АЛАШ РУХЫНА АДАЛДЫҚ

Дихан Камзабекулы 5 %28А%29Кітап арқалап, бастарына кішкене тақияларын қисайта киіп, шуылдаған көп бала медресеге жүгіре кірді.... Көп ішіндегі шәкірттің бірі ұстаздың көзіне ерекше түседі. Себебі, күн сайын... Кітабын біреу алып қашатындай кеудесіне басып, құшақтап, жүзін көрсете кірген қалпы тысқа шығады. Бірде ұстазы шақырып алып: – Балам, неге сен үнемі кітапты кеудеңе басып жүресің? Әлде, саған біреу күш көрсетеді деп қорқасың ба? Сонан соң медресеге кірген бетіңмен кері қайтатының не? – деп сұрайды. Сонда бала шәкірт: – Я, Ұстаз! Сіз маған екі дүниенің ілімін үйретесіз, ал мына кітап білімімді бекітуіме қызмет қылады. Өмірлік тәлім беріп жүрген сізге қалайша арқамды көрсетіп, теріс қарамақпын, жансерігіме айналған мынау кітабымды белден төмен ұстап, қалай жүрмекпін?! – деп жауап қатады. Шәкіртінің жауабын таңдана әрі сүйсіне тыңдаған ұстазы батасын беріп, риза болыпты. Кейін сол шәкірт Сүлеймен Бақырғани деген ғұламаға айналып, атақты Яссауидың шәкірті ретінде жер жаһанға танылады. Жадымызға өшпестей боп сіңіп қалған осы әңгімені естіген сайын ұстаздықтың қадірін ұғынып, шәкірттіктің қасиетін танығандай боламын. Себебі, алдына келген әр шәкіртінің жүзінен сыр аңдаған ұстаз қашанда қадірлі, қашанда құрметті. Сүлейменнің ғұламалығы оның білімге деген ерекше ықыласынан емес, өмірдің пәлсапасын ерте түйсінгендігінен болған-ау шамасы. Тарих әліпбиін ақтарып қарар болсақ, әлемге аты жайылған Аристотельдің де ұстазы Платон екен. Ал, Платонның өмірлік танымын бекіткен – Сократ! Конфуцийді бүкіл Аспанасты елі ұстаз санағанымен, сол Кун ұстаздың өзі кезінде Лао-цзыдан тәлім алған. Еврейдің Маймониді мен Италияның Монтессориі, үндінің Буддасы мен христиандардың Исасы тағы бар. Жоғарыда айтып өткен әулиелер сұлтаны Яссауидың өзі – Арыстан бабтың шәкірті. Айта берсе, таусылмайтын ұлы тұлғалардың тұлға ретінде қалыптасуында оларға өмірлік бағыт берген, жөн сілтеп, жол көрсеткен ұстаздардың жөні айрықша. Тарихи тұлғалардың өмір дерегін ақыл таразысына салып, ой санамызбен салмақтап көрсек, ұстаз бен шәкірттің арасындағы құрмет пен ілтипат ұстаздың да, шәкірттің де болашағын бағдарлайтын сынақ тәрізді. Олар бір-бірімен текке кездеспейді, кездессе кекке ой бермейді, шетке ысырмайды. Күлтегіннің ақылшысы Тоныкөк қариядан бастап, кешегі Құнанбайдың Абайға берген тәлімі, Ахмет, Әлихандардың өздерінен кейінгі жас буынға деген жауапкершілігі туралы оқығанда «Я, Алла, бізге де ұлағаты бар ұстазға тәлімді шәкірт болу бақытын нәсіп ет» деп дұға қылған едік. Себебі, өзіне ақ жолды нұсқаулық қылып, бағыт-бағдар беретін ұстазды кім іздемейді, кім қаламайды?... Тілеуімізді құдай қабыл еткен болуы керек, көп ұзамай, қарт Семейдің баурайында өскен баланы Астананың дәмі тартып, үш жыл бұрын Алаштың астанасынан қазақтың бас қаласына ат басын бұрдық. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келіп, С.Қасқабасов, Т.