Перде тігушінің өтініші жерде қала ма?

694EC95A-3598-414E-8ABD-00C1008C2F0F_w640_r1_cx27_cy10_cw69_sБүгін астаналық кәсіпкер Ақмарал Ардаубаева жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиге және бас прокурор Асхат Дауылбаевқа өтініш хат тапсырды. Кәсіпкердің айтуынша, 2014 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсынан депутаттардың қызметтік пәтеріне перде тігіп беруге тендерді жеңіп алып, парламенттің шаруашылық басқармасымен келісім шартқа тұрған. Келісім шарт бойынша, ол 25 миллион теңгеге 130 перде жинағын тігіп берген. Бірақ, кәсіпкер әлі күнге дейін тиісті қаражатын ала алмай, бір жылдан аса уақыт бойы парламенттің шаруашылық басқармасымен соттасып, жоғарғы сотқа дейін барған. Ол соттың барлық кезеңінде жеңілгенін айтады.

«Сотта іс дұрыс қаралмады» деген кәсіпкер Ардаубаева Қайрат Мәми мен Асхат Дауылбаев өз ісіне "назар аударып, әділеттілікті орнатса» дейді.

Кәсіпкердің қоғамдық қорғаушысы Мақсат Ілиясұлы сот барысында парламенттің шаруашылық басқармасы тігілген перде жинақтарына "негізсіз талап қойғанын" айтады.

- Парламенттің шаруашылық басқармасы тарапынан перде матасының бір шаршы қалыңдығына 585 грамм мата талап етілген. Бірақ, біз Ресей, Украина, Беларусь елдеріндегі ірі мата шығарушы фабрикаларына сұрау салғанда, мұндай қалыңдықта перде тігілмейтінін білдік. Оның үстіне парламенттік шаруашылық басқарамасы «Аналитика» атты жеке ұйымның сараптамасы негізінде талап қойды. Бірақ, «Аналитика» ұйымы бізге осы іске қатысты ешқандай қорытынды жасамағанын жазды. Сот барысында осы уәждеріміз назарға алынбады, - ­дейді ол.

Жоғарғы сот пен бас прокурорға шағым жазып, олардан үміт күтіп отырған кәсіпкер қол астындағы 20 шақты тігіншіге тиісті еңбек ақыларын бере алмай отырғанын айтады.

Руслан БОТАЙҰЛЫ

Дерек көзі: azattyq.org