Бүгін парламенттің VI шақырылым депутаттарының алғашқы отырысы өтеді

image80987Бүгін, 25 наурызда, сағат 10:00-де Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтеді.

Бірлескен отырыс аяқталғаннан кейін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді.

Еске салсақ, 20 наурызда Қазақстанда Мәжіліске кезектен тыс сайлау және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өткен болатын.

Сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан», ҚКХП, «Ақ жол» саяси  партиялары өтті және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды.

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.

24 наурызда VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі үш партия атынан және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттардың аты-жөні белгілі болды.

Еске сала кетейік, сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясы сайлаушылардың 82,2% дауысын жинап, Мәжілістегі 84 орынға ие болған еді. «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін 540  406 (7,18 пайыз) адам дауыс берді. Ал Қазақстан коммунистік халық партиясына  537  123 адам  дауыс берді немесе сайлаушылардың  7,14 пайызы таңдауын жасады. Мұнымен қоса, 21 наурыз күні  ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлады.

Сонымен,  Орталық сайлау комиссиясы соңғы екі айға созылған елдегі сайлау науқанын аяқталғанын мәлім етті. Енді Мәжіліске өткен 107  депутат өз жұмыстарына кіріседі.

Дерек көзі: ҚазАқпарат