Ата-ана мұғалімнен миллион теңге талап етіп отыр

Ақтөбеде 35-ші мектеп оқушысының ата-анасы ұлына екі қойған мұғалімнің үстінен шағым түсірді. Арызданушы моральдық нұқсан үшін өтемақы талап етіп отыр деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Рика-ТВ" сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбеде ұлына екі қойған мұғалімнен ата-анасы миллион теңге өтемақы талап етті

Оқушы алгебра пәнінің мұғалімімен жанжалдасып қалған. Оның анасының сөзіне сенсек, олар мектеп әкімшілігіне шағым түсіргеннен кейін мұғалім балаға өштігіп, себепсіз екі қойған.

"Үй тапсырмасын жасаған жоқсың деп сылтауратқан мұғалім "енді анаң директорға тағы шағымданып жүрмесін" деп өзге оқушылар алдында ұлымды кемсітті", - дейді ашулы ана.

Мұғалімнің бұл сөздерінен кейін 7 сынып оқушысы күйзеліске түскен, музыкалық мектептегі көрсеткіштері төмендеген.

Мұны байқаған әйел ұлының зардап шеккенін айтып, прокуратура мен білім беру бөліміне шағым түсірген. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, оқушы мұғалімнің оған қысым көрсеткенін "диктофонға" жазып алып, тыңдаттырған.

Содан кейін де анасы мұғалімнің ұлына қысым көрсетіп жүргенін анықтаған. Сабақтардың бірінде тақтада есеп шығара алмай қиналып тұрған балаға оқытушы "енді диктофонға жазудың қандай екенін біліп жүретін боласың" деп сынға алған.

Қарашадан желтоқсан айына дейін оқушы мектепке барудан бас тартып, жаңа оқытушы келгенде жағдай өзгеріп сала берген.

Анасының айтуынша, алгебраға сүйіспеншілігі қайта оралған ұлы музыкадан да көтеріле бастаған.

Енді ұлдың анасы бұрынғы оқтыушысының жазалануын талап етіп, моральдық нұқсан үшін миллион теңге өтемақы сұрап отыр.

Дереккөз: Nur.kz