Алаш көсемі Әлиханның рухына жасалған құрмет

«Ақ жол» партиясы Алаш ардақтысына ас берді

alihan-alash-kopiya 2016 жыл – қазақ руханияты үшін қадірлі де тұғырлы жыл. Қадірі де, тұғыры да сол – Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл. Қазақтың оза туған Әлиханын – бүкіләлемдік атақты ұйым ЮНЕСКО-ның өзі «Әлемдік тұлға» деп танып, Оның 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту жөнінде шешім шығарды. Міне, көрдіңіз бе, ЮНЕСКО-ның ғұламалар кеңесі қатардағы екінің бірін «Әлемдік тұлға» деп санамайды. Осы уақытқа дейін ұлы Абайдың, жыр алыбы – Жамбыл мен дауылпаз Махамбеттің, қазақтың заңғар жазушысы Әуезов пен ғалым Сәтпаев, суретші Қастеевтің ғана мерейтойлары ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен еді. Ал, қазақтың Әлиханы – қазақтың дара туған қайталанбас біртуар тұлғасы. Енді дүйім Алаш арқа-жарқа болып Әлиханның мерейтойын тойлайтын болады. Ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейхан 5 наурыз күні дүниеге келген. Алаш аманатына адалдық танытып, Алаш қайраткерлері құрған «Алаш» партиясының жолын ХХІ ғасырда жалғастырып жүрген «Ақ Жол» ҚДП  Алаш ардақтысы, ғасыр саңлағының туған күнін атап өтті. Себебі: қазір саяси науқанның қызып тұрған шағы. Жуырда Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтпекші. Бірақ, осының бәрін уақытша қоя тұрып, партия ұжымы Алаш ардақтысы Әлиханның туған күнінде оның әзіз рухына Құран-хатым бағыштатып, зиялы қауымға арнап құдайы ас берді. 12799151_475846699275745_4862022808994096419_nҚұдайы ас Астана шаһарының «Алтын Адам» мейрамханасында өтті. Асқа бүгінгі қазақтың зиялы қауым өкілдері, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары және Алматы, Семей, Қарағанды , Арқалық өңірінен арнайы делегациялар келіп, құран-хатымда қол жайып, әруақтың рухына дұға жасап, оның фәни ғұмырында істеген өнегелі істері мен тағылым алар еңбектерін тілге тиек етті. «Ақ Жол» ҚДП хатшысы Сәбит Байдалы: «Қадірменді достар, ардақты ағайын! Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға Әлихан Бөкейханның дүние есігін ашқан күні. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдығының ЮНЕСКО шеңберінде тойланатыны өздеріңізге мәлім. Ол той Түркиядан басталып та кетті. Кеше Анкарада «Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы және түркі зиялылары» деген атпен халықаралық конференция болып өтті. Бүгін осы мерейтойдың нағыз иесі қазақ топырағында – қазақ елінің астанасындағы «Алтын адам» мейрамханасында – шын мәнісінде алтын адам – Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы құрметіне жасалған, оның рухына бағышталатын Ас мәзіріне жиналып отырмыз. Асты ұйымдастырушылар бұл шараға Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарын, алаштанушы ғалымдарды, жалпы ұлт тарихын қастерлеушілерді шақырған едік. Олардың басым көпшілігі келді, сондай-ақ Әлихан Бөкейханның туған жері – Қарағанды облысынан, Алашорда үкіметінің алғашқы астанасы – Алаш қаласы – Семейден арнайы делегациялар келді. Біз Сіздердің Алаш атын, оның көшбасшысы Әлихан Бөкейханның атын аялап, қадір тұтып біздің дастарханымыздан табылғандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Аттаған қадамдарыңызға сауаптан жазылсын деген тілегімізді білдіреміз. Менің микрофон алуымның негізгі себебі – алаш идеяларын таратқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болғандардың ұрпағы Азат Перуашевтің ұсынысымен осы бүгінгі алқалы жиынды жүргізу жауапкершілігі жүктелген Қайырбек Кемеңгерді Сіздерге таныстыру. Көпшілік Қайырбекті әрине біледі. Дегенмен жекелеген білмейтіндер үшін ең бастысын айтайық: Қайырбек Кемеңгер – Алаш арысы Қошке Кемеңгердің шөбересі. Ал Қошке Кемеңгер болса, басқа да көптеген Алаш қайраткерлері сияқты Әлихан Бөкейханды ерекше сыйлаған, идеал санаған сенімді серіктерінің бірі болған. Байқасаңыздар, Сіздер ұрпақтар жалғастығының, ұрпақтар сабақтастығының айқын мысалының куәсі болып отырсыздар,-деп,  тізгінді асылдың сынығы Қайырбек Кемеңгерге  берді.  Алаш көсеміне берілген аста  академиктер Жабайхан Alihan asy 2Әбділдин, Сейіт Қасқабасов,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдікұлы, профессор Дихан Қамзабекұлы, кинодокументалист, режиссер Қалила Омаров, қоғам қайраткері Алдан Смайыл сынды азаматтар Әлихан Бөкейханның жан-жақты тұлғалық қасиетін сөз етсе,  ақын Серік Тұрғынбекұлы мен Бақытжан Тобаяқов жырдан шашу шашып, Қазақ ұлттық университетінің проректоры, күйші Тұрар Әліпбаев «Әлихан» атты бабамыздың құрметіне арналған күйін орындады.  Alihan asy 3 — копия Ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының  орынбасары  Қазыбек Иса: "Қазақстанның парламенті тарихында Алаш аты, оның көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып есімдері ең бірінші рет 2012 жылы қыркүйек айында "Ақ жол" партиясы фракциясының депутаттық сауалында естілді. Сол жылы "Ақ жол" партиясы бүкіл елміз бойынша Алаштың 95 жылдығын атап өтті"-деп, партияның Алаш ұстанымдары мен ұлттық мүдде жолындағы жасап келе жатқан көптеген іс-шараларына тоқталды. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымас» деген аталы сөз бар. Әуелі Әлиханның рухына құрмет жасасақ, оның өзі қайырлы іс емес пе? Өйткені, Әлихан бабамыз – қазақтың түтіні дұрыс шығып, өз алдына дербес ел болуын арман етті; қазақтың жер асты, жер үсті байлығы және әрбір темірі, тіпті, малының жүні мен терісіне дейін қазақтың күнделікті тұрмысының қажетіне жарауын көздеді. Біз, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы – асыл бабамыздың осы сенімінен шығып, аманатын қалтқысыз орындауға тиіспіз. Бұл – әруақ алдындағы әрі Отан алдындағы азаматтық һәм перзенттік парызымыз. О дүниелік адамның рухы үшін жасалар құрметтің әуелгісі – оның рухына құран бағыштап, дұға ету. Екіншісі – оның істеген өнегелі ісін келешек ұрпаққа насихаттау, дәріптеу. Үшіншісі – оның есімін халық жадында мәңгілікке қалдыру үшін, өскелең жас ұрпақ тағзым етіп, идеал тұту үшін оның құрметіне үлкен шаһарларда ескерткіш орнату, көшелер мен даңғылдарға, оқу орындары мен мәдени мекемелерге есімін беру. Azat P   Имандылыққа негізделген шараның соңында «Ақ Жол» ҚДП –ның төрағасы Азат Перуашев: «Дәл қазір Парламенттік сайлау науқаны жүріп жатқан уақыт болса да, бұл асты бүгін «Ақ жол» партиясы өзінің насихаты, жарнамасы үшін беріп отырған жоқ. Сіздерден өтініп сұрарым: мені де, партияны да мақтаудың қажеті шамалы. Әлихан Бөкейханның туған күніне, оның 150 жылдығына жасалған мына ас – біздің азамат ретіндегі қарапайым үлесіміздің бірі ғана .    Алаштың ұстанымдары, Алаштың мұрасы – ешбір партияның, ешбір бөлек топтың жекешелендіріп алған меншігі емес, Алаш мұрасы – бар қазақтың ортақ байлығы мен мақтанышы. Бұл – біздің ортақ тарихымыз да, тағдырымыз да, парызымыз да, қарызымыз да. Отанымызда қаншама саяси партиялар болса да, біздің жеріміз бір, еліміз бір, тіліміз бір, тіпті, Алаш мұрасы да бәрімізге ортақ емес пе?! Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан елімізді бірлікке, ынтымаққа шақырған. Біз де соған лайықты болайық! Әрине, менің алдымда сөйлеген ел ағалары айтқандай, Әлекеңнің құрметіне берілер көшелер де, ескерткіштер де керек. Тіпті, оның саны көп болса да, артық болмайды. Менің ойымша, Әлихан Бөкейхан және басқа Алаш арыстарының құрметіне қойылар үлкен ескерткіш – олардың арманын орындау - мықты, білімді, бай, өркениетті, заманауи жаңарған , өзге елдермен терезесі тең, инфрақұрылымы дамыған, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауқатты әлемдегі мықты да қуатты елдердің қатарына елімізді қосайық, соған атсалысайық, осы жолда бәріміз бірігіп, қызмет етейік, құрметті халайық! Сонда ғана біз Алаш арыстарының аманатын орындайтын боламыз» - деп асқа жиналған зиялы қауымға алғысын білдірді. Қазақ елінің Тәуелсіздігі тұғырлы болса, әлі талай асылдарымыз ұлықталып, қазақтың текті ұлдары «Әлемдік тұлғаға» айналары сөзсіз. Құдай Тағала тәуелсіздігімізді баянды, ғұмырлы етсін. Алаштың Әлиханының тойы құтты болсын!

Елдос Тоқтарбай qazaquni.kz