«МузАРТ» тобы өздеріне ізбасарлар іздейді

Ұлттық арна эфирінде - «МузАРТ LIVE» мега-жобасы!

201603111942052016 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында осы жылдың үздік мега-жобасы – «МузАРТ LIVE» тұсауын кеспек. Ол туралы үстіміздегі жылдың 14 наурызында Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатында хабарланатын болады.

Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, жүрегін жаулаған «МузАРТ» тобы өз ізбасарларын ел арасынан іздейді.

Байқау ұйымдастырушысы – «Қазақстан» РТРК АҚ. Мега-жобаның жүргізушілері, белгілі актер – Азамат Сатыбалды, жас актер, тележүргізуші – Нұрсұлтан Есжан және журналист – Дина Төлепберген; продюсері – Ренат Гайсин.

«МузАРТ LIVE» музыкалық тележобасына 16 жастан 25 жасқа дейінгі аралықтағы талантты ер жігіттер қатыса алады. Үміткерлердің музыкалық білімінің болуы шарт емес. Сондай-ақ, музыкалық талғамы мен орындаушылардың құрамына да (соло, дуэт, топ) мән берілмейді. Ең басты талап – қатысушы мемлекеттік тілде ән айта білуге міндетті.

«МузАРТ LIVE» музыкалық байқауы 3 кезеңнен тұрады:

І кезең – Онлайн іріктеу (кастинг) 15-ші наурыздан 15-ші сәуір аралығында өтеді ( онлайн өтініш берген үміткерлердің жұмысы қаралады).

ІІ кезең – Аймақтық іріктеу «МузАРТ» тобының қатысуымен өтпек. Байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі 10-шы мамырдан 25-ші мамыр аралығында Қазақстанның 5 қаласында -  Астана, Алматы, Атырау, Семей және Шымкентте өтеді.

Екінші кезең біткеннен кейін қазылар алқасы 2 аптаның ішінде байқаудың үшінші кезеңіне жолдама алатын 60 үміткерлердің есімін жариялайды.Ұлттық музыкалық тележобаның ІІІ кезеңі үміткерлерге телетүсірілімге қатысу мүмкіндігін береді.

ІІІ кезеңге өткен үміткерлер стиль, имидж, репертуар, хореография саласы бойынша ұйымдастыру комитетінен кеңес алады деп жоспарланып отыр. Ақтық сында бар-жоғы 6 адам бағын сынайды.

Қатысу ережесі бойынша толық ақпаратты www.kaztrk.kz, www.viamuzart.kz ресми сайттарынан, Жобаның @muzartlive_official ресми instagram парақшасынан алуға, сондай-ақ онлайн өтініштерді show@muzart.kz е-mail адресіне жолдауларыңызға болатынын хабарлаймыз.

Тек үздіктер үзеңгі қағыстыратын дүбірлі доданың куәсі болатын күн де алыс емес. Жаңа жоба – жаңа белесті Ұлттық арнада тамашалаңыздар! Өте қызықты боларына уәде береміз! Ал әзірше, Сіздердің кастингке қатысуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Біз өз кезегімізде, Жоба үміткерлеріне тек сәттілік тілейміз!

qazaquni.kz