек күтпей-ақ, балабақшаға орналастыру мүмкіндігіне иеленесің.) Елдің аймағының басым бөлігі осындай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатқанда Алматы қаласында мемлекеттік балабақшаның ақысы 28 000 теңге еді. Осы тұста халық аспандаған балабақша бағасын төлеуге мүмкіндігі болмай, «шықпа жаным, шық­памен» күн кешкені есімізде. Ал, 2016 жыл алматылықтар үшін жағымды жаңалықтармен басталған-ды. Алматы қалалық мәслихатының 50-ші сессиясында халық қалаулылары мемлекеттік балабақшаның ақысын 15 мың теңгеден асырмау туралы қаулы қабылдаған-ды. Бұл үшін жергілікті бюжеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осыған сәйкес бүгінде қаладағы мемлекеттік балабақша қызметін тұтынатын 17 мың бүлдіршіннің ата-анасы тек балаларының тамақтану құнын ғана төлеп жүр. Бөбекжай құнын екі есе арзандатылған бағамен төлеуге мүмкіндік алған қала тұрғындары да өз балаларының игілігі үшін жасалған осынау іске дән риза. Мұның өзі Алматыдай алып шаһардың тізгінін қолға алғанына жарты жылдан енді ғана асқан қала әкімі Бауыржан Байбектің іскерлігімен тікелей байланысты екендігін айта кеткеніміз абзал. Әрине, балабақша құны­ның арзандауы өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік балабақшаға деген сұра­нысын одан әрі арттыра түсті. Нәтижесінде кезекке тұратындардың қатары да артты. Еліміздегі балалардың барлығын мектеп жасына дейінгі білім беру ұяларында тәрбиелеумен қамтамасыз ету өз кезегінде еліміздің демографиялық тұрғыдан дамуына жол ашатындығын да ескергеніміз жөн-ау. Әйтпесе, «халықтың санын көбейту керек» деген ұран арқылы көп нәрсе шешіле қоймасы анық. Әрбір қазақстандық бүлдір­шін мемлекеттік балабақшаның игілігін көру үшін: мемлекеттік балабақ­шалардағы кезекті реттеудің тиімді жолдарын қарастыру; электронды түрде жүзеге асып жатқан балабақша кезегінің алға жылжу тәртібінің дұрыстығын, анықтығын қадағалау; жекеменшік балабақ­шалардың қызметін пайдаланудың құнын жергілікті білім басқармалары тарапынан бақылауда ұстау; «Балапан» бағдарламасы арқылы қызмет көрсететін жекеменшік балабақшалардың санын арттыру; мемлекеттік мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінің санын арттыруға күш салу; Осы және өзге де мәселелерді қаперге ала отырып, жергілікті әкімдіктер халықтың мемлекеттік балабақшаға деген сұранысын қанағаттандыруға жағдай жасағаны жөн шығар... Әйтпесе, балалардың біразы үйден шықпай, жанары жәутеңдеп таңның атысы күннің батысы теледидарға телмірумен күндерін өткізетін түрі бар... Айтпақшы, бұл тұрғыда бұдан алдыңғы білім саласының тізгінін ұстаған басшылардан әрі аспай, күн құрғатпай жаңа реформа шығарып жатқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те балабақша кезегін алға жылжытатын тың бір әдіс ойлап тапса, құба-құп болар еді...

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz