Университет пен елшілік Әлиханның 150 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізді

012Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында ЮНЕСКО «шынайы бүкіл әлемдік даңқты қайраткер» деп таныған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан өмірі мен шығармашылығы – адамзат қазынасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Шараны Қазақстан Республикасындағы Украина елшілігі жанындағы Мәдениет және ғылым орталығы, сонымен қоса Еуразия ұлттық университеті мен «Қазақстандағы украин радасы» бірлестігі ұйымдастырған. Бір қызығы украиндар әдеттегі дәстүрді бұзып басқосуды әнмен бастады. Соған орай, украин «Оберег» қоғамдық бірлестігі, вокал-хореография ансамблінің әншісі Сәуле Балабатырова украин, қазақ тілдерінде ән шырқады.

Жиынды жүргізген тарихшы, ғалым Зиябек Қыблдиновтың айтуынша Украина елшілігі Қазақстандағы елшіліктер арасынан бірінші рет Алаш көсемін ұлықтау шарасын өткізуге мұрындық болып отыр. Украиндар ХХ ғасырдағы қазақ ұлтының көсеміне құрмет білдіруді өздерінің борышы санайды. Жиынға қатысушылар Алаш қозағалысы, Алашорда автономиясының тарихы туралы ойларымен бөлісті. Сөз кезегін алған Қазақстандағы Укрина елшілігінің бірінші хатшысы Леонид Ясиниский алаштанушы, зерттеуші Сұлтан Хан Аққұлының Ә.Бөкейханов туралы кітабын сатып алғанын да айтты. Айта кетерлігі, үш тілде жарық көрген бұл кітап "Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының" демеушілігімен жарық көрген болатын.

Ал, белгілі Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы Қайырьек Кемеңгер Алаш пен украина халқы, жері, олар арасындағы байланыс жөнінде құнды деректер келтірді. Оның айтуынша, қазақ, украин халықтары Кеңес заманынан бұрын-ақ бір-бірінің әдебиеттерін оқып, өзара рухани селбестікте болған. Әлиханның шәкірті, Алаш идеясын қолдаушылардың бірі Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеудегі Н.Төреқұлұлы басқаратын «Күншығыс» баспасынан «Бұрынғы езілген ұлттар» атты кітап басып шығарған. Автор онда Ресей империясының қол астына қараған 36 ұлт, оның ішінде украиндар туралы да жазған. Кітапты Ә.Бөкейхан оқып, редакциялаған. Қ.Кемеңгерұлы өз еңбегінде укриндар туралы тоқталғанда былай дейді: «Бұрын украиндар ірі отар елдің бірі болды. Феврал төңкерісі болысымен рада, кіндік үкімет жасалды. Салған жерден радаға жұмыскер ұйымдары, басқа ұлт партиялары қарсы болды. Украиндар ұлт азаттығы болмай, әлеуметтің азаттығы болмайды». Сонымен қатар, кітапта сол кездегі украин халқының саны, тіпті ер, әйел адамдардың саны, олардың қаншасы қалада және ауылда тұратыны да бөлек-бөлек келтірілген.

Ал, Қошке Кемеңге 1932 жылы Украинаның Валуйки қаласына жер аударылып, 1935 жылға дейін сонда болады. Осы Валуйки қаласында өзге де Алаш қайраткерлері сүргінде жүрген. Жиынға Укрина елшілігінің өкілдері мен Астанадағы Алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Фото: Азамат Әлиев

Дерек көзі: baq.kz