Қазақстанда өсетін жусан - обыр дертіне ем

04Обыр... Атың өшкір ғасырлар дертіне айналған қатерлі ісік. Бірнеше жүздеген жылдар бойы ірі -ірі ғылыми-зерттеу институттары, ғұламалар, медицина саласының білгірлері емін таба алмай жүрген қасірет. Әйтеуір енді басталып келе жатқан шағында дәрігерге көрінгеннің өмірін ұзарта алатын шипаны тапты ғалымдар. Бұған да шүкіршілік деп жүргенде ойда жоқта АҚШ ғалымдары айды аспанға бір-ақ шығарды.

Таяуда әлемдік БАҚ-тар Калифорния шта­тындағы университет ғалымдарының ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 пайы­зын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтағандығын жарыса жазды. Бұл медицина саласындағы аса зор жетістік. Аса қуанышты әрі қызығарлық та, қызғанарлық та жағдай. Қызғанатынымыз, бұл өсімдіктің қазақ даласының кез келген жерінде кездесетін, жұпар иісі бұрқырап өсіп тұратын кәдімгі жусан екендігі. Яғни, жусанды кешіп жүрген ғалымдарымыздың, ғылыми-зерттеу институттарындағы мамандарымыздың қолда бар дәру шөптің осынау қасиетін аңғара алмауы. Енді америкалық ғалымдардың еңбегіне тағы бір үңілелік. Тіпті олар жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшеліктері бар екенін де анықтаған. Мысалы, оның бір жылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 пайызын жойып жібереді. Ал егер оған темір қоспасын қосып пайдаланса, өсімдік обырды толық құртып жі­береді.

Ал жусан сайын даламызды тұтастай басып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде - шөл-шөлейтті далада, таулы жерлерде өсетін 81 түрі бар.

«Жусанның 17 түрі - сирек кездесетін эндемик түрге жатады. Шырғалжын жусанның жапырағы мен сабағын жеуге болады, құм жусаны құм тоқтату үшін пайдаланылады. Арасында улы түрі (таврий жусаны) де кездеседі, оны мал жемейді. Жусан - құнарлы мал азығы, дәрілік, бояуыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік. Жусанды қолдан (мысалы, тамыржусан) да өсіреді. Ал Қазақстанда ғана өсетін бір түрі - дәрмененің дәрілік шөп ретінде ерекше мәні бар, делінген wikipedia.org-та.

Әдетте, дәрілік тым сирек кездесетіндігі табиғи заңдылық. Ендеше мұның дермене болуы әбден мүмкін. Ал дермене тек Оңтүстік Қазақстан өңірінде,  Арыс ауданы аумағында  өседі. Ғаламторға үңілдік. Дермене жайлы бірнеше ғылыми еңбектер де жарық көрген екен. «Бұл өсімдіктің шипалық қасиетін қазақ халқы ерте кездерден бастап-ақ біліп, оның қайнатылған тұнбасын, қоспасын түрлі ауруларға (әсіресе, ішектегі құрттарды түсіру үшін) пайдалана білгендігі тарихтан белгілі. Ерте кездерде дәрілік өсімдіктерді іздеп келген басқа ұлт өкілдері жергілікті тұрғындардан «қандай дәрілік өсімдіктерді білесіңдер?» деп сұраған кезде «дәрі міне» деп дермене жусанын көрсеткен екен деген аңыз бойынша оның атауы «дәрі міне», сөз тіркестерінен алынып, «дермене» деп аталып кеткен. Сондықтан да, дермене жусанын «дәрінің қазынасы», «дәрінің қоймасы», «дәрілердің патшасы», «дәрілердің дәрісі» деп босқа атамаған. Шипалық қасиеті туралы деректер Рим ойшылы Үлкен Плинийдің еңбектерінде кездеседі. Ал орта ғасырларда көрнекті араб дәрігері Ибн-Байтар еңбектері арқылы медицина ғылымына дермене жусанының дәрілік қасиеті кеңінен танылды. Ертеде арабтар дермене жусанын «киелі шөп» деп атаған. Дәрілік қасиеті ғылыми тұрғыда 1830 жылы анықталды. Оны Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеді. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде дермене жусаны Жерорта, Каспий және Қара теңіздерінің жағалауларында, Орта Азия мен Қазақстан аумағында өскендігі туралы да тарихи деректер сақталған. Дермене жусанының ежелгі отаны - Палестина мен Мысыр аймағы деп есептелінеді»,- деп жазады Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универсиетінің  профессоры Рысбай Сәтімбеков. Танымал қаламгер Дулат Исабеков «Дермене» повесінде осы дәрілік шөп туралы тоқталып өтеді. «Дермене - мен тұратын ауылдың да атауы. Оңтүстік өңірде көп өсетін емдік қасиетті шөп арнайы күтімге алынғанын білетінмін. Асыл шөп жайлы ел аузында аңыз желісі бар: «Ертеде елді ағайынды қос жігіт басқарыпты. Мамыражай бір күні сырттан жау тиеді. Хандықты басып алады. Биліктен айырылған екеудің бірі қаңғырып кетеді де, екіншісі осы жерде көптің бірі болып қалады. Арада жылдар өтеді. Жатжұрттық хан қайтыс болады. Тұрғылықты халық қайтадан байырғы қалпына оралады. Ағайынды жігіттің үлкені бауырын іздеуге кіріседі. Жан-жаққа хабаршы жібереді. Ауыл-ауылға сұрау салады. Дүниенің төрт бұрышын шарлап жүргенде, інісінің дерегі шығады. Хабар жеткенімен, кері оралуға намыстанған бауыры жатжұрттық болып қала беруді таңдайды. Мұны түсінген ағасы ақ шүберекке бір түп дерменені түйіп, сәлемшілерден беріп жіберіпті. Орамалдың түйінін жазып, дермененің хош иісін емірене иіскеген жігіт ағыл-тегіл жыласа керек. Шіркін, туған ауылдың иісі-ай!.. Көп ұзамай атамекенге оралыпты». Осылай деп толғанады Дулат Исабеков.

Кім жыл санап жүріпті. Шамасы өткен ғасырдың 80-жылдары. Көктемгі мал төлдету науқаны қызып жатқан кез еді. Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» редакциясында тілші болып жүрген шақ. Іссапармен Қызылқұм, Арыс аудандарының шаруашылықтарын аралап, Арыстанды- Қарабастың өкпек желімен жағаласып жүріп, шопан қауымының ауыр да тынымсыз  тыныс-тіршілігін көзбен көрдік. Репортерді жаңалықтарға толтырып Арыс стансасына келіп, Алматыға қайтуға билет алдым. Қас қарайып қалған кез, пойыздың жүруіне 6-7 сағат уақыт бар. Арыс үлкен станса. Бір жағы Мәскеу, бір жағы Өзбекстан, бір жағы Алматы дегендей, қышқырған тепловоздар рельсті солқылдатып арлы-бері ағылып жатыр. Сөмкемді  арқалап стансаның басында тұратын немере ағам - Өмірзақтың үйіне бардым. Кешкі асқа қам жасап жатқан жеңгем дереу қазан көтерді. Көп сөйлемейтін Өмекең болса аз-кем жаңалық сұрасқан соң орнынан тұрып шығып кетті. Сәлден соң үш литрлік шыны банкі көтерген күйі қайта кіріп келді де кесеге толтыра құйды. «Сімір, -түгел тарт»,-деді. «Дермененің қайнатпасы. Ем болады. Ет піскенше, жөтелің де азаяды». Жаппарқұлда жан бар ма, қышқылтым сарғылт тартқан сусынды дем алмастан сылқылдата жұттым. Артынша шәй іштік. Маңдайымнан сауылдай тер ақты. Міне ғажап, ет піскенше тамақты буған жөтел де басылды. Ағам пойызға шығарып салып тұрып, бір түйіншекті берді. «Дермененің дәні. Тамызда өзім жинағанмын. Салқындап қалған жағдайда бір шәй қасықтай мөлшерде шәйнекке демдеп, ішіп алсаң болғаны. Біздің үйдегі бала-шаға  тымау-сымауды ұмытқалы қашан",-деп жылы жымиды.

Сан дерттің дауасына айналған қайран асыл шөптің тарихын қазбаладық.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде өсетін дермене жусаны әлемге әйгілі болып, оны өндірістік негізде кеңінен пайдалану қолға алынды. 1830 жылы дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат алынды. Бұл препарат тек қана дермене жусанынан ғана дайындалады. 1880 жылы орыс көпесі Савинковтың қолға алуымен Шымкент қаласында дермене жусанынан сантонин өндіретін арнайы зауыт салынды. Ал 1885 жылы Түркістан өлкесіндегі дермене кәсіпорны өзінің ең алғашқы өнімі - 189 пұт сантонин шығарады. Ресейде бұл өнімнің 2-3 пұты ғана пайдаланылып, қалғаны түгелдей шетелге тасымалданған. Бертінде КСРО Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы 28 тамыздағы өкімімен емдік шөптерді өсіру үшін «Дермене» кеңшары ұйымдастырылған. Бұл шаруашылық сол кезеңдерде дәрілік шөптерді дайындап, дәріханалар мен басқармаларға және зауыттарға шикізат түрінде жіберіп отырды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанда өзіндік фармацевтикалық өндірісті игеріп, игілікке жаратуға шынайы бетбұрыс жасала бастады. 1993 жылы «Химфарм» АҚ құрылды. Бүгінде зауыт ыстық түсіретін дәрі-дәрмектер, антацидтер, асқазан жарасын емдеуге қажетті, өт айдайтын препараттар, диареяға, вирустарға, жөтелге, суықтауға қарсы препараттар, жүйкені тыныштандыратын, теріні және жарақаттарды дезинфекциялайтын дүниелер шығарады. Сондай-ақ, фармацевтикалық тұнбалар, парафармацевтикалық, тамақтануға қосымша қоспалар, урология, дерматология, гинекология және акушерлік, эндокринология, иммунология салаларына қажетті, тағы басқа да толып жатқан дәрі-дәрмектер әзірлейді. Жылына 1 миллиард таблетка, капсула және түйіршіктер, 350 миллион ампула, 24 миллион құты антибиотиктер, 4 миллион пакет инфузиялар өндіреді. Сан дерттің дауасына айналған асыл шөптің миллиондаған жанның дертіне дауа болып отырғандығының айғағы бұл. Ал ғалымдардың обаның, ғасыр дертінің, жо-жоқ, ғасырлар дертінің емі екендігін тапқаны дүниені дүр сілкіндірер оқиға екендігі анық.  Сан мыңдаған сырқаттардың үмітін оятқан өкпе рагы жасушаларының 98 пайы­зын бірден жойып жіберуге қабілетті дәрі жасалды. Тыңнан түрен салынды. Әлем жұртшылығының адам ағзасының өзге де мүшелерін  жегідей жеген бұл дерттің құпиясы ашылар күнді елеңдей күтіп отырған жағдайы бар. Біз үшін әттеген-айы, мұхиттың арғы жағындағылардың жусан кешіп жүрген біздің алдымызды орап кеткендігі. Ендеше,  ғалымдарымыздың озық ойлы америкалық әріптестерімен тізе қосып, бұл бағыттағы  ғылыми жұмыстарын жандандыра түсетін шақ туды. Мүмкін, үкілі үміттерге сенім құйған дермененің тағы бір ғажайып емдік қасиетін АҚШ пен Қазақстан ғалымдары ашқан сәттің куәсі де болып қалармыз.

Ерлан Қожакелдиев