БАҚЫЛАУ БАР ЖЕРДЕ ЖҰМЫС ТА ЖҮРЕДІ

ec2ed100040936e8937197da77cfc410_big Ақтау теңіз портын қатаң сынға алған бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев алдында өзі айтқандай араға бір апта салып Маңғыстауға қайта соқты. Порт жұмысын тағы тексеріп, берген тапсырманың орындалу барысын өз көзімен көрді. Бір апта бұрын шетелдің көлік жүргізушілері алдымнан тағы жыларман күйде шықса, жауапты басшыларды түгелдей қызметінен босатамын деген вице-премьердің қатаң ескертуі ұйқылы-ояу жүретін порт басшыларын сергіткен секілді. Сағынтаев бастап берген «Бір терезе» жүйесі іске асырыла бастапты. Бұған дейін құжаттарды рәсімдеуге жарты күн уақыт кетсе, қазір небәрі 2 сағат жұмсалады. Ал, паромға жүк жарты сағатта тиелуде. – Өткен аптада порттың жұмысы нашар еді. Қазір салыстырсам, жер мен көктей айырмашылық бар. Сіздерді сынға алмасам, қозғалатын түрлеріңіз болмады, – деді атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толған Сағынтаев. Бұл нені көрсетеді? Бізде тапсырма беру бар да, бақылау жоқ. Сондықтан миллиардтаған қаржы бөлінген бағалы деген бағдарламалардың өзі орта жолда тоқтап қалып жатады. Бақылау болмаған соң жергілікті басшылар білгенін істеп, өзінің қалауынша жұмыс істейді. Жұмыс істейді дегеніміз артықтау болар, дәлірек айтсақ, жұмыс істегенсиді. Баяғыда кеңестік кезеңде қарапайым жұмысшыдан бастап, ірі шаруашылықтардың басшысына дейінгі қызметтерді атқарған бір атамыз «Кеңседен шықпайтын басшы – басшы емес, қағаз кемірген хатшы» деп айтушы еді. Қиын-қыстау кездерді басынан өткерген қарияның айтуынша әкім деген таң атқаннан күн батқанға дейін аттан түспеуі керек. Қазір ат мініп жүрген әкім жоқ, бәрінің астында жүйткіген жеңіл көлік, шопыры да бар. Сонда да кеңсесінен аттап шығуы сирек. Демек танауының астында не болып жатқанынан бейхабар. Толып жатқан орынбасарларының есебін күтіп, кеңсесінде езіліп, есінеп отырады. Біздің байқауымызша басшы атаулының өзін іс-қимылына қарай бірнеше топқа бөлуге болатын сияқты. Шартты түрде олар мынандай: 1. Кеңседе отырып алып қағаз жүзіндегі есепті сақадай сай етіп, жоғары жақты жалған ақпаратпен қарық қылатындар. 2. Керек те керексіз жиналысты жиі өткізіп, БАҚ өкілдерін жиып алып өзін жарнамалаушылар. 3. Тек қана лауазым үшін тамыр-таныстықпен келгендер. Олардың қолынан ештеңе келмейді. Жұрттан төбесі бір елі биік тұрса болғаны. Қызметтің өзі ол үшін үлкен мәртебе. 4. Басшылыққа тек қана жеке басының пайдасы үшін келетіндер. Олардың қатарына жемқорлар, парақорлар жатады. 5. Шынай, күні-түні шапқылап жүріп, тынымсыз жұмыс істейтіндер. Өкінішке орай, соңғы топтағылардың саны тым аз. Бердібек Сапарбаев секілді бір орында отырмай, аудан мен ауылдарды аралап, өз көзіне ғана сенетін әкімдер саусақпен санарлық. Негізгі жұмысты жүргізетіндер де осы соңғы топтағылар. Басқасын айтпай-ақ, Бақытжан Сағынтаевтың соңғы сапары осыған нақты дәлел. Қатаң бақылауға алып еді Ақтау портының жұмысы суға түскен кемедей жүзіп жүре берді. Ал, басшы екі сөйлесе, берген уәдесін орындамаса оған ешкім құлақ аспайтын болады. Басшының құрғақ уәдесіне орай жалған ақпарат беріп жарылқайды. «Ит үреді, керуен көшедінің» кері келеді. «Соны қойшы, айтады да қояды» деп қолын бір сілтейді бастығының соңынан. Бүгінгі ауа жайылған жергілікті жердегі басшыларға қатаң бақылау қажет. Өйткені, олардың арасында біз мысалға келтірген алғашқы төрт топтың өкілдері жетерлік. Қатаң сынау мен тапсырманы үйіп-төгіп беру аз, міндетті түрде барып тексеріп нақты нәтиже шығару керек. Сағынтаевтың бұл құнды тәжірибесі барлық жерде қолданылса ісіміз оңға басар ма еді.

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті