Нобель сыйлығына ұсынылған ақтөбелік ғалымның ашқан жаңалықтары қолдауға зәру

 КолдайтынҚазір күллі әлем жаңа ғылыми-техникалық революция алдында тұрғаны мәлім. Сонымен қатар жер бетіндегі адамзат баласының бүгінгі күнгідей өмір сүре берсе, 15 жылдай ғана уақыты қалғаны көзі қарақты қарапайым адамға мағұлым болып болды. Өткен жылы Қытайдың екі қаласында ауаның құрамы бұзылып, оттегі жетіспегені жайлы ақпарат басқаны былай қойғанда, біздің қазақ баспасөздерінің бетінде де жария көрді. Экологиялық апаттың жақындауына байланысты адамзат баласы көмірсутектің қалдығын ауаға таратпау үшін оны бірте-бірте қолданыстан шығарып тастауға мәжбүр. Бүгінгі күні өркениетті елдердің барлығы осының қамында. Соның ең үлкен бір шарасы, қазіргі мұнай өнімімен жұмыс істейтін іштен жану двигательдерін электр двигателдерімен алмастыру болып тұр. Бүгінгі таңда электр энергиясының 90%-ы электр генераторларынан алынады да, бұның 60%-ы двигательдерге жұмсалады. 2010 жылғы дерек бойынша электр двигательдерді экспортқа шығаруда алғашқы 10 ел мынадай: Қытай — 7 млрд доллар, жылдық өсімі 13%; Германия — 6 млрд доллар, жылдық өсімі 9 %; Жапония — 3 млрд доллар, АҚШ — 3 млрд доллар, Мексика — 2 млрд доллар, Франция — 2 млрд доллар, Италия — 2 млрд доллар, Чехия — 1 млрд доллар, Швейцария — 1 млрд доллар, Тайланд — 1 млрд доллар. Алайда, бүгінгі электр двигательдерінің пайдалы әсер коэфициенті (ПӘК) төмен. Еуропалық Одақ ЕС 60034-30 стандартына орай 1 қаңтар 2017 жылға дейін электр двигательдердің орташа ПӘК-ін 86%- ға жеткізуді талап етіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат, қазіргі ұшатын аппараттардағы, автокөліктердегі іштен жану двигательдерін электр двигателімен алмастыру. Сөйтіп, ауа тазалығын сақтау. Мәселен, Германия 2020 жылы 1 миллион электромобиль жасап шығармақ. Оның санын 2030 жылға шейін 6 миллионға жеткізбек. Еуропадағы басқа елдер де осы тарапта еңбек етуде. Ал Қытай 2020 жылы электромобильдердің санын 5 миллионға жеткізбек еді, былтырғы қатерден соң мұны екі есе арттырудың жолын қарастыруда. Бұлай істемеске амалдары да жоқ, себебі «Қашқанменен қоя ма Қодар ағаңның» кері келіп тұр. Қытайға төнген қауіп іргедегі бізге де жақын екенін оқырманымыз ұғып отырса керек. Дүниежүзілік осы мәселені шешуге Қазақстанның алдыңғы қатарлы ғалымдары да талап қылуда. Мәселен, Алматыда тұратын біздің жерлесіміз, профессор Алдан Сапарғалиев ұсынып отырған двигательдердің орташа ПӘК-і 94%. Электр энергиясын 2 есенің үстінде үнемдейді. Бұл — жаңа қондырғыны жаппай пайдаланған кезде миллиардтаған ақша үнемделеді деген сөз. Мұның үстіне оның двигательдері түрлеріне байланысты 2-ден 4 есеге дейін жеңіл болмақ. Қолында Халықаралық және Американың патенттері бар. Қытай мен Жапондыкі тағы тұр. Барлық детальдары есептелген, математикалық моделі жасалынған. А.Сапарғалиев — электроника саласының маманы. 01.04.04 – физикалық электроника, оның ішінде кванттық электроника мамандығы бойынша 1989 жылы Харьков қаласында докторлық диссертация қорғаған. «Зарядталған бөлшектердің тұрақты электромагниттер өрісіндегі кеңістік және уақыт бойынша фокустелуінің жалпы теориясы» деп аталатын диссертациялық жұмысының нәтижелерін жоғары бағалап, ғалымды Американың Космосты зерттеу орталығы (НАСА) 22 жылдан кейін Нобель сыйлығынан үміткерлердің қатарына ұсынды. Сондықтан өз саласының нағыз маманының бұл жаңалығына күмән келтірудің реті жоқ деп есептейміз. Адамзат бүгінгі күні электромобильдер мен ұшу аппараттарында жаңа тұрпаттағы электр двигательдерін сынақтан өткізуде. Бортында екі адамы бар бірінші коммерциялық электрлік самолет «Е-Ғаn» ауада бір сағат қана ұшып жүре алған. Ал тегіс жолда электрлік автомобиль аккумуляторларын зарядтамастан 400 шақырымға дейін бара алған. Алайда, оның негізгі жүгі аккумуляторлар болған. Осыған қарағанда қазақ ғалымының электр қуатын 2 еседен астам үнемдейтін, әлденеше есе жеңіл двигателінің қаншалықты пайдалы екені мектеп оқушысына да түсінікті. Әуе қатынасы қызметі соңғы жылдарда еселеп өсуде. Мәселен, ұшақтардың 2014 жылдан 2017 жылға дейінгі өсімі 35% болатындығы есептеліп шығарылған. Шағын авиацияның — ұшатын аппараттардың қарыштап өсуі де байқалып отыр. Ұшатын аппараттарда А.