Тұрғын үй бағалары арзандай бастады - статистика

1375671567_uy2016 жылдың наурыз айында еліміздің тұрғын үй нарығында бағалардың төмендеуі байқалды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, наурыз айында өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 2,5 пайызға, абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату - 0,6 пайызға, одан төменгі санаттағы тұрғын үйлер бағасы  - 0,1 пайызға төмендеді. Ал абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,3 пайызға арзандаған.

Атап айтқанда, 2016 жылдың наурыз айында жаңа тұрғын үйлердің шаршы метрінің бағасы 253 мың 530 теңгені құрап отыр.  Бұл ақпан айымен салыстырғанда 2,5 пайызға төмен. Абаттандырылған тұрғын үйлердің орташа бағасы шаршы метріне 194 мың 808 теңгені, ал одан төмен санаттағы тұрғын үйлердің шаршы метрі 115 мың 658 теңгені құрады.

Сонымен қатар, абаттандырылған тұрғын үйлерді жалға беру төлемі шаршы метріне 1 мың 298 теңге болды.

Дерек көзі: ҚазАқпарат