КЕЛДЕНБАЙ

olmesekovЕкеумізді жазушы Тұрсын Жұртбай таныстырған. Белгілі қаламгер ел ішінен келген азаматтың халықтық қазына тұнығынан мейлінше қанып ішкен өнерпаз екендігін айтып, оған айрықша құрмет танытты.

Жазушының әншіге көрсеткен ерекше ілтипатының сыры көбінесе аруақты Шәкең бабамызға деген ыстық сүйіспеншілікте жатқан шығар деп ойлап қойдым. Келденбай Өлмесеков, негізінен, солақай саясат әлегінен ұзақ жылдар бойы ұрпаққа белгісіз болып келген Шәкәрім әндерін тұңғыш тірілтушілердің бірі болып есептеледі екен.

Әңгімеге араласыңқырамай, жирендеу мұртын сипап қойып, мақтау сөзге жарасымды жымиысымен ғана жауап беріп тұрған жігіт ағасымен жақынырақ таныса келе, оның жазушы құрметіне әбден лайықты өнерпаз екендігін пайымдай бастадық.

Өзі айтты:

Әнге бала жастан құмар болғаныммен, өнерге келер жолда көп жүрексініппін. Қазір атақты Жүсіпбек Елебековтің соңғы шәкірттерінің бірі деген атым бар. Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы конкурстың лауреатымын, Семей облыстық филармониясында еңбек еткендігіме де бірталай жыл болды. Соған қарамастан, әлі күнге дейін ән құдіретінің алдында жаңа түскен жас келіндей именіп тұратын әдеттен арыла алмай келем. Бәлкім, бұл аяулы өнерге деген зор құрметтің, үлкен сүйіспеншіліктің әсерінен шығар. Халқымыз көкейдегі сырды сиқырлы сазбен, әсем әуенмен бейнелеуге бейім болған ғой. Бар арманын мөлдіретіп, ән-жырмен жеткізе білген баяғы Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәдилер не деген ғажап тұлғалар! Сол алыптардың дәстүрін көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа танытып келе жатқан бүгінгі Қайрат, Жәнібектерге де тәнтімін...

Келденбаймен М.Әуезов музей үйінде өткен халық университетінің кезекті лекцияларының бірінде кездескен едік. Ол академик Шапық Шөкиннің Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов туралы әсерлі естелігінен кейін әуелетіп ән шырқаған.

Қазір есептеп отырсам, сол кеште он бір ән салынған екен. Бәрі де Шәкәрім шығармалары еді.

Ақын мұраларының ортаға қайта оралу қуанышы мен әділеттің өлмейтіндігіне деген сенім, арманда өткен арыстың аманатын жеткізгендей, әншінің зор даусы жұртшылықты дүр сілкіндіріп, дуылдата қол соққызған.

Ел ішінде халық мұраларына жақын әлдебір өнерпаз пайда болды десе, ішкен асын жерге қоятын профессор Рахманқұл Бердібаев та Шәкәрімдей тұлғаны елге белгісіздеу болып келген композиторлық қырынан таныстырғаны үшін Келденбайға шексіз ризалығын білдіріп, ақтарыла сөйледі. Әншінің талабын қуаттаған ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың лебізі де әсерлі болды. Бұл ­Өскемен өлкесінде туып-өскен өнерпаздың өзі үшін де жұртшылыққа неғұрлым кеңірек таныла бастаған сәттің басы еді. Соны сезген Келденбай да көпшілік алдындағы міндетін мінсіз атқарып болған соң үлкендердің батаға бергісіз тілегін қалайда адал атқарармын дегендей, қара терге малшынған қасқа маңдайын қайта-қайта иіп тұрды.

Өзі айтты:

Шәкәрімнің бір әнін ең алғаш жариялылыққа жол ашыла қоймаған сонау 1980 жылдың жазында халық ақыны Шәкір Әбеновтен естіппін. Ол әннің аты «Ең қызық жастық» болатын. Осыны үйреніп алған соң жер-жерде айтып жүрдім. Бірақ «Бұл – жарықтық Шәкең бабамыздың әні екен!» деуге жүрек дауалаңқырамай отыратын. Өйткені, «Халық жауының жоқтаушысы» деген жаманатқа ілігіп кету оңай еді. Несін айтасың, талай жылдар өз асылдарымызды өзіміз иемдене алмай іштен тындық қой. Жан-жаққа жалтақтатып, сужүрек қылған заман Шәкеңдей ұлылардың басын оққа байлағанда біз кімнің шікірәсымыз! Шәкәрімнің өнерін өлтірмей, өскелең ұрпағына жеткізіп берсем деген Әбдіғали ағамыз да ажал құшыпты. Оған себеп – Шәкәрім «Сұраған елге сәлем айт!», «Әбдіғали бауырым жалғызға» деген әндерін өзі жақсы көрген осы інісіне арнаған екен. Мұндай нәрсе Шәкәрімнің жер басып жүргендігін көтере алмаған қанды қол қарақшыларға ұнасын ба! Дегенмен, өнердің өлімнен де құдіретті болатын сәттері көп екен. Әбекең қатерге басын тігіп Шәкәрім мұрасын сақтаса, сол ісі үшін ажал тапқан Әбдіғали өнерін тәуекелдің жел қайығына мініп, оның ұлы Ниязбек жалғастырыпты. Ал, Ниязбек дәстүрін бүгінгі Абай ауданындағы Абай музейінің директоры Төкен Ибрагимов жалғайды. Күндердің күнінде әділет туының желбірейтіндігін сезген осы Төкең де тондай сірескен тоқырау жылдарының өзінде кейінгі ұрпаққа Шәкәрім әндерінің нәшін бұзбай жеткізушілердің бірегейі есептелген Ниязбектің аузынан бірнеше туындыны тасқа да түсіріп алған көрінеді. Шәкәрім әндеріне менің де бетімді бүтіндей бұрып жіберген осы Төкен ағамыз болатын. Кейінірек Ахат ағамен (Шәкәрімұлы) таныстым. Бұл кісілерден Шәкеңнің оннан астам әнін үйреніппін. Әлі де мен терең игере қоймаған жиырма шақты ән бар. Қазір соларды дайындау үстіндемін. Шәкәрім әндерін ең алғаш халық ішінде, көзден жас парлап тұрып, кеудені кере армансыз шырқайтын сәт 1988-ші жылдың 15-ші сәуірінде туды. Онда Көкшетау өңірінде гострольде жүргенмін. «Шәкәрім ақталды!» деген хабарды Біржан салдың туған жері Степнякта жүріп естідім. Ғажапты қараңызшы – Біржан және Шәкәрім... Бұл кездейсоқтық емес. Әйтеуір, қуанышымда шек болған жоқ. Сол күндері дауыс қарлыққанша Шәкәрім мен Біржан әндерін алма-кезек шырқаумен болдым. Амандық болса әлі де шырқай берерміз...

Бүгінде Келденбай тек Шәкәрім әндерін насихаттауға бекем бел буған. Ол үш жылдың ішінде ақын өмірінен терең мағлұмат беретін лекция-концертпен республикамыздың түкпір-түкпірін аралап та үлгерді. Шәкәрімдей ұлы тұлғаның қазір белгілі болып отырған отыздай әнінің өзінде телегей теңіздей терең тарих жатыр. Оның қыр-сырына жалғыз Келденбай жете ала ма, жете алмай ма – бізге беймәлім. Белгілі бір жәйт бар ол – Келденбайдың үлкен іске кіріскендігінде. Оның қаншалықты жемісті болмағын уақыт көрсетер.

                                 05.10.1991.      

 Құлтөлеу Мұқаш

qazaquni.kz