Елімізде айлық-жалақының қай өңірде ең көп өскені анықталды

Сарапшылар Қазақстанның қай аймағында жалақының ең көп өсірілгенін анықтады, - деп хабарлайды Ranking.kz.

Сарапшылардың мәліметінше, 2015 жылы қазақстандықтардың жалақысы орташа есеппен 4 пайызға өсті. 2015 жылдың 4-ші тоқсанында Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 136,1 мың теңге болыпты. Бұл 2014 жылға қарағанда 5,2 мың теңгеге жоғары. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы жалақының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен.

"2-ші тоқсанда жылдық өсім - 3 пайыз, 3-ші тоқсанда - 2 пайыз, ал 4-ші тоқсанда 4 пайыз болды. Салыстыра кетсек, 2014 жылдың 4-ші тоқсанында орташа жалақы қызметкер 2013 жылдың осы кезеңіне қарағанда жалақыны 12 пайызға көп алды", - деді сарапшылар.

Сонымен қатар, республика бойынша елордалық қызметкерлердің жалақысы ең көп, яғни 17,2 мың теңгеге өскені анықталды. Мұнай өндіретін аймақтарда, яғни Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында жалақы 15,9 мың және 12,9 мыңға өсті. Бұл кезеңде Маңғыстау облысында жалақы 4,5 мың теңгеге, ал Ақтөбе облысында 1,2 мың теңгеге қысқарған. Қызылорда облысында жалақы небары 84 теңгеге өсіпті.

Өткен жылға қарағанда 7,9 мың теңгеге жоғары жалақы алатын алматылықтар жалақының өсу қарқыны жөнінен 4-орын алды.

Түрлі қызмет көрсетумен айналысатын компаниялардың қызметкерлерінің жалақысы бір жылда 45,2 мың теңгеге, яғни 27 пайызға өсіпті. Сонымен қатар, кәсіби, ғылыми, техникалық қызмет өкілдерінің жалақысы бір жылда  39,5 теңгеге, яғни 15 пайызға өсті. Қаржыгерлер мен тау кенді игеру өнеркәсібінің қызметкерлері болса бұрынғыдан 18-20 мың теңге артық жалақы алды.

Дерек көзі: tengrinews.kz