Бүгін, яғни 19 ақпан Оспан батыр Сіләмұлының қолға түскен күні
2016 ж. 19 ақпан
7346
1
Оспан батырдың қолды болуы
Оспан батыр Сіләмұлының соңғы өмірі сөз болғанда Баркөл жерінде отырған оның ордасына қытай қызыл армиясының елші жіберуі тілге тиек етіледі.
Шын мәнінде қызылдар мен Оспанның бірігу қаупі Кеңес Одағын қуаттайтын топтар мен бұрынғы «Шығыс Түркістан республикасының» орнын иелеп отырған «үш аймақшылдарды» қатты алаңдатты. Кеңес Одағының жол-жорық көрсетуіне және оның идеясындағы саяси-әскери топтарға өлердей қарсы болған Оспан батырдың қызылдардың сеніміне бөленуі «жалған төңкерісшілдердің» бет-пердесін айпарадай ашып қана қоймай, олардың жау санаған адамын тарих сахнасына қайта көтеріп шығатындай еді. Сыртта АҚШ және Кеңес Одағы өз ұпайларын түгендейтін күштерге қолдау көрсетуге жанталасса, іштегі ымыраға келмес алауыз топтар да бас пайдасын ойлап, бақай қулықпен арпалысқа түсті. Сөйтіп ендігі жерде бағынышты болған Шынжаңдағы жергілікті топтар ішінде қызылдарға кім бұрын жақсы көрініп қалар екен деген қызғаныш пен бақталастық қатарынан өмір сүрген тайталасқан жағдай қалыптасты. Олардың ішінде жақсы көріну ниетіндегі жағатсығандар мен жаулық пиғыл танытып үрке қараушылар да бар еді.
Ерлікпен басталып, өрлікпен жалғасқан ұлт-азаттық қозғалысын «бүлікке» балаған «Үш аймақ» Оспанға бұдан бұрын да шошына қарайтын еді. Бұл туралы «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» («Ұлттар» баспасы, 2000 жыл.) атты кітаптың 340-бетінде: «Оспан, Қалибек, Жаужап (моңғол) бүлігі арт-артынан туылғандықтан, үш аймақтың жағдайы күннен-күнге ушығып, мүшкіл халге кіріптар болды. Ұлттық армия әскери күшінің жеткіліксіздігі тұтас үш аймақ үкіметіне ауыр қатер төндірді», – деп жазады.
1949 жылы 26 тамызда халық азаттық армиясы Ланжуды басып алды.
Қытай төрағасы Мау Зыдуңмен Қытай армиясының бас қолбасшысы Жу Дының орналастыруына сай, Қытай қызыл армиясының 2, 6 корпустары 1-ші әскери полктың қолбасшысы Уаң Жынның қолбасшылығында 1949 жылы қазанның 10 күні Шынжаңды азат етудің жорығын бастады. Шарлаушылар қосынының соғыс автомобиль полкі полковник Ху Жияңның басшылығында 10 қазан күні Жиюшуаннан аттанып, 13 қазан күні Құмылға жетіп, 20 қазан күні сағат 15-те Үрімжі қаласына кірді. Іле-шала Уаңынмау, Голың басшылығындағы 2 корпустың бөлімдері және Лу Юанфа, Жаң Шияню басшылығындағы 6 корпустың бөлімдері Шынжаңның жер-жеріне келіп орналасты.
«Осындай жағдайда Оспанды шалған бір ұшық болды. Шыбарайғыр Қапас батыр өз алдына кетіп бара жатып, Үрімжіден Құмылға кетіп бара жатқан Гоңшандаңның (Қытай компартиясы) бір соғыс генералын атып тастады. Екінші ұшық Оспан Америка консулы Мәккирнанды көпке дейін қашырып жібермей, қолында сақтап отырған болатын» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы, «Сардар» 2008 ж,163-бет).
Ал, жаңағы атылған генерал туралы «Шынжаңда белең берген шынайы істер» (3-том. Үрімжі, 2009ж) атты кітаптың 176 бетінде оның бандыларды жоюға аттанған қызыл 16 девизия командирінің орынбасары Ло Шауиүй екенін айтады.
Шын мәнінде бұл да аса үлкен себеп емес еді. Оспанның да, комунистердің де өз есептері мен ішкі таңдаулары бар болатын.
Зәкішіңдердің Уаң Жын Оспанды Үрімжіге екінші рет шақыртып жатыр деп келіп, «Оспан келсін. Менің күш-қуатымды көрсін. Көп болса жаныңда мың үй бар шығар. Бір үйге бір аэропланнан жіберемін», – деп күш көрсетті деуі отқа май құйғандай болды. «Осы сөзге қарата Оспанның: «Менің ұлттық тәуелсіздік құқығымды танысаң барамын. Егер “Шынжаңның ұлттық тәуелсіздігін танымаймын. Баса билеймін. Жұтамын” десең, келіп жұтып бақ», – деп жауап беруі», («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы, «Сардар» 2008 ж, 163-164 бет.) – жаулықтың ашыққа шығуы еді.
Міне бұл Оспан мен қызылдардың ат кекілін кесіскен алғашқы сәті болды. Ендігі жерде оларды татуластыруға талпынушылардан гөрі ажыратуға, ара жігін ашуға ұмтылғандар көп болды. «Үш аймақшылардың» бар ниеті Оспанның көзін құрту еді.
Қытай комунистері мен «үш аймақшылардың» ішкі ойын жақсы түсініп жеткен Оспан ендігі жерде өзіне жасалған әртүрлі қысым мен қоқан-лоққыға қарсы қайта бас көтеру қамына кірісті. «...Қайтадан бір ұйым құрды. Бүкіл армияның бастығы Оспан, оның орынбасары Жолбарыс болып белгіленді. Екі полктің бастығы ретінде мен (Нұрғожай – Ж.Ш) және Қапас екеуіміз белгілендік. Дәлелхан Жәнімханұлы әскери ат, азық, көлік дайындауға сайланды. Алтынбек, Кәбен, Қатай Баркөл елінің әскери бастықтары болып сайланды» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы «Сардар» 2008 ж, 165-бет.) Міне бұл Оспанның қызылдарға қаратқан текетіресінің басталуы еді.
Осыдан кейінгі жерде Оспан ауылы шегіне соғыс жасап, Гансуге қарай бет алды.
Бір қызығы оларды қызылдардан көрі «Шарқи» аталған «үш аймақшылардың» өкшелей қууы көбірек болған көрінеді. Бұл жайында Нұрғожай батыр аталған еңбегінің 165-166 беттерінде бірінші рет: «Біз Сарқамыста отырғанбыз. Үш аймақ атын жамылып, орыс армиясы келіп басты. Олармен аяусыз соғысып, көп адамын қырып тастадық. Қалған әскерлері жеңіліп, Нориға шегініп кетті» десе, енді бірде «Оспан, Жәнімхандар Тақырбастау, Сарбастауға барып орналасты. Бір жұмадан кейін орыстардың жалған Шарқи Түркістан атындағы әскерлері келіп басты», – дегенді айтады. Демек Оспандардың әлі де болса қызылдармен тіл біріктіруінің мүмкіндігінен алаңдаған Кеңес Одағы өз армиясын кіргізіп, «үш аймақшылармен» сәйкесе отырып, қызылдардан бұрын қармануды ойлаған сияқты. Тіпті ол көмекті «үш аймақшылардың» әдейі сұрап алуы да немесе қызылдырдың түртіп салып, білсе де білмеске салып тасада тұруы да әбден мүмкін еді.
Осылайша онсыз да өрісі отқа оранған Оспанның жаулары көбейді. Үш аймақшылардың арадағы қақтығысты қасақана үрлеуімен, оны өзімізге қарсы оқ атты деп толық сенген қытай қызылы өкшелей қуып, құртуға бел байлады. Ло Юанфа атты қытай генералдың «Құйыршықтарды өкшелей қуып жою» атты мақаласында бұл жай туралы былайша баяндалады: «Шынжаң әскери бөлімі бұйрық бойынша бүлікті тыныштандыратын болды. Бұған Уаң Жын жолдас өзі бас қолбасшы болды да, ал мен Солтүстік Шынжаңда құйыршықтарды жою алғы шебінің қолбасшысы болдым. Мен 6-корпустың әскери бөлімдері мен ұлттық армияның 40 полкінің танк полкінің тығыз сәйкесуінде, шығыс және батыс екі беталыстан шабуылдап, қаныпезер құйыршықтарды құрту бұйрығын түсірдім» («Шынжаңда белең берген шынайы істер» 3-том. Үрімжі, 2009ж.174-бет).
Ал Нұрғожай батыр Көксерке, Сарбұлақта отырғанда үш мың танкті армия келіп басқанын айтады.
Қызылдармен болған бір реткі соғыста Жәнімхан қажы қолға түседі. Қалған ел Гансуға қарай шегіне соғыс жасап, Қанамбар тауының күнгейіндегі Мақай деген жерге дейін барады.
Оспанның Шынжаңнан шығып, Гансу өлкесінің Мақай деген жеріне барған кезі оның алдағы күндегі өлім мен өмірді, бас июмен күресті таңдайтын шешуші кезеңі болды.
Тәңірдің орналастыруындай оған «шетелге кету жөнінде» ақыл айтқан көрнекті тұлғалар аз болған жоқ. Дәлелхан Жәнімханұлы Мақайда Оспан батырға амандасып, бірге кетуді ұсынады. Оспан батыр: «Күш-қуат қалмады. Аз күн болса да, демалайық. Жанәбіл батырдың 30-дай адамы, ішінде өзі де бар, жортуылға кетті. Соларды тосып алсақ, жақсы болар ма екен? Олардың ішінде Сұлтаншәріптің азаматтары да бар. Халықтың оларды тастап кеткісі келмейді», – деп ермей қалып қояды. (Жаналтай Д. «Қилы заман, қиын күндер». Алматы, 2000, 99-бет). Қалибек Хакімде ұлы Хасанды 1950 жылы қазан айында қолына бір хат, қасына бірнеше жігіт беріп, Қанамбал тауының етегінде Мақай деген жерде отырған Оспан батырға жіберіп, шетелге көшіп кету жөніндегі ұсынысын жеткізеді. Бірақ Оспан батыр Қалибектің ұсынысын қабылдамай, оған бір хат береді. Әрі «түсімде ақ боз ат мініп, бір жасыл төбеге шығып жүр екенмін», – деп әлі де болса жауларымен соғысу ойының барын, жеңіске жету жолындағы үміт-сенімінде білдіреді. (Хасан Оралтай. «Елім-айлап өткен өмір». Алматы. 2005ж)
Нұрғожай батыр да кетерінде Оспанға барып: «Енді тұрудың қажеті жоқ. Кетелік. Жау басатын болса, жауды жарып шыға алмайсың. Бізге баруың үшін алдыңда кесіп өтетін үш өткел бар: Мақай өткелі, Тәжінор өткелі, Қажыра өткелі. Осының бәрінің сыртында бір тауды қарауылға алып отырмыз, – дейді. «Он неше күннен кейін көшеміз», – деп Оспан қалып қояды» («Азаттықтың өшпес рухы» Алматы, «Сардар» 2008 ж, 170-бет)
Бүгіндері көзі тірі, әйгілі Зуқа батырдың кенже ұлы Сауат қажы да осы жолдардың авторына берген сұхбатында бұл әңгімелерді растап, Солтаншәріптің де сондай бір ұсыныс жасағанын, Оспанның қосылмағанын тілге тиек етеді. Сөйтіп дәл осы арада шетке кететіндер Гас, Темірлік өңірінде отырған елді бетке алып, Тәйжінұр тарапқа, Оспандар Алтайға беталуды мақсат етіп Хайзыға қарай көшеді. Хайзыдан ары Құмыл, Баркөл, Бәйтік, Қаптық арқылы Алтайдың ұлы тауларының кең қойнауына ілініп кетіп, күресті жалғастыруды армандайды. Мүмкін болса коммунизимге жау болып отырған АҚШ, Жапония, Германия елдерінен көмек алсам дегенді де ойлайды.
Бұл Оспанның ешқандай әрі-сәрі болмастан, өз тағдырының шешімін шығарып, соңғы байламға келген кезі еді.
Оспанның өз адамдарын бағындырған сыңаймен қызылдардың ішіне кіргізіп, аңыс аңдағаны сияқты, қызылдар да өзіне сатылған қазақ жансыздары арқылы Оспанның қыбыр-жыбырын аңдып отырды. Олар ендігі жерде Оспанның мүлде бағынбайтынына толық көз жеткізді. Екеуінің арасының алыстап, жаулыққа өткеніне «үш аймақшылдардың да» қыбы қанып, қылышын сілтеуден тайынбады.
Тәйжінұрдағы Солтаншәріп ауылынан көп адам Гансудың Дұңхуаң қаласына келіп, көшуге керекті азық-түлік алып қайтпақшы болғанда, қызылдар оларды тарпа бас салады. Аттарын тартып алып өздерін қамап тастайды. Олардың ішінен жол сырына қанық, жүріс-тұрысқа ебдейлі үш жігітті таңдап алып, Оспан ауылынан тың тыңдап қайтуға жібереді. Әрі олардың жол бастауымен 1951 жылы 19 ақпанның таң қараңғысында Хайзыдағы Оспан ауылын тұтқиыл басып қалады.
Оспанды ұстауға ерекше еңбек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспанды ұстау» атты мақаласында былай дейді: «1951 жылы 19 ақпан күні таң сәріде атты әскерлер бригадасы Оспанның 30 неше киіз үйіне 3 бағыттан тұтқиылдан шабуыл жасады. Шырт ұйқыда жатқан 100 ден аса бандыны тұтқынға алды. Оспанның орынбасар қолбасшысы, атақтайтын батыры Жанарқанды (Жәнәбіл болса керек-Ж.Ш) тұра қашқанда, қуа атысып, оққа ұшырды. Штаб бастығы Қапасты жаралы күйде қолға түсірді. Банды атаманы Оспан ақ боз атына мініп, бандылардан бірнешеуін ертіп, қашып кетті. Ол кезде атты әскер бригадасының 3 взводында мәдениет мұғалімі едім. Атқа мықты болғандықтан, Оспанды қуғандардың қатарында мен де алда келе жаттым. Алдымда қашып бара жатқан Оспанды анықтап көрген тұста жігерленіп, қайратыма мініп дәлдеп ата бердім. Бандылардың бірнешеуі аттан домалап түсті. Ал, Оспан шауып бара жатып, артына қарап оқ жаудырумен болды. Жиырма жастағы тепсе-темір үзетін шағым еді. Құйыршықтардың біздің жауынгер серіктерімізді, бұқараны қырғанын ойлағанымда тұла бойымды шексіз ыза кек кернеп, бандыны қуып жетіп, халықтың кегін қайтаруға бекіндім. Атымды тебіне қамшылап ұштырттым. Оспан бандының артына атқан оғынан етпеттеп, аттың жалын құшақтай шауып жалтардым. Атым Оспанның ақбоз атына жанасалай жақындағанда атымнан Оспанға қарай ұмтыла секіріп, құшақтай бас салып, Оспанды аттан жерге құлаттым. Жерге түскен соң, арпақ-құрпақ алысып сілкілестік. Оспан менен бойшаңдығына, денелігіне сүйеніп, мылтығының найзасымен басымды қасқалай жарды. Жараның жаныма батқанына қарамай, мен де бар пәрменіммен жұдырықтап, тепкілей бердім. Кенет Оспан жанындағы кездігін суырып алып, мені оқты көзімен атып, жарып жібермек болып, тұра ұмтылды. Дәл осы кезде біздің бригаданың аспазы Лю Хуалин шауып жетіп, жалма-жан мылтығының дүмімен Оспанды басқа періп кетті. Қылмысы басынан асқан құйыршық атаманы пышағы қолынан ұшып, есеңгіреп ұзыннан түсті. Барлығымыз жабылып байлап алдық». («Шынжаңда белең берген шынайы істер», 3-том. Үрімжі, 2009 ж, 190-бет)
Бір қызығы күллі қытай тарихындағы мейлі һұн, мейлі түркіге қатысты соғыстың бәрінде қытайлар жеңіске жеткен болып көрінеді. Немесе өздерінің осал тұстары мен жеңілісі туралы жұмған аузын ашпайды. Оспан әңгімесінде де солай. Десе де, көлеңке жақты көсіле сөйлеп отырып, өз мінін айтып қалушылар да көп болады.
Оспан төңкерісінде әкесімен тізе қоса шайқасқан батыр ұлдары – Шердиман, Ниғыметолла және Нәби еді. Шердиман 1970 жылы Құлжада түрмеге қамалып, ұрып-соғумен, аштан өлді. Ниғыметолла 1972 жылы науқастан қайтыс болды. Нәби талай тарғалаң тарихты кешіп, 2000 жылы өзінің туған ауылында, Өр Алтайдың Көктоғайында құдай ажалынан көз жұмды. Сол Нәби өзінің кейінге қалдырып кеткен естеліктерінде әкесінің қолды болуын былайша әңгімелейді: «1951 жылдың басында Мақай деген жерде отырған Оспан батыр ауылы қайта кері көшіп, Алтайға бет алады. Оған себеп – батыр Гималай асып шетке кетуді құптамайды. Көшуге Кеңес бергендерге айтқан жауабы артымда қалған елім бар, жан сауғалап жалғыз кетпеймін деп қайта кері көшіп, Қанамбал тауының бөктеріндегі Хайыз деген көл жағасына келіп түседі. Әрі осы жерге қыстап шықпақ болады.
1951 жылы ақпанның 19 күні таң енді ағарып атып келе жатқанда, жау келіп басып, айғай-шу, азан-қазан болды да кетті. Қытай әскерлерінің айғайының арасынан ұққаным, «Усыман, Усыман!» деген бірнеше ауыз сөз болды.
Әкемнің ақ ордасы мен менің шатырым іргелес болатын. Жүгіріп сыртқа шығып, бірден әкемнің үйінің белдеуіне қарадым. Күндіз-түні белдеуде қаңтарулы тұратын ақбоз ат жоқ. Иә сәт, кетіп қалған екен деп түйдім іштей. Үйдің алдында су ағар жырашық бар болатын, домалап сол жырашыққа түсіп бас көтерместен бүкшеңдеп құлдап жүгірдім. Алла сәтін салғанда алдан екі ағам – Шердиман мен Ниғыметолланы кезіктіріп, үшеуіміз табыстық. Олар менен бірден әкемнің жағдайын сұрады, мен «сыртқа шыққанда белдеуде ат жоқ, құтылған болар», – деген жорамал айттым. Олар «ұзап кетпей тұрып нақты көз жеткізіп алайық», – деді. Алайда, ол кезде Қытай әскерлері ауылды түгелдей қоршап алған болатын. Ағаларым маған «біз амалын тауып қойды ауылға қарай беттетейік, сен қой ішімен еңбектеп, тіл алып қайт», – деген соң, сол айламен қайта ауылға кіріп әкемнің кетіп қалғанын біліп шықтым. Сосын ағаларым: «таң ағармай тұрып, тау жаққа жетіп, бой тасалайық, қоршау бұзғандардың бәрі сол жаққа бет алған болар, аман болсақ табысып ақыл қосармыз», – деді. Су ағарды құлдай сәл жүгіріп, енді алаңқыға шыққанымыз сол еді, арттан бізді байқап, қуған шеріктердің дауысы естіліп, аспанға оқ атты.
Ағам Шердиман: «Сәл қашып барып бір-бірімізге арқа беріп тұра қалайық, олар бізді тірі қолға түсірмек, сол үшін көздеп оқ атпайды. Келіп айнала қоршайды, сол кезде үшеуіміз бірге айналдыра шайқайық, жалғыз амал сол!», – деді. Расында олар келіп басымыздан асыра оқ атып шыр көбелек айналып қоршап, былдырлап айғайлап жатыр. Шердиманның дауысы шыға үшеуіміз қатар шайқап едік, 10 ат ойнап шыға келді. Аттан үшеуіміз үшеуін мініп, қалғанын айдап, өлген шеріктердің қару-жарағын алып, тез бой тасалап үлгердік.
Ал, әкем жау келіп басқанда қоршауды бұзып шығып кетеді. Алайда, «Оспан қашса, ақбоз атпен қашады, сол ақ атының артынан қалмай, қуалау керек», – деген қатаң тапсырма алған шеріктердің тобы ау дегенде-ақ атпен қоршауды бұзып шыққан батырдың соңынан өкшелей қуады. Оспан батыр қаша соғысып, Хайзы көліне келіп түседі. Ат тағасы тозғандықтан, көл ортасына барғанда шатқалақтап барып, жығылып тұрмай қалады. Қытай әскерлері жақындай береді. Мойынындағы ағылшын автомотын алып, бір айналдырып шайқаған соң, автомот қақалып оқ шығармай қалады. Жан құралының оғы таусылады. Осы сәтте қаптаған сарала шеріктер келіп басады. Батыр қонышындағы қанжарды суырып, бірқаншасын сұлатады. Алайда, шиебөріше қаптаған қалың шерік қойсын ба? Осылай батырды қапыда қолға түсіреді.
Сосын күн шыға батырды түйенің үстіне матап байлап, қол-аяғын кісендеп, ауыл жанынан алып өтеді. Оны көрген қызы Пәнсия дауыс салып, түйе үстінде байлаулы отырған әкесінің аяғын құшып жылайды. Сол сәтте Ошың (Оспан) өзінің батыр қызына ақырып: «Өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе! Мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады. Алла бұйырды, мені байлап алды. Мен өкінбеймін, қайт кейін!», – деп паң күйінде аяқ-қолы кісендеулі түйе үстінде қайқайып кете барады».
Осылайша қолға түскен нар тұлға, жылап-шулаған ауыл адамдарына қарап: «Көз жастарыңды көл қылғанша, естеріңді жинап, ертеңдеріңді ойлаңдар!», – деп қатал әмір етеді. Хайзыдан Дұңхуаңға, одан Үрімжіге жөнелтіледі.
Шын мәнінде осының бәрі Оспанның өз таңдауы болатын. Оспан өзінің қолды болатынын, тіпті алдында ажал ғана тұрғанын сезді. Сонда да тіс-тырнағынан хал кеткенше ең ақырына дейін күресіп, өлмес рухымен шаһиттікті таңдады. Ел мен жерге арналған ақ жүрегінің әмірін адалдықпен атқарып, ер түрік оғланына тән ақырғы парызын бас имеген тік қалпында орындады.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
жазушы
qazaquni.kz