Жұртбай бастаған сөз өнерінің ұсталары, өнегелі ұстаздардан тәлім ала отырып, белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы ғылыми жетекшіміз болып тағайындалғанына қуандық. Өзге емес, «Алаш» тақырыбына етене бойлап жүрген, Смағұл Сәдуақасұлының күлін елге әкелген Дихан Қамзабекұлының ғылыми жетекшім болғанына өз басым ризамын. Себебі, Смағұлдай қазақ асылының рухын еліне қайтарған, әркімге бұйыра бермес салиқалы істің салмағын көтерген адамның өзіңе ұстаз болғаны рухтандырып, дем беріп тұратындай. Бұл да Құдайдың ісі! «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген қазақтың баласына бұл бір тылсымның сырындай боп көрінді. «Омбының Алаш дәптері» атты еңбегінде: «Бәрі де – ғылым үшін, бәрі де – ғылымның игілігін көруге мүдделі халық үшін» – деп жазған ұстаздың сөзі бала шәкіртті алғашқы «ұстазтану» жолында біраз ойға қалдырды. Дүниенің бәрі ақшаға сатулы бұл жалғанда руханиятқа адал ақын-жазушыны, ғылымға адал ғалымды көрсек, қуанатын заман. Жастарға сенімсіз қарағанымен, біздің де үлкендерге сын көзімен қарайтындығымыз шындық. Бұл тұрғыда, Дихан Қамзабекұлы өзінің адалдығын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп шықты. Бәзбіреулер «Алаш» деген сөзді айту үшін жан-жағына жалтақтап, қорқаулық танытар заманда «Алаш» атты ғылыми-зерттеу институтын құрып, ел мүддесі үшін қызмет қылып жүрген адам ұстазыңа айналғанда қуанбаған жүрек өлі емей немене? Қазақ үшін қазір алашқа қатысты әр дерек қағбаның қара тасындай қастерлі. Өз тарихымызды танып-білуде шалынып-сүрінетін, сүрініп барып құлайтын, сол құлағаннан опық жейтін тұстармыз жетерлік. Сондықтан, Абайша айтсақ, қазір «ақырын жүріп, анық басатын» кез. Осы тұста алаш идеясын танытуға ерекше еңбек етіп жүрген Дихан Қамзабекұлының атқарып жатқан келелі істері үлгі аларлықтай. Жария қылып айтпасақ та, іштей тілектес болып, қуанып жүреміз. Бір қалыпты, салмақты, біртоға күйінен өзгермейтін ұстаз. Сыр алдырмас сырбаз ұстазымыздың ішінде не бар екен деп кейде аңтарылғанымызбен, С.Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы, Х.Болғанбай, С.Ғылмани сынды тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, мұрасын жинақтап, Алаш арыстарына қатысты мақала, зерттеу еңбектерін оқып отырып, оның ұлтына деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін көрер көзіміз, қырағы ойымыз аңғармай қоя ма?! Аузын ашса «Алаш» деп сөз бастаған ағамыз кешегі Жүсіпбек пен Міржақыптардың заңды жалғасындай. Қазақтың жоғын жоқтап, көненің көзіндей болған асылдарымыздың сөзін мұрағаттан тауып, келер ұрпақққа аманат қылып жеткеріп жатқан ағамыздың еңбегі – шын мәнінде еңбек! Дихан деген сөздің өзі егін егіп, кейін соның жемісін теріп, маңдай терімен еңбек ететін адам дегенді білдіреді! Ендеше, біздің Дихан ағамыз, қазақ руханиятының дәнегін егіп, шәкірттеріне тәлім беріп, жеткізіп, маңдай терімен еңбек етіп жүрген рух диханы. Өзінің «бізге архивтің шаңын жұтып, өткен күннің елесін көзбен көру бақыты бұйырды» дегеніндей, жарты ғасырлық ғұмырында қазақ руханиятына қызмет қылып, біршама істің басын қайырып, өмірде өз орнын тапқан жан. Бұл да құдайдың берген бағы. Кетігін тауып, қаланған кірпіштей болғанға не жетсін! Осы уақытқа дейін Жүсіпбек Аймауытұлының аудармалары туралы диссертация жазамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмейтін еді. Алғаш тақырып бергенінде «Жүсіпбектің аудармалары бар ма еді?» деп, қорғалақтап қалғаным есімде. Қазір ойланып қарасам, назарға алынбаған, алайда әлем әдебиеті классикасының озық үлгілерін қазақ тіліне тәржімалаған Жүсіпбектің және онан да басқа алаш арыстарының аудармаларын жастарға тақырып етіп беруінің өзінде үлкен мән бар екен. Себебі, «Алаш» деген ұғымның астарында қазақ, азаттық деген асыл ұғымдардың жатқандығын бүгін түсінгенімізбен, күні кеше мән бермей, тіпті, ойланбай, айналып өте шығатын едік. Өзгені білмеймін, өзімді ғашық еткен Аймауытұлы аудармалары маған ұстазымның ұсынысымен осылайша нәсіп болды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған Дихан ағамыз академик Серік Қирабаев туралы естелігінде былай деп жазады: «Секең тиісті орындардан қаржы тауып, жастарды Мәскеу, Петербор, Орынбор, Омбы, Ташкент, Қазан, Уфа т.б. қалалардың архивтеріне жіберіп, Шәкәрім, Ахмет, Әлихан, Ғұмар, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Смағұл, Қошке, Жүсіпбек, Міржақып сынды тұлғалардың еңбектерін, оларға қатысты кұжаттарды жинатты. Осындай игі миссия маған да бұйырды, ескі мұраға ықыласымды аударғаны үшін ұстазымызға әрқашан қарыздармыз»... Ұстазына алғысын білдіріп отырған шәкірт ғалымның кішілігіне сүйсініп, адамгершілігіне тәнті боласың. Осынау естеліктерді қарап отырып, мына нәрсеге таң қалдым: Дихан Қамзабекұлы 1983 жылы Алматыға барып, қазақ әдебиетінің небір дүрлері мен ірілерін танып жатқанда, біз бұл дүниеде жоқ екенбіз. Тоқсаныншы жылдары Мәскеудің төріне барып, мұрағаттың ішінде шаң жұтып, арыстарымыздың қолжазбаларын жанталаса теріп, жинақтап, Мағжан мен Міржақыптың жырларын жаттап жатқанда, біз тәй-тәй басқан бала екенбіз. 2002 жылдары «Дарын» жастар сыйлығын алып жатқанда, біз мектеп бітіріп жатқан түлекпіз. Арадағы отыз жыл екі заманның ала жібін, сонымен қатар екі ғасырдың ара жігін көрсетіп тұрғандай. Кеңестік кезеңнің қыспағын көрген ата буын мен тәуелсіздіктің тұңғыш түлектері біздерді жалғастырып тұрған ортадағы алтын көпір Дихан ағаларымыз бастаған аға буын. Екі дәуірдің, екі заманның арасын жалғап тұрған аға буынға түсер күштің салмағы ауыр тәрізді. Қызыл түсті қарғыбау тағып көрмеген тәуелсіздіктің түлектері сәл еркелеу, әрі еркіндеу болғандықтан ба, қатаң тәртіп пен ережеге сүйеніп өмір сүрген ата буынмен көп жағдайда келісе алмай жатады. Сол ортадағы кикілжіңнің бәрін шешіп, жігін жатқызатын аға буын аман болса екен. Жоғарыдағы ұстазымыз бен өз өмірімізді қатар қойғандағы биографиялық параллельге қарап, «білеріміз бір тоғызға» жетер ме екен деп ойланып қалдым. Көпті көргеннің аты «көп көрген» ғой. Ата дәстүрін қадірлей білетін атам қазақ салтымен ұстазымды жарты ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, екі дүниенің бар жақсылығын тілеймін. Өмірін руханиятқа арнаған адамның бұл фәниде арманы жоқ шығар. Бірде жолдасым айтып еді: «Осы сендердің (әдебиетшілердің) жұмыстарың рахат. Кітапты оқып, шайырлардың жырына, уәлилердің сырына масайрап, бір жылап, бір күліп, руханияттың ортасында ақиқатты іздеп, шын асылға малынып отырасыңдар» деген. Шынымен де, біздер, әдебиетшілер, руханият сарбаздары бақытты екенбіз. Ал, ондаған шәкірт тәрбиелеп шығарған ұстаз шын бақытты. Қайырбек Кемеңгерден бастап, Омар Жәлел қостаған шәкірттер легі әзірге бізбен шектелгенімен, сізге, қадірлі ұстаз, Яссауидай ұстаздың даналығын, ал шәкірттеріңізге Сүлейменнің даралығын тілеймін. Сүлеймендей арқасын теріс бермес асық мінез таныта алмасақ та, шәкірттік міндетімізді қалтқысыз орындауға тырысамыз. Сіздің шәкірттеріңізге қызыға қарап, өзіңіз қалыптастырған мектебіңіздің алар асуы, қазақ руханиятына қылар қызметі зор болғай деп тілек білдіремін. Алдына қара салмас жүйріктей болсаңыз да, артыңыздан ерер қара көп болсын! Себебі, ұстаз – шәкіртімен ұстаз, шәкірт – ұстазымен шәкірт.

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы qazaquni.kz