Сапарғалиев ұсынып отырған электрлік двигательді пайдаланған жағдайда энергия 2-ден 5 есеге шейін үнемделеді. Өнертапқыштың екінші бір халықаралық патентке ие болған жаңалығы —«Аналитикалық электрондық система» саласында. Масс-спектрометрия және спектрометрия негізіндегі бұл қондырғы арқылы жеке адамдардың, сондай-ақ қоғамның, қоршаған ортаның, тағамдардың (ЕSРСМ) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Биология мен медицинада аса биік деңгейдегі диагностикалық зерттеулер жүргізуге, технологиялық процестерді басқару және бақылауды бірнеше есе жетілдіруге болады. Электронды көлеңкелі микроскоп арқылы тірі клетканы зерттеуге мүмкіндік туады. Әлемдегі ең жетілген масс-анализаторлардың (АҚШ-тың Lесо компаниясы шығарған) айыруы (разрешение) 50 000-нан артпайды. Органикалық заттарға анализ жасау үшін бұл көрсеткіш 100 000-нан кем болмауы керек. Ғалым ұсынып отырған құралдың айыруы (разрешение) 200 000-нан артық, оның үстіне көлемі шағын. Осы жаңалық негізінде жасалған көлеңкелі микроскоптың айыруы қазіргі әлемдегі ең тәуір микроскоп деп есептелетін ТЕАМ 0,5-тен 100 есе артық болғандықтан, тірі клеткаларды еркін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдай қазіргі медицина мен биология саласындағы аса ауқымды жаңалықтарға жол ашады. Түсініктірек болу үшін және бір мысал, жаңа сыпаттағы масс-анализатормен хром рудасынан хромның 95%-ын айырып алуға болады. Алтын, мыс, т. б. түсті металдар үшін де осылай. Қарабайыр түрде түсіндірсек, біздің Хромтауда тау-тау болып үйіліп жатқан руда қалдығынан тағы да алдында өндірілгендей мыңдаған тонна хром аласыз. Жер шарында аналитикалық электрондық қондырғылардың сатылуы 2010 жылғы ақпар бойынша жылына 40 млрд доллар құрайды. Ғалымның есептеуі бойынша, өзі жетілдірген электрондық аналитикалық қондырғыны сериялы түрде жасап сатудың өзінен-ақ 2-3 жылда 1 млрд долларға шейін табыс табуға болады. Қарапайым оқырманның: «Е, әуелі приборын сол ғалымның өзі жасасын, пайдасын көрсетсін, сонда оны кім сатып алмайды» деуі әбден мүмкін, алайда мәселе осы «жасауға» тіреліп тұр. Алматыдағы Ядролық физика институтының «Масс-спектрометрия» лабораториясының прибор жасаушы мамандары оған кемі бір миллион доллар керек деп отыр. Қатардағы ғалым Сапарғалиевтың қалтасы мұны көтермейді. Оның үстіне жасы келген ғалымның ақша іздеп сабылуға соншалық көп уақыты да жоқ, себебі бұл ашқаны ештеңе емес, арғы жағында мұның «көкесіндей» жаңалықтардың шеті қылтиып тұрған көрінеді. Алла ғұмыр берсе, оларды әрі кеткенде он жылда бітіріп қаларына бек сенімді. Шынтуайтына келгенде, бір миллион анау айтқандай онша көп ақша емес сияқты, неге десеңіз Ақтөбенің бір татарының алдыңғы жылы әйдік үйін бір миллионға сатқанын көзіміз көріп еді… Облыстық газеттің жариялағанына сенсек, бірдеңе миллионды шеттен келген доп ойнаушылар да алыпты… Ғалым қазір 72 жаста…. Оны кейбір шетелдің алаяқтары айналдыруда… Өз еншімізге тиесілі нәрсенің өзгеге ауып кетуі бізде ауық-ауық болып тұратын жағдай екені бұл күнде көпке мәлім. Біздіңше, алдын алған дұрыс.

Жұбаназар АСАНОВ, филология ғылымдарының докторы,

Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы